Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ешкім қаңғыбас болып тумайды

0 194

Әлемде қанша жан болса, соншама бір-біріне ұқсамайтын қилы тағдырлар бар. Бірінің пешенесіне бай болу, бақытты болу жазылса, енді бірі барды қанағат тұтып, жоққа налуды білмейді. Арамызда тағдырына өкпелі жандар да жоқ емес. Олардың бірі барынан айырылып көше кезіп кетсе, екіншілері тағдыр тауқыметін көтере алмай, мәселенің шешімін бөтелкенің түбінен іздейді. Жасыратыны жоқ, үйсіз-күйсіз баз кешіп, қоқыстан тамақ алып жеп, қайыр сұрап, құлап жатқан жандарды көргенде, мұрнымызды шүйiре қарап, жанынан тезiрек өтiп кетуге асығамыз. Алайда олардың осындай күйге түсуіне не себеп болғанын ойлана бермейміз. Біз қаңғыбас деп жүрген жандарға қамқорлық көрсететін мекеменің барын білесіз бе?

Арайлым ШАБДЕНОВА

Күн райы суысымен, өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығының жұмысы күшейеді. Өйткені мұнда суық күндері панасыз қалған азаматтардың саны артады. 1999 жылы ашылған мекеме биыл 20 жылдығын атап өтпек. Иә, екі ондықты артқа тастаған мекеме талай тағдырға араша түскені анық. Мекемеде белгілі тұрағы жоқ азаматтар үшін барлық жағдай жасалған. Бір сөзбен айтқанда, көйлектері көк, қарындары тоқ. Не ішемін, не жеймін, қайда қонамын деп уайымдамайды.
– Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық 1999 жылы 29 желтоқсанда құрылды. Жасыратыны жоқ, алғашқы жылдары мекемеде талаптың барлығы орындалды деп айту қиын. Техникалық, базалық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі, жұмыстың жүйелі болмауы – барлығы уақыт өте келе бір арнаға түсті. Мекеме қызметінің негізгі мақсаты – тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз ету, тұрақты емдеуді қажет етпейтін азаматтарға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмек көрсету. Жалпы мекемеде 60 қызметкер жұмыс жасайды. Орталық 120 адамға арналған. Біз облыс бойынша жұмыс жасағандықтан, бұл орын кейде тіпті жетпей жатады. Қыстың көзі қырауда бізге келіп түсетіндер саны күрт өседі. Дегенмен біздер тағдыр тәлкегіне түскен азаматтарға көмек қолын созуға қашанда дайынбыз, – дейді орталық басшысы Гауһар Сейітқазиева.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші, мұнда талап күшті. Ең алдымен мұнда келген азамат рентген кабинетінен өтеді. Өкпесі таза болған жағдайда ғана ішке кіруге рұқсат алады. Мекемеде әр күнге арналған ас мәзірі 1 апта бұрын бекітіліп, мұндағы азаматтарға 3 мезгіл ыстық тамақ беріледі. Одан бөлек, жаңа киімдер мен жуынуға арналған құрал-жабдықтар, аптасына 2 рет монша қарастырылған. Мұнда келушілердің басым бөлігі – ішімдікке салынғандар. Сондықтан сыртқа шығып келген адам ішімдік ішіп, тәртіпті 3 рет бұзса, орталықтан шығарылады. Орталықта жазасын өтеп келген азаматтар да бар. Олардың басым көпшілігінен ағайын-туғандары бас тартқан, барар жері, басар тауы қалмаған азаматтар. Мекемеге арнайы мамандардан бөлек, пробация қызметкерлері мен №15 учаскенің инспекторлары күнделікті бақылау жасап тұрады. Одан бөлек, заңгерлер мен психолог, социолог мамандар, дәрігерлер кестеге сай азаматтарға көмек көрсетеді. Мұнда түнгі 23-00-ден кейін барлығы ұйқыға кетеді. Егер мекеменің талаптары мен тәртібіне бағынбайтын жандар болса, олар орталықтан шығарылады. Қазақстан бойынша үздіктердің көшін бастап тұрған мекемеде тазалық, тәртіп – бірінші орында. Ағымдағы жылдың 8 айында орталыққа жүгінген белгілі тұрағы жоқ азаматтар саны 169 адамды құраған. Орталық қабылданған адамдарды төсек орнымен, жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қажеттілігіне қарай тиісті орындарға сұрау хат жолдап, жоғалған құжаттарын қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Ал жұмысқа жарамды болған жағдайда уақытша қоғамдық жұмыстарға немесе тұрақты жұмыс орнына орналастыру да орталықта қарастырылған. Денсаулық жағдайына байланысты ауруханаларға жатқызып, тиісінше әртүрлі топтағы мүгедектік топ тағайындалуға да ықпал жасалады. Орталықта «Мобильді әлеуметтік патруль» қызметі тәуліктің күндізгі уақытында жұмыс атқарады. Бұл қызмет түрі арнайы рейд жүргізіп, қала көшелерінде күнкөріске мұқтаж қаңғыбастық күй кешкен азаматтарға барынша әлеуметтік көмек көрсетумен айналысады. Сонымен қатар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, тұрғындардан келіп түскен қоңырауларға жауап береді. Байланыс телефоны – 51-05-45.
Мемлекет қамқорлығындағы қызмет алушылардың қоғамда өмір сүру дағдыларын нығайту мақсатында айына 1 рет шіркеулер мен мешіттердің қызметкерлерімен әңгіме жүргізіліп, уағыздар да айтылады екен. Сондай-ақ тәрбиелік мәні бар әртүрлі тақырыптарда мерекелік концерттер мен түрлі бағдарламалар ұйымдастырылады. Сонымен қатар аптасына 1 рет би кеші мен 2 рет салауатты өмір салтын насихаттайтын көркем фильмдер көрсету орталықта жүйелі қолға алынған. Орталыққа келушілердің саны қараша түсіп, қыс қытымыр мінез танытқанда көбейеді екен. Мекеменің атауы қалалық болғанымен, облыстағы жалғыз орталық. Бұл дегеніміз облысымыздың түкпір-түкпірінде үй-күйсіз, қаңғып жүрген азаматтардың барлығы орталыққа келеді. Күйсізге пана болған мекеменің қызметкерлері әрбір жанға қолынан келген көмектерін аямайды. Олар мұндағыларға қол ұшын беру үлкен азаматтық парыз деп біледі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.