Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есепті кезеңде ескеретін мәселе көп

0 204

«Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының XXXI есеп беру-сайлау конференциясында 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстар сараланып, бас партияның алдағы міндеттері де айқындалды.

Сәндібек ПІРЕНОВ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Жиынға партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов, қала әкімі Ержан Жылқыбаев және делегаттар қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша делегаттардың қолдауымен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының төрағасы болып Ержан Жылқыбаев сайланды.

– Құрметті конференция делегаттары, біріншіден, сенім білдіріп, дауыс бергендеріңізге рақмет. Партия саяси науқан кезінде сайлауалды бағдарлама дайындап, соған сәйкес бес жылдық жұмыс жоспарын да түзіп қойған. Соның орындалуына депутаттар мен партия мүшелері барынша күш салуы қажет. Алдағы уақытта партия тарапынан да тың жобаларды қолға аламыз, – деді Ержан Жұматұлы.

«Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Уалихан Байдуанов партияның 2019-2020 жылдары атқарған жұмысын баяндады.

– Биыл «Nur Otan» партиясының құрылғанына 22 жыл толды. Осы уақыт аралығында партияның қалалық филиалы игі істердің басында тұрып, көптеген іс-шаралардың, жобалардың жүзеге асуына өз үлесін қосты. Соның ішінде «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Жастар – Отанға!», «Құтты мекен» сияқты аса маңызды жобаларға атсалысқанын атап өтсек болады. Бүгінде 44 бастауыш партия ұйымында 10 965 партия мүшесі бар. Есепті кезеңде партияның қалалық филиалының кезектен тыс 5 конференциясы, 12 Саяси кеңес Бюросы мен 5 Саяси кеңес отырысы өтті. Қалалық филиалдағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне былтыр 2013 өтініш түсіп, оның 1248-і, яғни 62 пайызы оң шешімін тапқан. Ал қалған 38 пайызы бойынша заң аясында түсінік берілген. Қабылдауға қайырылғандардың 68 пайызын көпбалалы және жалғызбасты аналар құрады. Қала тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмысын жақсартуға бағытталған тапсырмалар мен қаланың даму бағдарламасы негізінде «Nur Otan» партиясының Тараз қалалық сайлауалды бағдарламасы дайындалды. Енді соның оң нәтижесін көретін боламыз, – деді Уалихан Боларбекұлы.

Елде індет тараған тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Біз біргеміз!» республикалық акциясы ұйымдастырылған-ды. Сол акцияны партияның қалалық филиалы да тиімді ұйымдастырып, 7 санат бойынша 23 517 мұқтаж отбасыға бір реттік 50 мың теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсеткенін атап өтпеске болмайды. Бұған қоса 12 мың отбасыға азық-түлік себеттері таратылған. Ендігі кезекте «Nur Otan» партиясының негізгі жұмыс бағыты сайлауалды бағдарламада көрсетілген межелі міндеттерді іске асыру болып отыр. Онда негізгі 7 басымдық бойынша 107 іс-шарадан тұратын Жол картасы әзірленген. Соның ішінде биыл жоспарланған 86 жобаны жүзеге асыру үшін 8 млрд 248,4 млн теңге қаржы қарастырылған. «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Уалихан Байдуановтың айтуынша, белгіленген тапсырмалардың орындалуын қадағалайтын 8 қоғамдық кеңес құрылған. Кеңес мүшелері ережеге сәйкес сайлауалды бағдарламаның әр бағыты бойынша қала аумағында атқарылған жұмыстарды бақылап, нәтижесін кеңес отырыстарында қарастырады.

Осыдан кейін баяндаманы талқылау бойынша «Бәйтерек» бастауыш партия ұйымының төрағасы Мұрат Бердалиев, «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық мәслихаттағы фракция мүшесі Ләззат Қызылқұлова, «Минералды тыңайтқыштар зауыты» бастауыш партия ұйымының мүшесі Болатхан Көптілеуов, «Jas Otan» жастар қанаты бөлімшесінің басшысы Азамат Лесбек баяндама жасаған Уалихан Байдуановтың сөзін жалғады. Бастауыш партияның атынан сөз сөйлеген делегаттар өздерінің жылдық жұмысы туралы, соның ішінде сайлау науқанында жүзеге асқан тындырымды істің барысын баяндады.

Конференцияда «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов баяндама жасады.

– Партияның Тараз қалалық филиалындағы Саяси кеңестің соңғы екі жылда атқарған жұмыстарын тыңдадық. Бүгінгі партияның мақсаты – тек есеп беру емес, алдағы жоспарларды да хабарлау. Партия құрылғалы бері еліміздегі үлкен саяси күшке айналды. Бастысы, партия жыл сайын халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шараларды қолға алып келеді. Қазіргі уақытта партия мүшелерінің 49 пайызын әлеуметтік саланың өкілдері құраса, шағын және орта бизнес өкілдерінің үлесі небары бір пайызды көрсетіп отыр. Бұл дегеніміз – кәсіпкерлік саласындағы партия мүшелерін тартуға күш салу керек деген сөз. Мұны партия облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев та ескерткен болатын. Партия мүшелерінің сапалық құрамы бойынша да деректерде бірқатар олқылықтар орын алды. Нәтижесінде қалалық филиалдың есебінде тұрған 3 мыңнан астам адам партия қатарынан шығарылды. Осы олқылықтың алдын алу үшін жаңадан сайланатын Саяси кеңес мүшелерін әр бастауыш партия ұйымына тәлімгер ретінде бекітуді ұсынамын. Бұдан бөлек, ішкіпартиялық тәртіпті нығайту мақсатындағы жұмыстар да ескерілуі керек. Сайлау барысында тұрғындардан мыңнан астам ұсыныс-пікір түсті. Олардың барлығы сайлауалды бағдарламада нақтыланды. Бөлінген қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қадағалап, құрылыс нысандарының сапасы және оның белгіленген мерзімде орындалуы барысында сыбайластыққа жол бермеу қажет. Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында атқарылатын ауқымды жұмысқа жауапкершілікпен атсалысуға шақырамын, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Конференцияда жарыссөзге шыққан делегаттар «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы Саяси кеңесінің есепті мерзімінде атқарған жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді. Ізінше, «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы Саяси кеңесінің құрамы бекітіліп, оған 25 адам сайланды. Күн тәртібіндегі кезекті мәселе бойынша партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің XXVIII есеп беру-сайлау конференциясына қатысатын 15 делегаттың есімі белгілі болды. Сондай-ақ партияның Тараз қалалық филиалы Саяси кеңесінің алғашқы отырысы ұйымдастырылып, бюро мүшелігіне 9 адам сайланды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.