Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ертеңге деген ел сенімін еселеді

0 124

Елдің әрбір азаматы Президент Жолдауынан бір үміт, бір қайыр күтетіні шындық. Біз де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауын тікелей эфирден тамашалап, ішінара ой елегінен өткіздік. Бір байқағанымыз, бұл Жолдауда халықтың көкейіндегі түйін тарқатылып, тұшымды ойлар айтылды. Оның ішінде біздің санамызды сарсаңға салып жүрген көп мәселелер де бар.

Жолдауда Президент еліміздің экономикалық-әлеуметтік бағытын, халықтың тұрмыс-тіршілігін алдыңғы орынға қойып отырғаны көңілге демеу, ертеңге деген сенімді еселей түсті. Әсіресе шаруа қожалық жетекшілерін толғандырып жүрген ауыл шаруашылығы саласына қатысты біраз мәселе қозғалды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарын ұзақ мерзімді субсидиялау, игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жайы еңбек адамының ойынан дөп түсті. Демек, ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажын, назын ел Президенті жете түсініп отыр. Осыдан-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асқанын айқын аңғаруға болады.
Бұл Жолдауда тағы бір көңілімнен шыққаны – жер мен табиғи ресурстарды халық меншігі деп анық мойындауы. Қазір жер дауы біздің елде жоғары деңгейге жетті. Себебі қараша халық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің барлығының жекеменшікке өтіп кеткенін айтуда. Кейбір деректерге сүйенсек, елімізде 10 миллионға жуық алқап мақсатсыз игерілуде екен. Жалпы ауылдағы ағайынның жағдайын жақсарту үшін жер мәселесін түбегейлі шешу керек болып отыр. Ал аталған мәселенің Жолдауда көтерілуі шаруалардың кемел келешекке деген үмітін арттыра түсті.

Зайырбек СҰЛТАНМҰРАТОВ, «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативінің жетекшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.