Қалалық қоғамдық-саяси газет

ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА

0 431
Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі аумақтық комиссияның отырысы өтті.
Әуелі жиынның күн тәртібіне сәйкес Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай- коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғабит Алтаев 2023-2024 жылдары қысқы мерзімді қауіпсіз өткізу және тіршілікпен қамтамасыз ету объектілерінің пайдалануға дайындығы туралы баяндады. Оның айтуынша, әлеуметтік сала нысандарының, көпқабатты тұрғын үйлердің және отын-энергетика кешендерінің дайындығы 1 қазанға дейін 100 пайызға қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда, қазіргі таңда, білім нысандарының дайындығы – 77,8, көппәтерлі тұрғын үйлердің дайындығы 75 пайызды құраған.
Келесі кезекте «Таразэнергоорталық» АҚ бас инженерінің орынбасары Мақсат Сарсенбаев, «Таразтрансэнерго» МКК бас инженері Ғани Алимбаев, «Жамбыл жылу» МКК еңбекті қорғау және қауіпсіздік қызметінің басшысы Сағынбек Нұрғалиев, «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС Тараз қалалық электр жүйесінің оперативтік диспетчерлік қызмет басшысы Шадиярбек Қосатбеков, «Жамбыл су» МКК бас инженері Ахимов Шүкірғали, «София» ЖШС есепшісі Қарлығаш Метерқұлова жылыту маусымына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Бұдан кейін күн тәртібіне сәйкес сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстардың тиімділігі және қала аумағында орын алуы мүмкін дауылды жел салдарының алдын алу және оларды жою мәселесіне кезек берілді.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою барысына көңілі толмайтынын жасырмады.
– Жадыраған жаз да аяқталып, күз мезгіліне қадам бастық. Әне-міне дегенше қылышын сүйретіп қыс та келеді. Алайда, біздің жылуға жауапты кейбір мекемелеріміз жұмысты жүйелеудің орнына әлі күнге жоспарлаудан аса алмай тұр. Бұл уақытта нақты жоспар түзіліп, ендігі қызу жұмыс жүріп жату керек еді. Бұл берілген тапсырманың дер кезінде орындалмайтынын және кей мамандардың өз істеріне немқұрайлы қарайтындығының көрінісі. Осыған байланысты арнайы жұмыс тобын құрып, кем-кетіктерді алдын ала зерделеуіміз қажет. Тек сонда ғана олқылықтарды жоя аламыз. Шыны керек, жылыту маусымына 75 пайыз дайындықты төмен көрсеткіш деп бағалаймын. Сондықтан қаламыз жылыту кезеңіне тас-түйін дайын болуы тиіс, – деген Бақытжан Әмірбекұлы сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.