Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ерлік ескерусіз қалмайды

0 212

Төтенше жағдайлар кезінде ең алдымен сыналатыны – адамның батылдығы мен азаматтық жауапкершілігі. Осындай сын сағатта ерлік пен ерен өнегенің жарқын үлгісін көрсеткен тараздық жастар – Әлисұлтан Байрахтаров пен Ислам Мұрадов ел алғысына бөленді.

Оқиға 2025 жылдың 6 қыркүйегінде Тараз қаласындағы Жамбыл даңғылы бойындағы көпқабатты тұрғын үйде болған еді. Түнгі мезгілде кенеттен тұтанған өрт тұрғындардың өміріне үлкен қауіп төндірді. Дәл сол сәтте бірінші болып жағдайды байқаған Әлисұлтан мен оның досы Ислам еш ойланбастан әрекетке көшті.
Бірі «112» нөміріне қоңырау шалып, төтенше жағдай туралы хабар берсе, екіншісі кіреберістерді аралап, тұрғындарды сыртқа шығуға шақырды. Олар үрейге бой алдырмай, есік қағып, адамдарды эвакуациялауға көмектесті. Сол сәттегі батыл қимыл мен сабырлылықтың арқасында көптеген адам дер кезінде қауіпсіз жерге шығарылды.
Осындай ерен ерлігі үшін қос азамат Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат – олардың батылдығы мен ел алдындағы азаматтық борышына деген адалдығының айғағы.
Сонымен бірге Әлисұлтан Байрахтаров өз ісімен ғана емес, ақпараттық тұрғыда да қоғамға әсер ете білді. Ол оқиға сәтін ұялы телефонына түсіріп, бейнероликті «Tik-Tok» және «Instagram» әлеуметтік желілеріне жүктеп, бірнеше сағаттың ішінде видео 7 миллионнан астам қаралым жинап, жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырды.
– Шынымды айтсам, ол сәтте ештеңені ойлап үлгермедім. Тек адамдардың даусын естіп, түтін көрген бойда көмек қажет екенін түсіндім. Қасымдағы досым Ислам екеуміз бірден әрекет еттік – басты мақсатымыз адамдарды аман алып шығу болды. Кейін бәрі тынышталған соң ғана өзіміздің қандай қауіптің ортасында болғанымызды сездік. Бұл – ерлік емес, әр азаматтың адамдық парызы деп ойлаймын, – дейді Ә.Байрахтаров өз әсерімен бөлісіп.
Әрине, кейде үлкен ерліктер шағын істерден басталады. Жастардың осы ісі қоғамда азаматтық жауапкершілік, батылдық және бірлік құндылықтарының қайта жандануына жол ашты.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.