Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ерлердің есімдері – ел есінде

0 400

Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына биыл 33 жыл толып отыр. Қанды майдандағы қырғында ерлік танытқан батырларымыздың есімі ел есінде, жұрт жадында. Антына берік сарбаздардың қатарында жамбылдықтардың да аз болмағаны тарихтан мәлім. Олардың ішінде ерлікпен қаза тауып, елге оралмағаны қаншама. Міне, осы оғландарымызды еске алу мақсатында Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында жауынгер-интернационалистердің ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.

Салтанатты шарада қала әкімі Ержан Жылқыбаев, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев бастап, қалалық мәслихаттың депутаттары, әскерилер, Ауған соғысының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Осыдан кейін жиналғандар Ауған соғысының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Кеңес Одағының әскері Ауған жеріне 1979 жылы 25 желтоқсанда кірді. Он жылға созылған соғыста 1000-ға жуық қазақстандық жат жерде қаза тапса, 21 жауынгер із-түссіз жоғалып кетті. Бүгінде Ауған жеріндегі соғыс тарихта қалды. Сол тауқыметті көзбен көріп келген азамат ретінде еліміз бейбіт күн кешіп, әлемде соғыс болмасын деп тілеймін, – дейді Жамбыл облысы және «Тараз қаласының Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермеков.

Дінасыл РАХМАНБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«журналистика» мамандығының 4-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.