Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Еріктілердің еңбегі ерен

0 185

Қайырымдылық, қол ұшын созу, қиналғанда жәрдем беру – әлімсақтан бері қазақтың қанына сіңген қасиеттер. Бұл бүгінде заманның көшіне еріп, талабына сай түрленіп, еріктілер деген атауға ие болғандай. Бүгінде барлық салаға өз бетімен, ешбір қайтарым күтпей жұмыс істеуді қалайтындарға осы теңеу айтылады. Еріктілердің қатары да жыл өткен сайын артып келеді. Олар жыл басынан бері талай тірлік атқарып үлгерген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлық – патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер, ең алдымен, елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлық – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып әрекет ету.

Волонтерлық – халқымыздың шынайы болмысы. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекеттілікті нығайту үшін қажет. Волонтерлық – мемлекет пен қоғам ілгерілеуінің жарқын көрінісі. Елдің дамуы мен жетістігі халықтың патриоттық белсенді әрекетіне тікелей байланысты. Олар күн сайын маңызды қызмет етеді. Мұндай азаматтар бізде аз емес. 16 мың адам – бастапқы меже. Келешекте жүз мыңдаған, миллиондаған адам жан-тәнімен, ерікті түрде волонтерлықпен айналысатынына сенімдімін. Мемлекеттің, атқарушы биліктің және Парламент депутаттарының міндеті – волонтерлық қозғалысқа атсалысуға мүмкіндік беру.

Волонтерлық қызмет реформаларды жүзеге асыруда, жалпы мемлекетімізді жаңғыртуда маңызды рөл атқарады. Яғни волонтерлар өздерінің іс-әрекетімен аса маңызды реформаларды жүзеге асыруға нақты үлес қосады. Еңбекқорлық, әлемге ашықтық арқылы озық технологияға және жоғары еңбек өнімділігіне негізделген жаңа экономика құра аламыз. Волонтерлық идеясын белсенді ілгерілету отандастарымыздың ой-санасының жаңа парадигмасын жаңғыртуға ықпал етеді», – деген болатын.

Расында, бүгінде еріктілер көпке үлгі болып, игі істердің басынан табылуда. Облысымызда да волонтерлық қызметтің көкжиегі кеңейіп, жұмысы жандануда. Мәселен, облыс аумағында аталған қызметпен құрамында 15 мыңға жуық мүшесі бар 10-нан аса волонтерлық ұйым айналыcады. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, Тараз қаласы мен барлық аудандық ресурстық орталықтарының жанынан волонтерлық топтар құрылған.

Соның бірі – Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының жанында жұмыс істеп келеді. Аталған орталықтың директоры Абзал Есіркепов:

– Волонтерлық қызмет – қоғамдағы әлеуметтік өзгерістердің маңызды бөлшегі. Бұл ұғым тек ерікті түрде жасалатын көмек немесе қолдау көрсету ғана емес, сонымен қатар адамның ішкі дүниесінің, мәдениеті мен тұлғалық дамуының айқын көрінісі. Волонтерлық қызметтің түпкі мақсаты – қоғамдағы қайырымдылықты арттыру, бір-біріне көмектесу мен қолдау көрсету арқылы адамның жан дүниесіне тыныштық пен үйлесімділік орнату. Қоғамның дамуына қосқан үлесі ерекше және бағалы.

Волонтерлық қызметтің басты ерекшелігі оның еріктілік сипатында жатыр. Яғни, адамның ешқандай материалдық талап қоймай, тек өз еркімен басқаларға көмек көрсетуі – бұл жоғары моральдық, адами құндылықтарды қалыптастыратын процесс. Бұл қызметтің әлеуметтік маңызы өте зор. Қоғамда ерікті түрде көмек көрсететін адамдар санының артуы, адамдар арасындағы сенімділікті күшейтеді, өзара құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

Әсіресе, қиын жағдайларға тап болған адамдарға көмек көрсету барысында волонтерлардың рөлі айрықша. Олар табиғи апаттар, әлеуметтік қиындықтар немесе экономикалық дағдарыс сияқты жағдайларда маңызды миссия орындайды. Мұндай жағдайларда волонтерлар бірден-бір адамдық қасиеттер мен жауапкершілікті көрсететін күш ретінде көрінеді. Олар көмек көрсеткен адамдардың жағдайын жақсарту арқылы ғана емес, сонымен қатар қоғамның рухани жақтан өсуіне де үлкен ықпал етеді.

Қазіргі таңда волонтерлық қызмет тек қайырымдылық аясында ғана емес, экологиялық, мәдени, білім беру және басқа да салаларда да кеңінен таралды. Мысалы, жастар арасында экологиялық білімді насихаттап, қоғамда табиғатқа деген құрметті арттыруға бағытталған түрлі шаралар өткізу, болашақ ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастыру маңызды миссия болып табылады. Волонтерлық қызметтің осы түрі, қоғамда экологиялық проблемаларға деген жауапкершілікті арттырып, адамдарды табиғаттың құндылықтарын қорғауға шақырады.

Сонымен қатар волонтерлық қызмет – бұл әр адамның өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуінің көрінісі. Адамдардың басқаларға көмек көрсетуге деген ынтасы, оларды өзара байланысқа, үйлесімділікке және ынтымақтастыққа шақырады. Бұл да қоғамның әлеуетін арттырып, оның тұрақтылығын нығайтуға көмектеседі. Волонтерлардың саны мен қызметі артқан сайын қоғамның ішінде өзара түсіністік пен қолдаушылық атмосферасы орнайды, – дейді.

Ерікті қызмет көрсету өз кезегінде жеке тұлғаның да дамуына ықпал етеді. Волонтерлыққа қатысқан адам өзінің жауапкершілігін, ұйымдастырушылық қабілетін, басқа адамдармен қарым-қатынас орнату дағдыларын жетілдіреді. Бұл қызмет адамның өзіндік дамуына, әлеуметтік ортада өз орнын табуына көмектеседі. Сонымен қатар ол тұлғаның бойында қайырымдылық, жанашырлық, адамгершілік қасиеттерін арттырады.

Әрине, волонтерлық қызмет қоғамға пайда әкелумен қатар, ол ерікті тұлғалардың да бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан да қоғамды дамытудың негізгі күштерінің бірі – тек қана жеке тұлғалардың өзгеруі ғана емес, сондай-ақ осы тұлғалардың өзара ынтымақтастығы мен бірлігін қалыптастыру. Волонтерлық қызмет осы тұрғыда көп нәрсені өзгерте алады, себебі ол тек әлеуметтік көмек көрсету ғана емес, адамның әлемге деген көзқарасын, құндылықтарын, дүниетанымын өзгертуге де ықпал етеді.

Бұл ретте Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығы 2025 жылы 6 500-ге жуық жас волонтерлық іс-шараларға қатысып, 228 іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Оның ішінде 91 сенбілік, 42 семинар-тренинг, 25 қайырымдылық шарасы, 14 мерекелік кеш, 3 акустикалық кеш, 26 кездесу, 12 спорттық іс-шара, 1 дөңгелек үстел, 14 акция өткізіліп үлгерген.

– Волонтерлық қызмет тек қоғамға пайда әкеліп қана қоймай, әрбір жастың жеке дамуына, әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Тараз қаласының жастары өздерінің белсенділігімен еліміздің дамуына, қоғамның игілігіне үлес қосып келеді. Бұл бағыт алдағы жылдары да қарқынды түрде жалғасын тауып, жастардың жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды сала болмақ.

Қорыта келе, волонтерлық қызмет қоғамның дамуына үлкен әсер етеді. Ол адамның адамгершілік қасиеттерін нығайтып, қоғамдағы өзара түсіністік пен көмек көрсету мәдениетін арттырады. Осылайша, ерікті қызмет арқылы біз тек бір-бірімізге көмек көрсетіп қана қоймай, қоғамның жалпы дамуына, рухани байлығына да өз үлесімізді қосамыз, – дейді Абзал Есенұлы.

Осынау игі істі Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан да құралған жастар ұйымы жүйелі жалғастырып келеді. Облыс әкімдігі Ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесі ерікті жастар қызметін үйлестіріп келеді.

Ұйымның барлық волонтерлық бастамаларын «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырады. Әсіресе, елімізде болған тосын апаттар, төтенше жағдайлар кезінде жастардың белсенділігі – көпке үлгі. Былтырғы жылы тасқын судан жапа шеккен аймақтарға «Достық үйінде» волонтерлық көмекті үйлестіруде жастардың қызметі ересен болды. Су басқан аймақтарға 6 жүк көлігіне тиелген 100 тонна гуманитарлық көмекті жинақтау, тиеу жұмыстарына 50 жас үздіксіз көмек етті.

Жамбыл облыстық Қан орталығының қолдауымен ассамблея жастарының дәстүрлі «Ерікті донор» акциясын ұйымдастырып отырады. Осылайша биыл ассамблеяның 60-қа жуық қыз-жігіті көмекке мұқтаж жандарға өмір сыйлауға атсалысты.

 «Қазақстан халқы Ассамблеясының» ерекше бір бағыты – қайырымдылық. «Жомарт жан» атауымен танымал меценат, этномәдени бірлестіктердің жыл басында «Қоржын», «Сыбаға», «Балаларға базарлық» сынды жыл бойына жалғасып жататын азық-түлік, заттар қоржынын әр көмек алушыға дер кезінде жеткізетін де – жастар. Алғыс айту күні мен Наурыз мерекесіне орай күнгі игі істер эстафетасын «Ассамблея жастары» 30 отбасына азық-түлік себетін апарып жалғастырды.

Сондай-ақ елімізді мекен ететін ұлт өкілдерінен құралған жастар былтыр «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде «Таза аула! Таза өлке! Таза ел!» шарасына қатысты. «Өнегелі ұрпақ» апталығында жастар тыл ардагері Улсоной Авалованың үйінде тал егіп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Шілде айында этнос жастары Талас өзенінің жағасын тазалап, ағаштарды әктеп, артық шөптерден арылтты.

 «Ассамблея жастары» жыл сайын қала тазалығын қамтамасыз ететін жұмысшыларға арнап ізгілік шараларын да ұйымдастырып тұрады. Биыл да бұл дәстүр жалғасып, белсенділер аязды күні коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен тәттілер таратты. Бұл шара биыл ерекше мәнге ие болды. Өйткені 2025 жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланған. Ассамблея жастары бұл арқылы еңбек адамдарына алғыс білдіруді мақсат етті.

9 наурыз – Наурызнама онкүндігінің Жаңару күні. Атаулы күнге орай Тараз металлургия зауытында «ТАЗАLIKE FEST» тал егу акциясы өткізілді. Тараз табиғатын түрлендіріп, көгалдандыруға атсалысқан белсенді жастардың қатарында «Ассамблея жастары» да болды. Акцияға қатысушылар 1 000 түп тал-дарақ отырғызды.

ҚР Президентінің Құрылтайда берген тапсырмаларына сәйкес, ассамблея аналары «Салауатты сана» жобасы аясында «Барыңды бағала» вандализмге қарсы қоғамдық жоба бастаған-ды. Ассамблея жастары осы жобаның амбрассадоры болып отыр.

Бұл жұмыстардан М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің жастары да қарап қалып жатқан жоқ. Мәселен, университетте 2019 жылдан бері «Жамбыл облысы еріктілер қозғалысы» волонтерлық лигасы жұмыс атқаруда. Бұл клубтың басты мақсаты – жастар арасында волонтерлық жұмыстарды кеңірек насихаттау және ауқымды шаралар ұйымдастыру.

Сондай-ақ оқу ордасында «DU UNION» жастар комитеті волонтерлық қозғалысты ауқымды түрде дамуда. Жастармен жұмыс бөлімнің құрамында қазіргі таңда 3 волонтерлық клуб және 300-ден аса ерікті студент жас бар.

Жоғары оқу орнындағы волонтерлық «Biz birgemiz» республикалық қозғалысы құрылымы бойынша «Sabaqtastyq», «Qamqor», «Bilim», «Taza Alem», «Ayala», «Saulyq», «Asyl Mura» атты жеті бағыт бойынша дамуда. Осы бағыттар аясында жастармен жұмыс бөлімінің әзірлеуімен білім ошағында 10-нан аса жоба атқарылған. Оның қатарында «Правовой караван», «Анти-наркоТик-Ток», «Алғашқы көмек», «Қаржылық сауаттылық», «Қарттарым асыл қазынам», «Безопасность на водных обьектах», «Волонтеры ЧС» және өзгелері бар. Дулатидің волонтер студенттері «Biz birgemiz» шағын гранттар конкурстарына да белсене қатысып келеді.

– Былтыр Дулати университетінің еріктілері арнайы жобалар, атап айтқанда «Біргеміз Үміт», «Аяла», «Саулық» жобаларымен жұмыс атқарды. Онда жастар қарт кісілерді азық-түлікпен қамтамасыз етіп, үй шаруасына көмектесіп, денсаулық жағдайларынан хабардар болып отырды. Сондай-ақ қарттар мерекесіне орай түрлі шаралар ұйымдастырып, қарттар үйіне барып, қызықты мерекелік кештер ұйымдастырды. Оған қоса төтенше жағдайларға дайын тұруға арналған жаттығуларға да белсене атсалысты.

Өткен жыл Дулати университетінің жастары үшін жемісті жыл болды. Неше түрлі көмек көрсетіліп, арнайы жобаларда белсенділік танытты. Оған қоса белсенді студенттеріміз де көмек қолын созу мақсатында арнайы қор ашып, жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетуге мол күш жұмсады. Сонымен қатар желтоқсан айының ызғарында Қордай ауданында суықта қалған жол жүргізушілерге ыстық тамақ таратылды.

Еріктілік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беру арқылы тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Сондықтан уақытты еріктілікке жұмсау – уақытты текке өткізу емес, тұлғалық дамуға құйылған ең қымбат инвестиция екені сөзсіз, – дейді университет еріктілерінің жетекшісі Дәурен Мамыш.

Азаматтық қоғамның алға дамуына әсер ететін бірегей күштің бірі – еріктілер. Олардың атқарар қызметі ауқымды, ел ілгерілеуіне әсері орасан. Ерікті жастарымыз әрбір істе белсенділік танытып, қолдан келген көмектерін аямауда. Осылайша келешегіміздің кемел болуына үлес қосуда. Себебі осындай жастарымыз барда мемлекетіміз ғұмырлы, тәуелсіздігіміз тұғырлы болары сөзсіз.

 Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.