Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ерікті жастар ардагерлерге құрмет көрсетті

0 223

Тараз жастар ресурстық орталығының «Темірқазық» волонтерлер қозғалысының еріктілері Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ардагерлердің үйіне барып, шаруаларына қолғабыс етуде.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Биыл Жеңістің 75 жылдығына орай облыс көлемінде ілкімді шаралар қолға алынған болатын. Бірақ әлем елдерін әбігерге түсірген жұқпалы індеттің салдарынан халық көп жиналатын орындарда жұмыс тоқтады. Соған қарамастан жеңіс жолында жанқиярлықпен күрескен майдангерлерге ақшалай сыйақы берілді. Ал карантин жарияланбай тұрып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерилері ардагерлердің үйінің маңында сап түзеп, Жеңіс күнімен құттықтағанын білеміз. Осы құрмет-қошеметтен жастар жағы да құр қалмай, ардагерлердің үйіне барып қолғабыс етуде. Еріктілер ҰОС ардагері Анна Беляеваның үйіне барып, бақшасын арамшөптен тазартып, қыздар үй шаруасына көмектесіп қайтқан. Ал бұл жолы олар Махмұт Бесімбаевтың үйіне барып, атамыздың бақшасында үйілген құмды тасыды. Ал атамыз болса жастарды жылы шыраймен қарсы алып, өзі сыртта отырып соғыс жылдарынан үзік сыр шертті.

Махмұт Бесімбаев Талас ауданы, Бостандық ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Киев қаласына оқуға түскенде 17 жасында әскерге алынып, Киев, Сталинград қалаларындағы шайқастарға қатысқан. «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдерімен марапатталған. 1945 жылы соғыс біткеннен кейін Мәскеу, Қазан қаласында госпитальде емделіп, 1953 жылы елге оралған. Шаруашылық саласында әртүрлі қызмет атқарған, 20 жылдан астам бейнелеу өнерімен айналысқан. Өз кезегінде Жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі инспекторы Арман Елемесов ардагерлерге құрмет көрсету әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы дейді.

– Тараз жастар ресурстық орталығы «Темірқазық» волонтерлер қозғалысының еріктілері топ-топқа бөлініп, ардагерлерге қолғабыс етудеміз. Қаладағы әрбір ардагердің мекенжайын нақтылап, оларға көмек керек болған жағдайда кез келген уақытта баруға әзір екенімізді айттық. Елдегі ахуалға байланысты қазір 50 ерікті ардагерлерге жәрдем беруде. Әр ардагердің үйіне қолғабыс етуге баратын еріктілерді де бекіттік. Сондықтан бұл шара тек Жеңіс күні қарсаңында ғана емес, басқа күндері де жалғасын таппақ, – деді Арман Сағиұлы.

Ерікті жастар ілкімді бастама аясында ардагерлерге тек көмек қолын созып қана қоймай, соғыс жылдарындағы оқиғаларды тыңдап, батырлардың көзсіз ерлігіне куә болып қайтты. Ұлы Жеңіске үлес қосқан батыр аталарымыздың қатары жыл санап азайып барады. Қазір қала бойынша ҰОС-ның 33 ардагері тұрады. Ерікті жастар қолғабыс етуге барғанда, батыр аталарымыз оларды жылы күтіп алып, бата-тілектерін жаудырып шығарып салуда. Отан үшін от кешкен жандарға деген құрметтің ешқашан артық болмасы анық. Сондықтан еріктілердің бастамасын бас бармақмен бағалауға болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.