Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ерікті дәрігерлер – ел саулығы үшін

0 304

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Еріктілер жылы аясында «Birgemiz» атты республикалық фронт-офисінің ашылу рәсімі өтіп, онда еріктілік қызметтің бағыттары белгіленген болатын. Соған сәйкес «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт» бағыттарын жүзеге асыруға облыстың ерікті жастары да үлес қоспақ.

Сәндібек ПІРЕНОВ

«Саулық» бағыты бойынша облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының жанынан «Волонтер дәрігерлер қозғалысы» құрылды. Алдағы уақытта медициналық волонтерлікті дамыту – еріктілердің басты мақсатына айналмақ. Енді жастардың бастамасымен облыс тұрғындары арасында қан айналым жүйесі ауруларымен күрестің 2020-2022 жылдарға арналған «Таза жүрек» бағдарламасы жүзеге аспақ. Бағдарламаның мақсаты – облыс тұрғындары арасында қан айналым ауруларын скринингтік зерттеу, оларды ерте анықтау және қадағалау. Еріктілер жылында бастау алған ілкімді бағдарламаның таныстырылымында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа бағдарлама аясында қыруар жұмыстың атқарылатынын атап өтті. Шарада кардиохирург Сейтхан Жошыбаев жастарды жаңа жобамен таныстырды.
– Жастардың бастамасымен жүзеге асқан бағдарламаның қоғам үшін маңызы зор. Себебі қан айналым жүйесі ауруларының салдары еңбекке қабілетті адамды мүгедек етіп, арты өлімге апаруы мүмкін. Бұл сырқаттың ауылдық жерлерде демографиялық зиян келтіру қаупі бар. Сондықтан елдің ертеңі үшін қауіппен бірге күресуіміз керек, – деді Сейтхан Жошыбаев.
Бұдан бөлек, волонтер дәрігерлер «Жүрек трансплантациясын қажет ететін созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастармен жұмысты ұйымдастыру», «Туа біткен жүрек ақауы бар науқас балаларды диспансерлеу жұмысын ұйымдастыру», «Қауіп және ҚЖА факторлары бойынша халықты диспансерлеудің алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру», «Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша халықаралық конференция өткізу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру», «Жүрекке ота жасалғанға дейін және кейін науқастарды жүргізуге көмек көрсетуді ұйымдастыру» жұмыстарын жүргізетін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.