Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ерен ерлік мәңгі есте!

0 213

Адамзат баласы бастан кешірген нәубеттердің ауқымы жағынан ірісі Екінші дүниежүзілік соғыс екенін тарих дәлелдеп отыр. Талайды тағдыр тәлкегіне салған ХХ ғасыр қасіретінің қазақ даласына тигізген залалы орасан.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі ел есінде мәңгілік сақталуы үшін Тараз қаласында жылда мерекелік шаралар кең ауқымда аталып өтетін. Өкінішке қарай, шаһардағы карантиндік шектеу-лерге байланысты биыл олай болмады. Десе де, 9 мамыр күні облыстық мәдениет басқармасының мұрындық болуымен «Ұлы Жеңіске – 75 жыл» атты мерекелік акция ұйымдастырылды. Акция аясында «Жеңіс» экипажы ұйымдастырылып, мәдениет саласының қызметкерлері қала көшелерін мерекелік көңіл-күйге бөледі. Ең әуелі шараны ұйымдастырушылар «Ерлік» мемориалды кешеніндегі мәңгілік алауға гүл қою рәсімін ұйымдастырып, қан майданда жанын құрбан еткен бабалар рухына тағзым етті.

Акция К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония мен А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры және облыстық орыс драма театры мен облыстық кино орталығы, облыстық халық шығармашылығы орталығындағы өнер иелерінің қатысуымен өтті. Шара барысында қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін жылжымалы экипаж шаһарымыздың бірнеше көшелерін аралады. Тарқата айтқанда, соғыс уақытындағы сарбаздар кейпіндегі өнер иелері жүк көлігінің үстінде отырып, өз өнерлерін ұсынды. Мәселен, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағынан бастау алған аталған экипаж орталық «Достық» алаңымен жүріп өтіп, темір жол бекеті бағытындағы Абай көшесінің бойында орналасқан 10 қабатты тұрғын үй ауласынан кері қайтты. Одан кейін Әйтиев, Әйтеке би көшелері арқылы, «Глобус» аялдамасынан Ташкент көшесі арқылы, «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің артқы жағынан шығып, Көшеней көшесін бойлай, Жамбыл даңғылына түсті. Осы жолмен Төңкеріс, Сәтбаев, Асқаров көшесінің аяғынан (темір жол) артқа қайтты. Осылайша, Жамбыл даңғылына бұрылып, Қонаев көшесіне дейін келді. Бұдан кейін «Лермонтов», «Сейфуллин» аялдамалары арқылы «Самал», «Молочная кухня», «Қайқармет» аялдамаларынан өту арқылы «Аса» және «Жансая» ықшам аудандарын қамтып өтті. Тәуке хан көшесі бойымен «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі және «Тараз-Арена» спорт кешені маңымен «Бәйтерек» ықшам ауданына, «Арай» тұрғын алқабына барып, «Көктем» тұрғын алқабы көшесімен Төле би көшесіне түсіп, «Һибатулла Тарази» орталық мешіті маңымен Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына қайтадан оралды. Қаланы аралау барысында жылжымалы экипаж мүшелері радиорубкамен жұртшылыққа мерекелік құттықтаулар жолдады. Сонымен қоса әншілердің орындауында көпшілікке әскери және патриоттық әндерден радиокомпозициялар ұсынылды. Театр актерлері де Б.Момышұлының, Ә.Молдағұлованың, Р.Қошқарбаевтың бейнелерін сомдап, А.Константинованың «Фронтовая Любовь» диалогын орындады.

– Қалада карантиндік шектеулер болғанымен, Жеңіс күнін жақындатқан бабаларымыздың рухына тағзым ету үшін барлық жағдайлар жасалды. «Жеңіс» саябағына жиылған халық өзара арақашықтық сақтап, карантин ережелерін барынша ұстанып, мәңгілік алауға гүл қойды. Тарихқа тағзым етуге ешкім тыйым сала алмайды. Бұл ретте қала халқының орын алып отырған жағдайларға түсіністікпен қарап, заң бұзушылыққа бой алдырмағаны көңіл қуантады, – деді қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай.

Жалпы акция ҰОС батырларының өшпес ерлігіне құрмет көрсету, адамзат тарихындағы сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталуын ұрпақтар жадында қастерлеп сақтау және Ұлы Жеңіске қосқан қазақстандықтардың теңдессіз үлесін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.