Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ерекше балаларға айрықша құрмет

0 365

Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай №36 орта мектепте «Дара бала» атты кездесу өтті. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, ізгі тілегін жолдады.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2006 жылғы 13 желтоқсанда Нью-Йоркте қабылдаған Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенциясы негізінде қазан айының екінші жексенбісі Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні болып бекітіліп, арнайы заң күшіне енді. Аталған Конвенцияның мақсаты – мүгедектігі бар адамдарға барлық салада өзге азаматтармен теңдей мүмкіндіктер жасау, әлеуметтендіру. Бүгінгі таңда облыс көлемінде де мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендіру мақсатында бірқатар нысандар бой көтеруде. Соның бір айғағы ертең №14 ықшамауданда заманауи құралдармен жабдықталған ересектерге арналған оңалту орталығы ашылады. Сонымен қатар №15 «Ұлы дала» ықшамауданда балаларға арналған осындай орталықтың құрылысы жүргізілуде. Жоғарыда аталған Конвенцияның бір принципі – мүгедек балалардың даму қабілеттерін құрметтеу, мүгедектігі бар балаға өзге балалармен тең білім беру.Осыған орай балалардың инклюзивті білім алуына және олардың әлеуметтендірілуіне де аса көңіл бөлінуде. Инклюзивті біліммен қамтылған балалар әр түрлі деңгейдегі байқаулар мен спорттық сайыстарға қатысып, өз мүмкіндіктерінің шексіз екендігін дәлелдеп келеді, – деген шаһар басшысы түрлі жетістіктерге жеткен ерекше балаларға қаржылай сертификаттарды табыстады.
Келесі кезекте ерекше біліммен қамтылған балғындардың анасы Гауһар Аймаханова мен Елена Избанова сөз сөйлеп, қала әкімдігіне алғыстарын білдірді.
Шара соңы өнерлі өрендердің концерттік бағдарламаларымен түйінделді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.