Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жер сілкінісі болған Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында болып, төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізіп, бүлінген нысандарды аралады.
2025 жылдың 28 наурызында түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді.
Жер дүмпуінің жоғары қарқыны – 5 балл – Меркі ауданындағы Меркі ауылында тіркелді. Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында жер сілкінісінің күші 4 баллды, Тараз, Шу қалаларында, Қордай, Мойынқұм аудандарында – 2 баллды құрады.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жедел штаб құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек төрағалық еткен оның құрамына азаматтық қорғау қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың, тиісті ведомстволардың өкілдері кірді.
Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Аудандардағы тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде.
Қазіргі таңда Меркі аудандық орталық ауруханасының, Меркі ауылдық округіндегі «Балдәурен» балабақшасының ғимараттарында және Талдыбұлақ ауылындағы тұрғын үйдің асханасында қабырға жарықтары анықталды.
Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылындағы тұрғын үйдің, Жаңатұрмыс ауылындағы – 6 баспананың, ауылдық мектептің, Қарақыстақ ауылдық округінің Каменка ауылындағы мәдениет үйінің қабырғаларында жарықтар пайда болған.
Арнайы комиссия облыс әкімінің тапсырмасы бойынша келтірілген шығынды анықтау жұмыстарын жүргізеді. Оның қүрамына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының өкілдері кіреді.
Аудандардағы нысандарды мамандар аралап, ахуалды көзбен көрді. Меркі ауданында айналма жолдарға 55 адам, 33 бірлік техника, Т.Рысқұлов ауданында 65 адам, 40 бірлік техника жұмылдырылды.
«КАЖсервис» ЖШС облыстық филиалының қызметкерлері (25 адам, 19 техника) Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының (5 көлік айырығы, 2 теміржол өткелі және 3 көпір) жай-күйін тексеруде. 45 елді мекен зерттелді.
Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігімен өзара іс-қимыл кезекші бөлім арқылы ұйымдастырылды.
Шоң-Қақпа және Орто-Тоқай су қоймалары қалыпты жұмыс істеп тұр.
Тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп жоқ.
Жедел штаб жағдайды бақылауды жалғастыруда.
Жедел ден қою жасақтары дайындыққа келтірілді, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Полиция мен ТЖД қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда.
8(7262)513575 нөмірі бойынша «жедел желі» іске қосылған.