Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ер есімі – ел есінде

0 136

Облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты және қызмет бабында қаза болған полиция қызметкерлерін еске алуға арналған іс-шаралар өтті.

Әуелі Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сөнтаев, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин, ішкі істер органдарының ардагерлері және Ғазиз Байтасовтың отбасы мүшелерінің қатысуымен қызмет бабында қаза болған қызметкерлердің рухына тағзым етіліп, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Жиналғандар батыр полицейлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. – Жалпы Қазақстан полициясы құрылғалы бері облыс көлемінде қызмет бабында 71 полиция қызметкері қаза болыпты. Олардың әрқайсысы өз істерімен кейінгі жастарға, әріптестеріне антқа адалдықтың үлгісін көрсетті. Біз, әріптестеріміздің ел тыныштығы жолындағы көзсіз ерліктерін әрқашан үлгі етеміз, құрметтейміз. Осы мақсатта ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырысымен полиция капитанының ерлігіне арналған «Ғазиз» атты кітабы жарық көрді. Бұл өз кезегінде батыр есімінің ел есінде, тарихта қалуына аз да болса үлесін қосады деп есептей[1]мін, – деді министрдің орынбасары Қайрат Иматұлы. Келесі кезекте сөз сөйлеген батырдың жұбайы Гүлжамал Тәжиева: «Біздің отбасымыз Полиция департаментіне, Ғазиздің әріптестеріне және оны еске алушыларға үлкен алғыс білдіреді. Сіздер қиын сәттерде бізді қолдап, қамқорлық танытып, ерекше көңіл бөліп келесіздер», – деп жан тебіренісін жеткізді. Содан кейін Ішкі істер министрінің орынбасары және облыстық ПД басшы құрамы мен қызметкерлері Ғазиз Байтасовтың шаңырағына барды. Сонымен қатар Қайрат Сөнтаев Ғ.Байтасов атындағы оқу-жаттығу полигонына барып, арнайы техни[1]калармен және құрал-жабдықтармен танысып, Полиция департаментінің арнайы мақсаттағы бөліністерінің демонстрациялық қойылымдарын тамашалады. Бұдан бөлек, еске алу іс-шараларының аясында облыс көлеміндегі күш құрылымдарынан құралған 19 команда арасында шағын футболдан жарыс өткізіліп, велошеру ұйымдастырылды.

Екі күнге жалғасқан аладоп аламанынан облыс бойынша құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарынан құралған 14 команда қатысып, тартысты ойын өткіздi. Нәтижесінде футболдан алдына жан салмаған облыстық полиция департаментінің командасы жеңімпаз атанды. Ал жүлделі 2-орынды Жамбыл облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің командасы иеленсе, 3-орын ҚР Ұлттық ұланының 5513 әскери бөліміне бұйырды. Сондай-ақ ерекше өнер көрсеткен командалар мен ойыншылар да арнайы номинациялармен марапатталды. Айталық, «Жеңіске деген жігері үшін» аталымы бойынша «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының командасы ерекшеленсе, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментінің қызметкері Дастан Айтжанов «Үздік қақпашы», 5513 әскери бөлімінің қызметкері Абдужамал Шаменов «Үздік қорғаушы», ал «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының қызметкері Мадияр Садықұлов «Үздік шабуылшы» атанды. Барлық жеңімпаз командалар мен ойыншыларға ҚР Ішкі істер министрлігінің және облыстық полиция департаментінің Алғыс хаттары, естелік сыйлықтары табыс етілді.

 Құрбанәлі АМАНКЕЛДІҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.