Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ер Баукеңнің ерлігі ұрпаққа үлгі

0 646

24 желтоқсан – қазақ халқының мақтанышы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының туған күні,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі.

Баукең өзінің көзсіз ерлігімен, Отанға адалдығымен, көреген қолбасшылық қасиеттерімен ерекшеленген тұлға. Артында таудай мұралары қалған майдангер-қаламгер. Есімі елге аңыз болған Баукеңнің рухына қандай құрмет жасалса да артық емес.


Осы орайда Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек қатысып, «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының басшылығымен және сардарларымен бірге батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Мұнан соң бірқатар қала тұрғындары да гүл қойып, батыр рухын құрметтеді. Бүгінгі бақытты жас ұрпақ осынау бейбіт күнді көздің қарашығындай қорғаған Б.Момышұлы алдында қарыздар. Батырдың ерлігін естіп, қаһармандығын көңіліне түйген қаншама жас буын батылдыққа, отаншылдыққа тәрбиеленіп жатыр десеңізші!

Бұл ретте «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери бригаданың командирі, полиция полковнигі Мақсат Сартаев: «Біз бүгін халқымыздың қаһарман ұлы, ерлігі аңыз болған тұлға, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туған күніне орай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне жиналып отырмыз. Бауыржан атамыздың туылғанына – 111 жыл. Бүгінгі іс-шара батырдың есімін қастерлеу, жас ұрпаққа отаншылдық, патриоттық тәрбие беру мақсатында жүзеге асып отыр. Ер Баукеңнің ерлігі, биік тұлғасы біз секілді әскери адамдарға қашанда үлгі», – деп, батырдың рухына басын иді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.