Қалалық қоғамдық-саяси газет

Емханаға тіркеу тәртібі өзгерді

0 817
   Жыл сайын 15 қыркүйекте емханаға тіркеу науқаны басталады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі. Екі айға созылатын дәстүрлі кампания қарашаның 15-інде аяқталады. Денсаулық сақтау министрінің 28-шілдедегі бұйрығы негізінде емханаға тіркеу тәртібіне өзгерістер енгізілген еді. Жаңа бұйрыққа сәйкес, бұдан былай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуы тиіс. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиал директорының орынбасары Ғайни Аймағанбетова айтты.
«Мигранттар мәселесін айтар болсам алдымен олар емханаға барып өтініш жазады. Немесе өтінішті ерікті сақтандыру туралы келісімшарт бекіткен сақтандыру компаниясының өкілдері жаза алады. Жалпы, ЕАЭО елдерінен келіп жұмыс істеп жатқан мигранттар сақтандыру төлемдерін төлеп, МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдалана алады. Емханаға тіркеу азаматтардың тұрақты немесе уақытша тұратын мекенжайы бойынша жүргізіледі. Бұл әсіресе, қазіргідей пандемия тұсында, мобильді бригадалар мен дәрігер шақыртушылар саны артқан тұста өте үлкен маңызға ие болып отыр», – деді Ғайни Аймағанбетова.
   Әр адам бір әкімшілік-аумақтық бірлік шеңберіндегі емханалардың бірін таңдау құқығы бар. Ал, шекаралас аймақтардың тұрғындары жақын маңдағы әкімшілік аумақ ішіндегі медицина ұйымына тіркеледі. Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды тіркеуден бас тартуы мүмкін. Сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кетсе де тіркеуден бас тарта алады. Себебі, қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы практика дәрігеріне тіркелген пациент саны 1700-ден аспауы тиіс.
Спикер брифинг барысында емханаға тіркелу жолдарын айтты. Бірақ ол бұрынғысынша өзгеріссіз. Бұған дейінгі болған 2 түрлі тәсілімен жүргізіледі.
«Бірінші «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркеу» қызметін пайдалану арқылы тіркеледі. Екіншіден
емханаға барып арыз жазу арқылы тіркелу. Бұл әдісті зейнеткерлер, мүгедектер, балалық шақтан мүгедек азаматтардың қамқоршылары, түрмеде жазасын өтеп жатқандар, студенттер, әскери борышын өтеп жатқандар, шетелде туған балалар мен сенімхат арқылы тіркелетін азаматтар пайдалана алады. Емхана қызметкерлері «Тіркелген тұрғындар регистрі» ақпараттық жүйесі арқылы тіркеуге өтініш береді. Ал, тіркеу egov.kz порталы арқылы жүргізілетін болса авторизациядан өтіп, электронды өтініш қалдырады. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің Жеке кабинетіне жіберіледі»,- деді брифинг қонағы.
 Айта кету керек, емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2022 жылдан бастап пайдалана алады. Жалпы, емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхананың қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да сол емхана қызметін пайдалана берсе болады.
 Сонымен қатар Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Лаура Отарбаева тіркеу науқанына Қордың мәліметтер базасына енген емдеу мекемелері ғана қатысатынын атап өтті.
Спикердің айтуынша олардың толық тізімімен МСҚ www.fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады. Осы жолы жамбылдықтар 27 бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына тіркелуге мүмкіндік алмақ. Оның ішінде 16 емхана мемлекеттік, 11-і жеке меншік клиника.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.