Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еліміздің ұйытқысы – әдет-ғұрпымыз

0 288

Қазір қоғамда «Елге не керек, қоғамға не керек?» деген сұрақ жиі қойылады. Бұл сұрақтың өзі де, оған берілетін жауап та, сөз бен ойлар да өте өзекті болатыны ақиқат.

Биылғы жылдың басынан бері төрткүл дүние түгелдей атың өшкір індеттің лаңы мен қасіретінен азап шегіп, небір тосын әрі ауыр қиындыққа ұрынып келе жатқанын айтар болсақ, әрине, адамзаттың алдында шешімі қиын әрі ұзаққа созылатын ықтималдығы басым өмірлік мәселелер бар.
Алда қалай болмақ? Адамзат оянды, қоғам тітіркеніп тұр.

Адамдар неден тыйылуы керек? Жүйесіздік пен жасандылық, дақпырт пен сыбайлас жемқорлықтың салдарынан былғанған қоғамды тазарту жұмыстары адамдардың ой-санасына, ұлттық мінезіне, табанды тіршілігіне тікелей байланысты екеніне толық көз жетіп отыр.
Қоғам сабақ алды ма? Біздіңше, ең әуелі атқару органдары сабақ алды. Ащы сабақ, өткір тағылым баршаны қатты ойландырып отыр. Бізге керегі – барлық мәселеде халықтық бақылау мен темірдей қатты мемлекеттік тәртіп! Қоғамда әлеуметтік әділеттілік болмаса, бірлік жоқ. Жан сүйсінтер бірлік болмаған жерде саналы тірлік те жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында, оған дейінгі ресми сөздерінде де әділетті қоғамның құндылықтарын арқау етуі – бұл халықтық мәселенің, мемлекет ұстанымының дәл қазіргі уақытта айрықша мәнге ие болуынан деп білеміз. Әлеуметтік мәселе мен әлеуметтік адалдық – дамудың кепілі.

Ел Президенті Үкіметтің бүкіл қызметі мен атқару билігі халықтың үнін ести отырып жұмыс істеуге міндеттеп отырғаны дәл осы адалдық пен әлеуметтік мәселеден туындап жатыр. «Қай жерде болсын халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам азамат емес: ол – халықтың бірінші жауы». Енді ұлы суреткер Ғабит Мүсіреповтің осы сөз тіркесін үлкен көлемде айтатын болсаң, баршаға ортақ міндеттің жауапкершілігі оңай соқпайды.

Әркім өз тағдырын өзі шешуі тиіс. Бірақ қоғамдық өмірден ешкім де сырт айналып кете алмайды. Өзің және отбасың, сүйкімді бала-шағаң өмір сүріп отырған ортадан қызығы мен қиындығы бірдей ахуалды сезбей жүруіңіз мүмкін бе? Әрине, ағайын-туыспен жақындасудың маңызы зор, шынайы сөйлесу, бауырмалдық сияқты құндылықтар алға шығуы тиіс. Шын жанашырлық ағайынның татулығымен және берік бірлігімен тығыз әрі айқын көрінуі аса қажет. Бұл қазақи текті мінез бен мағыналы туыстық жолы: ол – біздің әдет-ғұрпымыз.

Еліміздің ұйытқысы – ұлттық қадір-қасиетіміз. Басқалай бізде өмір тәжірибесі жоқ, болуы да мүмкін дей алмаймыз. Жеке адамның ұлт болып ұйысуына сіздің ата-бабаңыздың әруақты аты мен қалдырған өнегесінің өзі аздық етпейді, әсері мол.

Атақты ойшылдар не дейді? Ол кісілер халық халық болып өмір сүреді, ал ұлт болу үшін ұлттық сана, ұлттық сапа, ұлттық деңгей болу керек дейді. Тарихи сын сәттерде ұлттық сана-сезімді, рухты сақтап қалу – ұлт үшін үлкен мәселе. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз осы құндылықтарды жастардың бойына сіңіріп, болмысын толыққанды ету жолында көп іс тындыра алдық. Әйтсе де ұлттық рухтың күшті болуы қоғамда атқарылып, жүзеге асқан түрлі әлеуметтік-рухани жобалармен ғана өлшенбейді. Бұқаралық мәдени тірліктердің де идеологиялық мәнісі мазмұндылық жағынан қанық, мықты болуы шарт.

Біз ұлттық деңгейді көтеруде және тарихи сананы тереңдете түсуде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өміршең, әлі талай уақыт бедерінде бағалы ой қазынасы бола беретінін айтуды жөн санаймыз. Қалың қазақ сүйінші сұрайтын, жұртшылық кәдесіне жарататын асыл мұрамызды сарыла іздеп, үңіле зерттеп, адамзат игілігіне қосар үлесін айқындайтын жұмыс бір сәт те тоқтамауы тиіс. Біз осы биік рух қуатын мол білім күшімен, шөгіп қалмайтын рухани ерік-жігермен ғана еселей алатынымызды түсіндіруіміз қажет.

Әр адамның тағдыры өзінше тамаша және әр адам кездейсоқ емес. Елге тұтқа болатын ерекше дарынды адамдар да көп. Бірін-бірі ішкі түйсік арқылы сезіне білетін қабілетті тұлғалардың тағдырлы мәселені бірлесе шешуде иық түйістіріп қалыптасуы қоғам үшін өте пайдалы. Таңдаулы адамдар күн туғанда жас айырмашылығына қарамай бірге қайрат көрсетеді. Ал біз оларды біліп, құрметтеуге міндеттіміз.

Жамбыл өңірі – ата-баба дәстүрін берік ұстай білген иманды жұрттың бірегейі. Әл-Фараби мен Баласағұн заманынан бері санаған мыңжылдықтарда адамзаттың рухани байлығын жасауда зор үлес қосып, жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңіріп, игеруде өшпес өнеге қалдырған ұлы адамдар қазіргі Жамбыл өңірін «Құдайдың көзі түскен өңір» деп айтып кеткен. Бұл өңірді қазақ жұрты қазақ даласының ерекше қаймағы, әулиелер елі, батырлар мекені деп бағалаған. Неге? Өйткені Қаратау мен Алатаудың арасын жайлаған Жамбыл халқы өз ұлтымыздың дәстүр-салтын, қазақ болмысын бар қалпында сақтап қалды.
Мұқым қазаққа әйгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова:
Тақ Тараз, жалқы Тараз жаһандағы,
Түп қазық туған үйім Отандағы.
Ықылым замандардың шаңы жұққан,
Шаһарлы шежіремнің қаһарманы.
Тегім – сен, кітабым – сен, парағы алтын,
Сен – дәлел, дамыса егер, дала халқы.
Милед пе, миллениум бе, саған да тән –
Дәуірге сәлем бердің дана қалпың, – деп өзінің «Жұлдызым Жібек жолы бойындағы» өлеңінде тебірене жырлауы да ақындардың арнау дәстүрінде бар.
Ұлы Дала елінде ықылым заманнан бері киелі шаңырақ, ислам дінінің шамын жаққан шаһар, өркениетті сәулеттің өрнегін салған, жақсы адамдар тұратын қала, сұлулық пен махабаттың ордасы, қала топырағына егілген адами ізгіліктер өсіп-өнген қоғамдық орта, ел-жұртқа саялы пана, айбынды тірек секілді ғажап сыр-сипатымен Шығыс шайырлары мен дүлдүл ақындарының, атақты оқымысты-ғалымдардың шығармаларына арқан болып өрілген атамекен, аяулы қала бұрын-соңды болған емес. Әлем жауһарларымен сусындаған әулие кісілер қазақ ғұламаларымен қатар Тараздың қасиетті орындарында дәріс оқып, имандылық сабақтарын өткізген.

Екі мың жылдық тарихы өте оқымысты адамдарды ІХ ғасырда да, ХІІ ғасырда да Қарахан мен Айша бибі кесенесі ел зердесінде сақталып, олар туралы аңыз-әңгімелері қатты қызықтырып, мыңжылдық жолаушылардың жүрегін жаулап алғаны керемет емес пе? Қарахан мемлекеті тұсынан қалған асқақ сәулет туындысы Айша бибі кесенесі – әйелге арналған әлемдегі алғашқы ескерткіштердің бірі деп санайды түрколог-ғалымдар еңбегінде. Бұл ғажап кесенені кімдер жасады екен деген ойлар келеді. Әлбетте, оларды қолының өнері бар еңбек адамының – кәсіби ұста, шебердің жасағаны айдан анық, беп-белгілі. Қандай шебер жан болса да, атақты ақын Күләш Ахметованың өлеңінде жырланғандай, осындай мәні өшпес, тозбас сәулетті ескерткішті тұрғызған суретші, өнерлі, білімді адамға жер бетіндегі барлық әйелдердің атынан мың алғыс айтылады. Айтпақшы, Айша бибі сағанасындағы жазуды әркім әрқалай аударып келеді. Бірсыпыра кісілер «Аспан. Жер. Су» деп жазады. Белгілі жазушы, білімдар кісі Асқар Сүлейменов өз кітабында бұл жазу мағынасын «Сүмбіле. Су суыды. Өмір сұмдық!» деп философиялық оймен түйіндеген.
Таңба сүйіп таңбалаған Тараз қаласының терең тарихы біздің халқымыздың жас ұрпақтарға берер тәрбиесінің темірқазығы болып саналады. Бұл – ел шежіресі еліміздің төл тарихының алтын бастауы, ұмытылмас ұйытқысының негізгі мәйегі.

Халықтық дәстүрдің ақыл-ойлары шексіз. «Бір тал кессең, он тал ек!». Адалдық көңілдің ең қарапайым, бірақ мейірім мен еңбектің көркін келтіретін халықтық дәстүр. Шын мәнінде, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарымыз – отбасылық тәрбиеден басталатын ұлттық қатаң талаптың оң өрелі арнасы. Елдік пейілге толы арнаны бүлдірмей, былғамай, таза ұстаудың ұлағаты тұнып тұрған тарихи философия. Қазақтың ар-намысын жоғалтпаған елге, ұлтқа айналуына жарасымды салт-дәстүріміздің тәрбиесі ерекше құнды, айрықша маңызды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Еуропа мен Азияның көптеген елдеріне жолым түсті. Бардық. Көрдік. «Егемен Қазақстан» газетінің арнаулы тілшісі ретінде жолжазбалар жаздық. Сол кезде кез келген мемлекеттің мақтанышы өсіп-өнген дәулетінен бұрын елдің іргетасы әрі ұйытқысы – ұлттық салт-дәстүр ерекшеліктері екеніне талай мәрте көз жеткізіп, куә болған едік. Сол қабырғалы елдер әбден дамыған, озық өркениет жолында абырой-намысы сақталған мемлекетке айналған.
Шүкір, Қазақ елінің де өз биігі бар. Бақ қонып, қыдыр дарыған жұрт болдық. Барымызды бағалай білсек, қадір-қасиетіміз арта беретіні хақ.

Өмірде бәрі де керемет бола бермейді. Кем-кетік кемшіліктер де болады. Билікке сын да айтылады. Бір ойшылдың былай деп айтқаны бар: «Заманауи сөзі: орынсыз момын болуға, орынсыз пысық болуға, орынсыз ақыл айтуға да болмайды», – деп. Бұл да дұрыс шығар. Ащы болса да Ғабит Мүсіреповтің: «Бір қазақ ең кемі екі ақыл айтып кетеді. Өз қара басы сол екі ақылдың біреуін орындап жүрген болса, әлдеқашан адам болып кетер еді», – деген сөзі де ойымызға оралып отыр.
Қазір, шынымызды айтсақ, өзімізге өзіміз көп сын айтып, мін тағуға бұрылып алдық па деп те қоямыз. Бір-бірімізді қамшылау үшін керек те шығар мұндай жанашыр сын, алайда біздің қазақтың зиялы қауымдарының өкілдері қоғамның алдыңғы шебінде болуы – азаматтық парызы.

Зиялылар – қашанда ұлттың ұйытқысы, мәйегі. Зиялысыз ұлт болмайды. Ұлтсыз зиялы жоқ. Бұл – қоғамның айнасы. Зиялы қауымды іштей байланыстыратын елдік мүдде бәрінен де биік тұруы керек.

Біз осы мақаламызда өзіміз тұрып, өмір сүріп жатқан бейбіт қаламыз бен киелі өңірдің жүріп өткен жолы, яғни ата-бабалар аманаты мен қаланың көнеден көкжиек тартқан бай тарихы – ұлтымыздың ұйытқысы болып, қадір-қасиеті, әдеп-ғұрпымызбен біте қайнасқан жағдайын қозғап, ой талқысына салуды ниет еттік.
Елдің бай тарихы, мол мұрасы – білім мен мәдениеттің ажырамас бөлігі. Рухы күшті елдің бойтұмары. Біз бұл игіліктер мен ізгіліктерді асқақтату арқылы егеменді елдің ертеңгі келешегіне сеп болып, жас ұрпақ тәрбиесіне арқау етеміз.

Сөз ыңғайында біз көне Тараз қаласы күні қарсаңында жыл сайын, дәл биылғы жағдай оған мүмкіндік бермес, облыс оқу орындарында «Тараз – ежелгі қала» немесе «Тараз – ел шежіресі» деген тақырыпта оқулар өткізуді ойластыруға болар еді деген ұсынысымыз бар. Ойға қонар ой болса, қолдау табады деген ниеттеміз.
Тарихи сыр-сипатқа толы Тараз қаласы тұрғындары өз тарихын өздері жасап жүрген өмірін әрдайым мақтаныш санайды деп білеміз. Біздің жерлестеріміз «Елге не керек?» деген сауалға ортақ жауапты ел татулығы мен бірлігінен, адал еңбектен, әділетті қоғамнан іздеп табатынына еш шүбәм жоқ.

Бәрі де өзгереді. Қоғам да даму жолында өзгеріп те жатыр. Біз де өзгеруіміз керек. Оны әркім өзінен бастағаны мақұл. Мәселен, қаланың тұрғындарының мәдениет алайық. Ертеде «Қаланы адамдар салады, ал қала адамдарды тәрбиелейді» деп қала ерекшелігіне байланысты пікір айтылатын.

Айтары жоқ, қаланың соңғы екі жарым жыл ішінде көркі ашылып, әдемі ғимараттар, саялы бақ, серуендеу орындары көз тарта бастады. Сол әдемілікке сай тұрғындары үшін қала тазалығы мен көшеде мәдениетіне мән беріп жүруі, тіптен киім кию, бақытты шақты сездіретін сыйластық пен ізеттілікті қалыптастыру – өте маңызды іс.

Тарихы ерте оянған Тараз қаласының көнеден үзілмей келе жатқан салтанатты дәуренін жаңа заман жетістіктерімен мәдени келбетін қалыптастыруымыз қажет. Соның бірі… Біздің қала көшелерінде қаптап тұрған билбордтан Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Кенен Әзірбаев, Әкім Тарази, Мырзатай Жолдасбеков, Асанәлі Әшімов, Күләш Ахметова, Аягүл Миразова, Жақсылық Үшкемпіров, Тұңғышбай Жаманқұлов, Серік Қонақбаев, Сейділда Байшақов, Мұқаш Ескендіров секілді ұлтымыздың мақтанышы атанған асыл адамдардың ұлағатты сөздері мен портреттерін көргіміз келеді.
Құрмет құрметті адамдарға ғана жарасады. Бұл да – ұлттық кісілік дәстүрдің тура жолы.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері,
облыстық мәслихаттың
депутаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.