Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еліміздің болашағы баянды болсын десек…

0 2  888

Өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек – Білім күніне орай Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты кезекті Жолдауын жариялаған болатын.

Құнды құжатта Мемлекет басшысы: «Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек. Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады», – деп еліміздегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Бұл – жоғары оқу орнын аяқтап, бос жүрген жастардың жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік. «Жұмысы жоқтық, қарны тоқтық, Аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтып кеткендей, жұмыс таба алмаған жастардың құқық бұзушылыққа және басқа да жағымсыз іс-әрекеттерге баруы азаяды. Яғни Жолдауда келтірілген жоғары оқу орнының қызметкерлері өз салаларына сәйкес өнеркәсіп орындарымен тығыз байланыс орнатып, дәріс алып жүрген студенттердің болашақта толыққанды жұмыспен қамтылуына жағдай жасай алады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жоғары білім беру жүйесінде ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек екеніне назар аударады. Әрі отандық жоғары оқу орындарының шетелдердегі жетекші университеттермен, ғылыми орталықтармен, ірі кәсіпорындармен және трансұлттық корпорациялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруы керектігін ескертіп өтті. Бұл жас ғалымдардың ғылыми гранттар аясына квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуге барып ұласады. Сол сияқты жас ғалымдардың білім беру саласына өзінің инвестициялық жобасы мен экспорттық әлеуетті экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын уақыты келгені де қаперге алынады. Осының бәрі біздің қазіргі заманның талаптарына сай келетін мамандарды даярлап шығаруымызға жол ашып береді.
Президенттің атап өткендей, Су ресурстары және ирригация министрлігінің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта іске қосылады. Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. «Жалпы осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек. Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент елімізде кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатқанын әрі су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұрғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек екенін еске салды. Су, таза ауа – бар тіршілік атаулының көзі. Халқымыз «Сулы жер – нулы жер» деп бекерге айтпаса керек. Сондықтан ол мемлекеттің қарауында, қатаң бақылауында болуы керек. Әсіресе трансшекаралық аймақтарда даулы мәселе болмауға тиіс. Тарихта суға қатысты талай мәрте тартысты, шиеленісті жағдайлар болғанын қаперден шығармауымыз керек. Әрине, бізде, Құдайға шүкір, мұндай мәселе болған емес. Дегенмен «Сақтансаң – сақтаймын» деген принципті ұдайы назарда ұстаған жөн.
Сонымен қатар Жолдауда айтылған, әсіресе ел әлеуетіне тікелей байланысты әлеуметтік салаға келгенде Мемлекет басшысы балалар мен жастарға ерекше тоқталды. Бастапқы білім беру капиталы мен жыл сайынғы инвестициялық табыстың жан-жақты қаралуын міндеттеп, 5 жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды.
Бұдан өзге, Жолдаудағы азаматтардың табысын арттыру мақсатын да ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болып бекітілгені, еңбекақының төменгі мөлшерін көбейту арқылы бюджет саласында қызмет істейтін 350 мың азаматтың әл-ауқаты артатыны назарға алынды. Адам құқығын қорғау саласында да маңызды қадамдар жасалынғаны, әділ заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.
Жолдауда айтылған көп міндеттің ішінде «Отбасы банк» қызметін қайта қарау, басты назарды аудандар мен моноқалаларға, ауылдарға аудару да бар. Сондай-ақ ел ішіндегі 21 банктің қатарына бәсекені арттыру үшін сенімді деген үш шетелдік қаржы ұйымын тарту ұсынылды. Президент аталған міндеттің бәрі үш жыл ішінде жүзеге асуы қажет екенін нықтап айтты.
Соңғы Жолдаудағы ең өзекті мәселе – еліміздің өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу міндеті жүктелді. Сондай-ақ инфрақұрылымды, көлік логистикасын дамыту секілді ел тағдыры үшін ерекше маңызы бар бірқатар жобаларды жүзеге асыру мен экономикамызды әртараптандыру міндеті тұрғаны басты назарға алынды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы шикізат үшін шетке жалтақтамай, елде өндірістің барлық сатысын дамытуды қамтамасыз етуді тапсырды. «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек», – деді Президент.
Президент аталған Жолдауында нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек екенін айта келіп, осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалармен ұштастыру қажет екеніне тоқталды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазір әлемде геосаяси ахуалдың ушығып тұрғанын атай келе: «Жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды», – деді Президент.
Мемлекет басшысы одан әрі қарай экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі бағыттарына тоқталып, арнайы атап өтті. Ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, сонымен қатар еліміздің экономикасын өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу. Мемлекет басшысы сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажеттігіне айрықша тоқталды.
Аталған Жолдауда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға ерекше назар аударылды. Ел Президенті өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отырғанын атап өтті. Сондықтан Үкіметке 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауды тапсырды. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек.
Бұдан бөлек, Жолдауда ірі өндіріс орындарынан халық денсаулығына келетін қауіптің алдын алу үшін Үкіметке кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауды тапсырды. Оған ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп бара жатқаны себеп болып отырғанын алға тартты. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып шағымдануда. Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы жиілеп кетті. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керектігін жеткізді. Бұл өз кезегінде халық саламаттылығын қамтамасыз етуге өз үлесін қоспақ.
Сондай-ақ Президент ақша-несие саясатындағы күрделі мәселені атап өтті. Елімізде банктер табысқа қол жеткізген. Өткен жылдағы табысы 1,5 триллион теңге болды. Олар қалай көп табысқа жетеді? Халықты несиелеу арқылы ма? Экономикаға қосар үлесі қандай? Тұтынушы несиесін көбейтсе, неге бизнесті қаржыландырмайды? Осындай мәселелер Жолдау жолдарында нақты айтылды.
Жолдау аясында аймақтар Президент әкімшілігінен тәуелсіз болуы қажет екенін көтерілді. Бұл – революциялық шешім. Енді бір жылдың ішінде өңірлер блоктық бюджетке өтіп, жергілікті аудан бюджеттері ҚҚС алатын болса, онда республикалық бюджетке қол жаю тоқтайды. Әр ауданның әкіміне, оның іскерлігіне көп нәрсе байланысты болады.
Саясаттанушылардың айтуынша, әкімдердің билігі күшейіп, тәуелсіз бола түседі. Мемлекет басшысы аудандар мен облыстық қала деңгейіндегі әкімдердің сайлауын тағайындады. Екіншіден, аудан әкімдеріне нақты елді мекендердегі қордаланған мәселелерге орай бюджетті жасақтауды өздеріне тапсырып отыр. Үшіншіден, Президент тапсырмасы бойынша, министрлер мен әкімдер салалық шешімдерді орындауда және дайындауда біршама тәуелсіздікке қол жеткізеді. Тиісінше, оларға артылатын міндет те артады. жасалып жатқан реформалардың нәтижесі үшін тікелей жауапты болады деген пікірде.
Жоспарлы бюджет әр салаға нақты бөлінгені баршаға мәлім. Онда тек берілген нәрсені игерумен айналысады. Мысалы, сіз аудан әкімісіз делік. Қыста мұз қатты да, құбырлар жарылып, халық сусыз қалды. Бірақ сіз оны тез жөндеп, халыққа су бере алмайсыз. Себебі бюджетте құбыр емес, жол жөндеу қарастырылған. Жолдың ақшасын суға бағыттай алмайсыз, облыстағы қаржы басқармасы рұқсат бермейді. Ал егер шотта ақша жатса, сіз оны құбыр жөндеуге салып жіберсеңіз, сотталасыз. Халық ол ішкі процестерді білмегендіктен, әкімді керең, мемлекетті соқыр деп ойлайды. Күйінеді, көшеге шығады. Осыны туындырып отырған – бюджеттік ескі жоспарлы жүйе ғана.
Блоктық бюджет идеологиясы басқаша. Әкімге сенім шкаласы бойынша белгілі бір қаржы лимиті, мысалы, 100 миллион теңге бекітіледі. Осы қаржы көлемінде ол өз шешімі негізінде әрекет ете алады. Яғни кез келген жағдайға дайын, құбыр жарылса да, желден шатыр ұшып кетсе де, оны тез арада жөндей алады. Артынан облысқа есеп беріп, ненің, қайда жұмсалғанын көрсетеді.
Осы жүйеге аудан әкімдерін сайлау идеясы сұранып тұр. Беделі кіршіксіз, тұрғындар сенетін, қолынан іс келетін азаматты халық өзі таңдап, сайлауы керек. Ондай білікті маман өз ауданын үш жылдың ішінде адам танымастай етіп өзгерте алады. Жергілікті бюджетке корпоративті, жеке табыспен бірге қосымша құн салығы да берілмек. Демек, әр аудан әкімі бұдан былай өз жерінде бизнестің көп болғанына, олардың салық төлеуіне мүдделі болады. Көп салық жинадың ба, ол ақша өзіңде қалады. Баяғыдай тек бюджеттің бергенін ғана игеріп отыратын тиімсіз кездер артта қалмақ. Аудандар бизнесті тарту, қызық локациялар ашу, креатив бойынша бір-бірімен бәсекелесе бастайды. Осы ретте жолдар да түзеліп, түрлі кәсіптің пайда болатыны анық.
Жолдаудағы толғақты мәселенің бірі – АЭС салу. «Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше, өз жерімізде атом станциясын салуға әбден хақымыз бар. Қазақстанда АЭС салу тақырыбы аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналған. Оған қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданады. Атом электр станциясын салу немесе салмау – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді Президент Жолдауында. Бұл – енді қоғам болып талқылап, мамандардың пікіріне жүгіне отырып шешім шығаратын өзекті мәселе.
Сонымен қатар Президент бұл жолғы Жолдауында Транскаспий бағытын дамыту қажет екенін тағы да сөз етті. Жаңа Көлік министрлігінің құрылуы да осы бір проблеманың оңтайлы шешілуін қамтамасыз етуден туындаған болуы керек. «Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану. Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар», – деді Мемлекет басшысы.
Жолдауда қарастырылған энергетика, экология, қорғаныс қауіпсіздігі, инфрақұрылымды жақсарту, агроөнеркәсіп саласында серпіліс жасау, ауыл-аймақты дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құру және жүзеге асыру жолдары мен жаңа әдіс-тәсілдерін енгізу міндеттері басты назарға алынды.
Жолдау аясында Мемлекет басшысы халықты толғандырып жүрген көптеген мәселелерге жауап берді. Қоғамымызда белең алып жатқан кәмелетке толмағандарға жасалынып жатқан зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне қатысты жазаны қатайтуды талап етті. Сонымен қатар психологиялық қолдау қызметін күшейту, сенім телефонын ұйымдастыру, қысымға тап болғандарға арнайы бағдарламалар әзірлеу жөнінде тапсырмалар берді.
Сонымен бірге Президент қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналатынына терең тоқталып, креативті экономиканың дарынды жастар мен шығармашыл адамдарды өзіне тартатын, өсіріп, дамытатын мегақалалардың дамуы осы креативтілікке қатысты екенін атап өтті. «Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Зияткерлік меншік дегеніміз – құрал-жабдық немесе технология сияқты кәдімгі мүлік. Қазір креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада шоғырланған, өңірлер назардан тыс қалып отыр. Бұл ахуалды түзеу қажет», – дей келе, креативті индустрия ұйымдары барлық облыс орталығында болуға тиіс екенін баса айтты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа пайдасы бар ірі жобаларды іске асырып, отандық өнімдерді коммерцияландыруына көмек көрсетілуі керектігін де атап өтті. Мәселен, креативті индустрия Қытай, Ұлыбритания, Жапония мен АҚШ, Германия сияқты елдерде қарқынды дамып кеткен. Ресей де олардан қалыс қалмайды. Ал Қазақстанда бұл сала өкілдері кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды және үкіметтен қаржылай көмек те ала алмайды.
Бұдан бөлек, саяси құжатта Президент алдымен «Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет екенін ерекше атап өтті. Аталғандардың ішінде Алматыны айналып өтетін теміржол желісі де бар.
Сонымен қатар халықтың әл-ауқатын көтеру, еңбекпен қамту, баспанамен қамтамасыз ету, жемқорлықпен күресу, электронды қарым-қатынасты арттыру жолдары нақтыланды. Ауыл шаруашылығын субсидияландыру, өнеркәсіпті жан-жақты дамыту жолдарын белгілеп, көлеңкелі бизнестің және кредит алудың қитұрқы жолдарын ауыздықтау керектігі туралы Үкіметке тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесін жедел түрде өзгерту керектігін де назардан тыс қалдырмады. Ол: «Билікке тың ойы бар, жалындап тұрған жастарды тарту қажет. Шенділердің жұмысы енді балдық жүйемен бағаланады. Осалдық танытқаны қызметінен кетеді. Ал белсенділерінің айлығы көбейеді», – деп жалынды жастарға тағы үлкен серпін берді.
Жолдау жастардың бойында азаматтық позицияны арттырып, патриоттық сезімді оятты, жастарды осы қоғамға бейімдеп, келешекте өзінің Отанына, қоғамдағы әлеуметтік жағдайларға бейжай қарамай, оған өзіндік үлесін қосуға шақырды.
Жалпы еліміздің іргесі берік, төрт құбыласы түгел болу жолында ата-баба аманаты – еліміз бен жерімізді қорғау және оны өркендету біздер үшін үлкен жауапты міндет. Қазақстаннның әрбір азаматы осыны ұғынуы тиіс. Сондықтан баршамыз бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етуіміз қажет!

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.