Қалалық қоғамдық-саяси газет

Елдік нышанына ерек құрмет

0 159

4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай Тараздағы «Жастар» аллеясында «Елтаңбам – елдігім, көк туым – теңдігім!» атты патриоттық акциясы аясында авто-мото-велошеру ұйымдастырылды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Салтанаты келіскен ерекше шараға қатысушылар «Жастар» аллеясындағы «Сахна» алаңшасынан Желтоқсан көшесіне түсіп, одан әрі Төле би, Жамбыл даңғылдары арқылы Д.Қонаев, С.Сейфуллин, Б.Момышұлы, Тәуке хан көшелерімен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағына дейінгі жолды жүріп өтті. Тұңғыш Президент саябағында «Елтаңбам – елдігім, көк туым – теңдігім!» атты акция жалғасын тауып, бір мезгілде Мемлекеттік Гимн орындалды.

Мерекелік шеруге «Бипэк Авто» компаниясының жергілікті өкілдігінен, «Джип клуб Тараз» және «BMW клуб Тараз» қоғамдық бірлестіктерінен автоәуесқойлар қатысып, мемлекеттік рәміздермен безендірілген көлікпен қаланың басты көшелерін жүріп өтті.

– Бізді Тараз қаласының әкімшілігі Мемлекеттік рәміздер күнін атап өту үшін арнайы шақырды. Жалпы бізден 23 машина және жалпы алғанда 50-ге жуық адам қатысып отыр. Бұл біздің осындай акцияға алғаш қатысуымыз емес, әрдайым асқан ықыласпен белсенділік танытамыз, – деді Тараз қаласының BMW клубының басшысы Азат Заурбеков.

Аталған акцияға Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті №2 өрт сөндіру бөлімінің, Тараз қалалық полиция басқармасының, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» мекемесінің және өзге де мекемелердің қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ «Қасиетті көк байрағы елімнің!» атты акциясы аясында Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне Мемлекеттік Ту ілінді.

Мемлекеттік рәміздер күнінің ерекше ажар алғанына қала тұрғындары да дән риза. Салтанатты шеру аясында қала тұрғындары ерекше күй кешіп, мәз-мейрам болысты.

– 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні – бұл бүкіл ел бойынша Әнұранды Ту астында орындайтын күн ғана емес, сонымен қатар біздің Отанымыздың бірігуі. Рәміздеріміз бүкіл әлемге танымал, бұл халықтың мақтаныш сезімін тудырады. Көк байрағымыз биікте тұрғанда, рухымыз еш уақытта құламайды. Баршаңызға жақсылық, бейбітшілік пен татулық тілеймін, – деді көпқабатты үйлердің бірінің тұрғыны Асылай Бекмұрзаева.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.