Қалалық қоғамдық-саяси газет

Елді елең еткізген «5:32» фильмі Майтөбеде түсiрiлгенiн бiлесiз бе?

0 666

Қарт Қаратау мен ана Билікөлдің қойнауындағы тіршілігі мамыражай, қозы-лағы шуласып, балалары тай-құлындай тебісіп өскен Майтөбе ауылының тұрғынымын. Әкем үлкен тас жолдың бойынан «Нұр-Тілеп» деп ат қойып, жаздық кафе ашқан болатын. Бірде сол үлкен жолдың жиегіндегі жалғыз отауда әкем күншуақтап отырған сәтте көлік келіп тоқтап, ауыл жайлы сұрастырып, «біз кино түсірейін деп жүр едік» депті. Сол – сол екен, әкем алақұйын болып, фильм түсірмек болған шығармашылық топты Қаратау қаласы мен Майтөбе ауылының әкімдеріне таныстырып, зыр жүгіреді. Әлденеден құр қалғандай, әлденеге үлгеріп қалуға тырысқан адамдай маған да қоңырау шалып: «Біздің ауылда кино түсіріліп жатыр», – деп балаша мәз болды. Түсірілім тобы қайта айналып келетіндерін айтып, жол жүріп кетеді. Алайда аз ғана уақыттың ішінде фильмге қуанып, шауып жүрген әкемді тәжтажал ортамыздан алып әкетті.

Ауылға қайта оралған түсірілім тобы бірден әкемді сұрайды. Ол кісінің дүниеден өткенін естіп, кафенің бұрынғы «Нұр-Тілеп» деген атын жаңартып, «Сейсенбек» деп жаздырып алып келді. Ақкөңіл адамға деген өз алғыстарын солай білдірсе керек…
«5:32» фильмінің «Монстр в юбке» бөлімін кафеде жарты күнге жуық уақыт түсірген шығармашылық топты сыртынан бақылап отырдым. Үйдегі анам көк түспен сырлап қойған ескі қол жуғышқа айна қыстырып, бір ғана рет бет жуатын сәттің өзін мың қайтара қайталағанын көріп, өнер жолының ауыр екенін ұғындық. Бір шетте самаурын тұтатып, екінші жақтан бірінші жаққа сапырылысып, киноның қамымен жүгіріп жүргендерге қарап, бұл фильмнің мазмұны түсініксіз көрінді. Үйдегі кішкентай балаларым бірнеше сағат түсірілген фильмге кедергі келтіріп, қайта-қайта камераға барып, қала берді сиырларды қуып жүрді. Інім «Қандай фильм?» деп сұрағанда: «Жақсы фильм», – деген ғана жауап алыпты.
Фильм барысында мен үйге кіріп, ұялымнан әлдебір қызық әзіл тамашалауға кірісіп кеттім. Есіктен ақ жаулығы бар, үсті-басы аппақ киімге оранып, кіріп келген қызды көргенде, шыңғырып атып тұрдым. Шаңқай түсте неден, неге қорыққаным өзіме де беймәлім. Әйтеуір әлгі қыздан әлдебір үрей сезілді. Ол болса үн-түнсіз ғана үйдің бұрышына отыра қалып, намаз оқып кетті. Мен келініме барып, әйел кіріп келгенде қалай қатты шошып қалғанымды айтып, әбден күлдік. Одан бөлек, біздің ауылдағы көшелерді аралап жүріп, мен тұратын Қарымбай Қошмамбетов көшесінің аяғындағы бұл күнде иесіз тұрған үйге де фильмнің бір бөлігі түсірілгенін естідім.
Фильмнің басты кейіпкері, яғни «Монстр в юбке» образын сомдаған Жәудір Сарыпбековаға қоңырау шалып, тілдескім келді. Неге екенін актрисаға бірден қоңырау соғуға жүрегім дауаламай, өмірде таниды-ау деген кісілерден мінезі жайлы сұрастырдым. Мұның себебі – фильмдегі бейнесінен қалған қорқынышымнан болса керек. Жәудірді танитындар оның ақкөңіл, қарапайым жан екенін айтты. Көңілім орнына түсіп, қоңырау соқтым. Жәудірге образын сомдаған сәттегі эмоцияларымен бөлісуін өтіндім. Фильмде адам сойғыш әйелдің бейнесін керемет сомдап шыққанына алғысымды жаудырғанда, Жәудір қарқ-қарқ күлді. Ал мен жүрегімді қолыма ұстап, алдаспаны жарқылдап, тұтқаның арғы жағында қолы қып-қызыл қанға боялып, әлдекімді сойып, бөлшектеп, беляш пісіріп жатқан әйел елестеп кеткенін ішіме бүгіп қалдым.
– Фильм күңгірт үйдің ішінде түсірілді. Адамның бөлшектелген денесі жасанды, қан да бояу ғана болғанымен, сол сәтте бойымды үрейден гөрі жиіркеніш сезімі биледі. Қой сойылып, түсірілім барысында сол еттерден фарш туралды. Еттің иісі бөлмені алып, сасып кетті. Ол, әрине, фильмде адамның еті болып ұсынылды. Біз бірақ фильм біткен соң, сол еттен қуырдақ пісіріп жедік, – дейді Жәудір.
Осы сәт мен інім Нұржанға қоңырау шалып, фильм туралы пікірін сұрадым. Тұтқаның арғы жағынан ауылдың таза пейілімен: «Маған олар жақсы фильм деп айтқанына сеніп қалдым. Дәл мұндай адамның етінен беляш пісіретін фильм екенін білсем, түсіруге рұқсат бермес едім», – деп ашуға булықты Нұржан.
Кеше ғана ауылдың бөктеріндегі «5:32» фильміндегі «Монстр в юбке» адам етінен беляш сатқан кафеге кірдім. Пандемияға байланысты және қыс мезгілінде жұмысын тоқтатқан кафе бүгінде бос тұр. Алайда монстрдың адам етін бөлшектеп, фарш тартып отырған бейнесі елестей берді. Фильмге дейін бұл жерде келінім беляш пісіріп сататын. Үлкен әрі дәмді беляштар тұтынушыларға қатты ұнайтыны соншалық, бір сәтте өтіп кетуші еді. Енді бұл кафеден әлдекімнің беляш сатып алатынына күмәнім бар…

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.