Қалалық қоғамдық-саяси газет

Елбасы – бейбіт өмір сүру философиясының негізін қалаушы

0 555

Махметғали САРЫБЕКОВ,
Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Қазақстанда жүргізіліп жатқан түбегейлі реформалардың стратегиясы мен ауқымына терең талдау жасау барысында тәуелсіздік жылдарындағы ішкі және сыртқы саясаттағы елдің тарихи жетістіктерінің негізінде не жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Еліміз қол жеткізген орасан зор жетістіктер мен табыстардың негізі ретінде тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аса жауапты және қиын кезеңде республикамызды ХХІ ғасырдың басындағы көрнекті әлемдік саясаткерлердің бірі ретінде танылған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басқаруын сенімді түрде айтуға болады.

Елбасы – Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйесінің негізін қалаушы, нарықтық қоғам құрудың және елдегі демократиялық процестердің бастамашысы. Тарихи тұлғалардың іс-әрекетінің ауқымы олардың ақыл-парасаты мен дарындылық деңгейімен анықталатыны белгілі. Н.Ә.Назарбаев – бір елдің немесе аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік қауымдастықтың көлемінде ғаламдық деңгейде терең ойлайтын көшбасшы. Қазіргі әлемде «Назарбаев» супер бренді көптеген халықаралық мәселелерді шешудегі «сапа белгісінің» жарқын көрінісіне айналды. Әлемдік саясаттануда табысты саясаткер, реформатор және стратег факторы ретінде тіпті «Назарбаев феномені» термині пайда болды.
Әлемдік саяси аренада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік қайраткерлік таланты барлық қырынан жарқырап көрінді. Көптеген шетелдік зерттеушілердің пайымдауынша, Н.Ә.Назарбаевтың тұлғасын Ұлы Петр, Джордж Вашингтон, Шарль де Голль, Мұстафа Кемал Ататүрік, Маргарет Тэтчер, Дэн Сяопин, Ли Куан Ю сынды көрнекті тарихи тұлғалармен салыстыруға болады. Елбасы кезінде Қазақ хандығының негізін қалап, іргесін нығайтқан сұлтандар Керей мен Жәнібек, Хақназар, Қасым хан, Абылай хан сияқты біздің ұлы бабаларымыздың данагөй саясатын жалғастырушысы болып табылады. Осы ұлы тарихи тұлғаларды Н.Ә.Назарбаевпен Отанға, өз халқына деген терең сүйіспеншілік, сондай-ақ өз елін жаңа жетістіктерге жеткізуге деген ұмтылыстары біріктіреді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев – Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестердің бас стратегі және сәулетшісі. Оның бастамасымен Кеден одағы және Қазақстан, Ресей, Беларусь ЕЭК, содан кейін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құрылды. Қазақстан бүгінде Орталық Азияның танымал көшбасшысы және қарқынды дамып келе жатқан аймақтық ірі мемлекет болып табылады.
Егеменді Қазақстанның аз ғана уақыт шеңберінде әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы дамыған елдерімен санасатындай мемлекетке айналуы Елбасының ішкі және сыртқы саясатты ұтымды жүргізе білуінде жатыр. Н.Ә.Назарбаевтың ең басты қасиеті – оның негізгі реформалар мен түбегейлі өзгерістерді логикалық аяқталуына жеткізе білетін кәсіби қабілеттілігінде. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев сұхбаттасушыны тыңдай алады және сонымен бірге өз көзқарасын әрбір азамат пен адамға дәлдікпен жеткізе біледі. Ол сыртқы саясатта мынадай қағидатты ұстанды: біздің еліміздің сыртқы саясаты – бұл ішкі саясаттың жалғасы, ұлттық қауіпсіздік, әлеуметтік және саяси тұрақтылық құралы. Мұның барлығы өз кезегінде елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін барынша қолайлы сыртқы факторларды құруға мүмкіндік береді. Осы қағидаттың арқасында Қазақстан табысты нәтижелерге қол жеткізді және әлемдегі дамыған елдердің экономикалық және саяси даму деңгейіне жақындады. Еліміздің сыртқы саясаты Қазақстан Республикасының сыртқы саясат тұжырымдамасында бекітілген көпвекторлылық доктринасына негізделген. Бұл мынаны білдіреді: әр мемлекет біз үшін ерекше мәнге ие, сондықтан оның ерекшеліктеріне сәйкес әрекет ете отырып, барлық елдермен бейбіт қатынастарды сақтау және дамыту қажет. Елбасы сыртқы саясат стратегиясының генераторы ретінде еліміздің тиімді қауіпсіздік жүйесін құрғанын атап өткен жөн.
Тұңғыш Президент республика тәуелсіздігін нығайтуға тікелей байланысты бірінші кезектегі міндет ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау мәселелерін қойды. Бұл стратегиялық мақсат сәтті шешіліп, бүгінде біздің мемлекет өзінің мемлекеттік шекарасын заңнамалық түрде анықтады және барлық көрші елдермен осы мәселе бойынша халықаралық келісімдерге қол жеткізді.
Қазақстанның аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешудегі сәтті әрекеттерін де атап өткен жөн. Халықаралық терроризм қаупіне, есірткі құралдарының, тыйым салынған препараттардың таралуына қарсы күресте басқа елдермен нақты реттелген өзара іс-қимыл жоспары бар. Жасалған халықаралық стратегиялық серіктестік келісімдері практикалық салада жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Қазақстанның әлемдік саясаттағы да, әлемдік еңбек бөлінісіндегі де рөлі оның халықаралық процестерге қатысуына, Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия мемлекеттерімен, Еуропа мен АҚШ-пен, сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты аймағының жетекші елдерімен ынтымақтастық пен өзара іс-қимылына байланысты. Ресеймен ынтымақтастық Қазақстан үшін маңызды стратегиялық басымдыққа ие. Қазақстан-Ресей экономикалық қатынастары осы кезеңде табысты дамып келеді. Сондай-ақ Қазақстан үшін Қытай ірі белсенді экономикалық әріптес болып қала береді.
Қазіргі таңда Қазақстан ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдармен белсенді серіктестік орнату мақсатында стратегиялық бағыт ұстана отырып, Азия, Еуропа және Америка елдерімен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытты. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Бұл әлемдік сауда-экономикалық қатынастарға белсене араласуға үлкен мүмкіндіктер туғызып отыр.
Н.Ә.Назарбаев – барлық посткеңестік кеңістікте тиімді интеграциялық құрылымдарды құрудың сенімді қолдаушысы. Сондай-ақ Елбасының бастамасымен құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымы да табысты жұмыс істеп, посткеңестік кеңістікте дамып келе жатқан интеграциялық процестерді жаңа халықаралық арнаға шығарды. Қазақстан дипломатиясының осы бағыттардағы жетістігі – Елбасының тынымсыз еңбегінің көрсеткіші болып табылатын ҚР сыртқы саясатының жетістіктері. Жаһандану жағдайында оның кез келген формасындағы интеграция басым сипатқа ие болады. Интеграцияны күшейту Қазақстанның гүлденуіне ықпал етеді және біздің еліміздің әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруінің стратегиялық міндеттерін іске асыруға ықпал етеді. Қазақстанның сыртқы саясатының басты принципі біздің халқымыздың ұлттық мүдделерінің басымдылығы болып табылады. Н.Ә.Назарбаев – бүкіләлемдік қауымдастық үшін үлкен маңызы бар көптеген бастамалардың авторы. Елбасы үнемі жаһандық ядролық қауіпсіздікке қатысты нақты ұсыныстар жасап келеді. Бұған ядросыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдау мен жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің басқа да өзекті мәселелері жатады. Сондай-ақ Елбасының бастамасы бойынша Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің (АӨМШК) құрылуын ерекше атап өткен жөн. Ол Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі консенсус негізінде диалог пен кеңестер өткізу үшін қажетті жаңа мемлекетаралық алаң болып табылады.
Қазақстан 1992 жылдан БҰҰ-ның толыққанды мүшесі бола отырып, сол уақыттан бастап қазіргі заманның әртүрлі мәселелері бойынша БҰҰ-мен өзара іс-қимыл жасайды, бұл алаңды Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа қатысты маңызды мәселелер бойынша ұстанымын жариялау үшін пайдаланады. Н.Ә.Назарбаев – посткеңестік кеңістіктегі мықты саясаткерлердің бірі, Шығыс дипломатиясының әдістерін жетік меңгерген, оны сенімді серіктес және үздік келіссөзші деп атауға болады. Әлемнің барлық мемлекеттерінің құқықтық және қауіпсіз құрылымын қалыптастыру ісінде күш-жігерін біріктіруге ықпал ету мақсатында Халықаралық диалог-G-Global үшін жаңа форматты ұсынды.
Бүгінде араағайындық, бітімгерлік бастамаларының, осы бағыттағы батыл қадамдары мен іс-қимылдарының жасампаз тарихын қалыптастырған Қазақстанның халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті сақтап, оны нығайтудағы ықпалы Астана процесі арқылы арта түсуде. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен тыныштыққа негізделген берік ұстанымы мен сындарлы саясаты айқын көрініс береді. Ал Ресей Президенті В.Путин: «Осы процеске қатысушыларға Астана алаңын ұсынғаны үшін Қазақстанға және Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіремін. Қазақстан – жай ғана бас қосатын жер емес, ол өте қолайлы алаң. Мен мұнда Қазақстанның бейтарап позициясын, қандай да бір шиеленістерге ешқашан араласпағанын, керісінше, беделді бітімгер болып есептелетінін айтып отырмын. Айта кетейін, Президент Нұрсұлтан Назарбаев барлық шиеленісуші және бітімге келісуші тараптарды келіссөз үстелінің басында ұстап қалу үшін белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алған кездер де болған. Сол үшін алғысымыз шексіз», – деп өзінің лайықты бағасын берген болатын. Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының негізінде бейбіт өмір сүру философиясы жатыр. Біздің еліміз бір-бірінің мүдделері мен өзара тиімділіктерін ескере отырып, тең құқықтық қағидаттар негізінде халықаралық қатынастар құруды ұсынады. Қазақстан әрқашан халықаралық ынтымақтастық ісіндегі ашықтық, өзара түсіністік қағидаттарын ұстанады.
Ғасырлар тоғысында әлем қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне үлкен назар аударуды талап ететін жаңа жаһандық уақыт сын-қатерлеріне тап болды. Ескі қауіп-қатерлермен қатар, жаңалары да белгіленді: халықаралық терроризмнің өсуі, әскери қақтығыстар, жаппай қырып-жою қаруын көптеп шығарудың жалғасуы, экологиялық және гуманитарлық апаттар, есірткінің заңсыз айналымы және т.б. Бұған Ислам фундаментализмі мен оның өрши түсуі, саясаттағы этноцентризм көріністері мен одан туындайтын ұлтаралық қатынастардың шиеленісуі мәселесі, саяси ықпал ету салаларын бөлу тұрғысынан Орталық Азия өңіріндегі ірі геосаяси топтардың ұлттық мүдделері мен мақсаттарының бірқалыпты еместігін жатқызуға болады.
Жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту үшін күресті ұлттық және халықаралық күштер мен нақты стра-тегияны, барлық объективті және субъективті факторларды ескере отырып, жеке аспектілер бойынша жеке-дара, кездейсоқ емес, жоспарлы және жүйелі түрде жүргізу қажеттігі туралы Н.Ә.Назарбаев өзінің іргелі еңбектерінде баяндап, күнделікті практикалық қызметінде басшылыққа алып отырды.
Қазақстанның әлемдегі қауіпсіздікті нығайтуға деген ұмтылысын Елбасы бірінші кезекте ядролық қарусызданумен байланыс- тырады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан КСРО-дан ең ірі ядролық арсеналға ие болды. Біздің еліміздің аумағында Семей полигоны жұмыс істеді. Нұрсұлтан Назарбаев «Жер кіндігі» кітабында ядролық қарудан бас тарту туралы шешім қабылдау қаншалықты қиын болғандығы туралы айтқан болатын.
1989 жылдың қарашасында оның бастамасымен Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Семей полигонында ядролық сынақтарды дереу тоқтату туралы Халық депутаттарына және КСРО Үкіметіне үндеу тастады. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Семей полигонын жабу туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының ядролық қарусыз саясатының негізі қаланды. Қазақстанның қауіпті ядролық мұрадан бас тарту туралы шешімі тек біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды. Бұл шешім халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды. Содан бері Қазақстанның ядролық қаруға қарсы саясаты өзге мемлекеттер үшін оның ұстанымдық көрсеткішіне айналды. Елбасы әлемдегі ядролық қарусыздану үшін барлық жауапкершілікті өз мойнына алған көрнекті саясаткер ретінде шынайы құрметке ие. Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ жағдай болып табылады. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун 2010 жылғы сәуірде Қазақстанға жасаған сапары барысында мәлімдеді. Ол бұл ядролық қарудан бас тарту қажеттілігінің айқын дәлелі екенін атап өтті. Ол әлем мемлекеттерінің басшыларын, әсіресе ядролық державаларды біздің елден үлгі алуға шақырды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясы Н.Ә.Назарбаевтың 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы бастамасын қолдады. Ядролық қаруға тыйым салу және оны жою туралы әмбебап заң құжатын әзірлеу жолындағы негізгі қадам 2015 жылғы 23 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының Қазақстанның Тұңғыш Президенті бастамашылық жасаған ядролық қарудан азат әлем құру туралы Жалпыға ортақ декларациясын қабылдаудан басталды. 2015 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыз әлем құруды ХХІ ғасырдағы адамзаттың басты мақсатына айналдыруға шақырды. Осы сессияда Елбасы БҰҰ-ның 100 жылдығына орай ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу туралы бастама көтеріп, Қазақстанда құрылған НОУ (төмен байытылған уран) банкі тек бейбіт атомға арналғанын тағы да нақтылады. Ал 2016жылы өзінің атақты «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесінде Елбасы ядролық және басқа да жаппай қырып-жою қаруынан толығымен азат етілген әлем құру үшін дәйекті қозғалыстың маңыздылығын тағы да атап өтті. Әлемдік көшбасшылардың мойындауы бойынша, біздің еліміз Орталық Азия аймағында шешуші ойыншы болып табылады және сындарлы сыртқы саясатымен Орталық Азияда ғана емес, сонымен бірге кең геосаяси аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Осылайша Елбасы өзін әлемдік қаумдастықта ядролық қарусыздану саласындағы ең белсенді саясаткер ретінде көрсетті.
Н.Ә.Назарбаев Сеул саммитінде «Фукусима» АЭС апатының салдарын ескере отырып тұжырымдалған бірқатар жаңа бастамалармен сөз сөйледі. Президент әлем жұртшылығын бейбіт атомды игеру саласындағы жинақталған халықаралық құқықтық тәжірибе негізінде ядролық қауіпсіздіктің заңдық міндетті стандарттарын қабылдауға шақырды. Ядролық нысандардағы кез келген оқыс оқиғалар туралы толық және жедел ақпараттандырумен қатар, төтенше жағдайларға жеделден қоюдың нақты тетіктерін әзірлеуді ұсынды, ядролық державаларды ядролық қаруды иеленуден бас тартқан мемлекеттерге БҰҰ-ның қауіпсіздік кепілдігін беруді ұсынды.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайлануы ең алдымен Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұлтаралық және конфессияаралық диалог орнату және сайып келгенде, Қазақстанның беделін жаһандық деңгейде нығайту жөніндегі тарихи еңбегін мойындау болып табылады.
Қазақстанның кандидатурасын БҰҰ-ға мүше ретінде 193 мемлекеттің 138 мемлекеті қолдады. Біздің еліміз БҰҰ-ның аса маңызды саяси ұйымының құрамына сайланған Орталық Азияның алғашқы мемлекеті болды, оған ұйымның жарғысымен жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау бойынша өкілеттіктер жүктелген. Оқиға республикада ғана емес, әлемде де үлкен резонанс тудырды.
Қорыта келе, Елбасының халықаралық қауіпсіздік жүйесін нығайту жөніндегі бастамалары мен теңдессіз қадамдарына шолу жасай отырып, олардың ішіндегі ең маңыздылары қатарында атап өтуге болатындары:
– Бірінші. Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонындағы жойқын сынақтарды тоқтатты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті 1991 жылғы 29 тамызда полигонды жабу туралы тағдыршешті Жарлыққа қол қойды. БҰҰ шешімімен бұл күнді бүкіл әлем ядролық қарудан бас тарту күні ретінде атап өтеді.
– Екінші. Елбасы – ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан бірінші және әлем тарихындағы жалғыз мемлекет басшысы.
– Үшінші. Тұңғыш Президент Қазақстанды ядролық қарудан азат аймақ етіп жариялады және біздің республикамызға қатысты Атом арсеналын қолданбау туралы бес ядролық державадан кепілдік алды және бүкіл Орталық Азия үшін осындай мәртебені енгізуге қол жеткізді.
– Төртінші. Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық АТОМ жобасын жасап, ХХІ ғасырдың Халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысын басқарды.
– Бесінші. Елбасы тұңғыш рет жаһандық конфессияаралық үнқатысудың негізін қалап, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын бір келіссөздер үстеліне жинады.
– Алтыншы. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын басқаратын посткеңестік кеңістіктегі алғашқы ел болды. Елбасы осы беделді жалпыеуропалық ұйымның тарихи саммитінде «Қауіпсіздік қоғамдастығына қарсы» атты атақты Астана декларациясының қабылдануына қол жеткізе отырып, ЕҚЫҰ-дағы жаңа өмірге дем берді.
– Жетінші. Біздің республика өзін халықаралық даулар мен жанжалдарды шешуде беделді және жауапты серіктес ретінде танытты.
– Сегізінші. Қазақстан Еуразия құрлығындағы ең ірі интеграциялық процестердің басты бастамашысы ретінде Еуразиялық экономикалық одақ, ТМД, «Үлкен Еуразияны» құру, Ұлы Жібек жолын жаңғырту тәрізді кең ауқымды халықаралық жобалардың қабылдануына қомақты үлес қосты.
– Тоғызыншы. Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының негізгі құрылтайшыларының бірі болып табылады, ол бүгінде 18 ел, үш миллиардтан астам адам және әлемдік экономиканың үштен бір бөлігін біріктіреді.
– Оныншы. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі әлемдік қоғамдастықтың теңдессіз қолдауына ие болды. Жаһандық әлемдік тәртіптің жаңа парадигмасы ұсынылған Қазақстан басшысының сөзі Бас Ассамблеяның және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды, бұл Елбасының әлемдік аренада жоғары беделінің және осы маңызды құжаттың бүкіл адамзат үшін маңыздылығын мойындаудың айқын дәлелі болып табылады.
Елбасының бастамалары бірінші кезекте Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға және оның беделін арттыруға оң әсерін тигізді. Тұңғыш Президенттің арқасында Қазақстан бүкіл әлемде ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі көшбасшылардың біріне айналды. Ол егеменді Қазақстанның және бүкіл әлемнің тарихына ХХІ ғасырдың басындағы әлемдік ауқымдағы беделді және көрнекті мемлекет қайраткері ретінде лайықты енді.
Бүгінгі таңда Елбасы негізін қалаған сыртқы саясаттағы негізгі бағыттарының ары қарай жалғасын табатындығы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімінде былай деп атап көрсетті: «Біз конструктивті, теңдестірілген көпвекторлы сыртқы саяси бағытымызды қорғайтын боламыз. Еліміздегі сыртқы саяси қызмет Отанымызға, ұлттық бизнеске, әр азаматқа нақты пайда әкелетін болады». Бұдан көретініміз, Тұңғыш Президент – Елбасының еліміздің сыртқы саясатын қалыптастырудағы және Қазақстанның халықаралық қатынастарда қол жеткізген ауқымды жетістіктері мен әлемдік қауіпсіздікті қорғаудағы әрқашан бейбіт қатар өмір сүру принциптері өзінің заңды жалғасын табады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.