Қалалық қоғамдық-саяси газет

ЕЛ ҚУАНЫШЫ ЕСЕЛЕНГЕН КҮН

0 306

30 тамыз – Конституция күніне орай Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар пайдалануға берілді. Жаңа ғимараттардың ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Аймақ басшысы алдымен қаладағы 1944 жылы негізі қаланып, соңғы рет 1986 жылы жөндеуден өткен Дмитрий Қарбышев атындағы №16 мектептің ашылу салтанатына барды. 348 орынға арналған білім ошағының құрылысын мердігер «ДамуСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Білім ордасының ашылу рәсімінде Бердібек Машбекұлы мектеп ұжымы мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.

– Ел болашағының баянды болуы білімді, денсаулығы мықты, тәрбиелі азаматтарға байланыс-ты. Сондықтан ертеңін ойлаған мемлекет балалардың сауатты білім алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Егемендік алған отыз жылдан бері әр өңірде мектеп салуға ерекше көңіл бөлінді. Сол секілді биыл облысымызда 21 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оқу жылында 7 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 11 мектеп ашылады. Ұстаздарға да мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Ендігі міндет – мектеп ұжымы мен ата-аналар оқушылардың жақсы білім алып, бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуына жағдай жасауы керек. Барлықтарыңызды жаңа оқу жылымен құттықтай отырып, мектеп құрылысын дер кезінде бітіріп, ел игілігіне берген серіктестікке алғысымды білдіремін,–деді Бердібек Машбекұлы.
Озық үлгідегі материалдық-техникалық базамен жабдықталған мектепте екі мультимедиялық кешен, арнайы модификацияланған химия, биология, физика және астрономия кабинеттері, ағылшын тілінің лингафонды бөлмесі мен 85 орындық конференция залы бар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға да кедергі жоқ. Олардың ғимаратта біреудің көмегінсіз еркін жүріп, алаңсыз білім алуына жағдай жасалған. Сондай-ақ жас өрендердің қауіпсіздігін қадағалау үшін 15 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұдан бөлек жаңа мектепте спорт алаңшасы бар. Жолдағы қауіпсіздікке арналған бұрыш, «Шахмат тақтасы», «Мак», «Лабиринт» сияқты балалардың ойлау жүйесін арттырып, дамуына ықпал ететін арнайы орын да қарастырылған.
Нысанды жіті аралаған Бердібек Машбекұлы аулаға «Street Workaut» алаңшасын салып, көгалдандыру жұмыстарын кейінге қалдырмауды жауаптыларға шегелеп тапсырды.

Қоныстой құтты болсын!

Соңғы жылдары елімізде халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де жүйелі жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде облыс орталығында пәтер алып, қоныстойын тойлаушылардың саны артқан. Конституция күнінде №15 ықшамауданда 180 пәтерлі 4 қабатты тағы бір үй пайдалануға берілді.
Баспаналы болған тұрғындарға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пәтер кілтін табыстап, ізгі тілегін жеткізді.
– Әрбір отбасы үшін баспана мәселесі басты орында. Елімізде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған бағдарламаларды білесіздер. Соның нәтижесінде үйлі болғандардың саны жылдан-жылға артуда. Мысалы былтыр 38 тұрғын үй салынса, биыл сол көрсеткішті арттырып, жыл соңына дейін пәтер кезегіндегілерге жалпы 50 үй беруді көздеп отырмыз.
Бүгін барша қазақстандықтар үшін айтулы күн. Сіздерге амандық, саулық тілейміз. Үйлеріңізден сәбидің үні кетпесін,–деді Бердібек Машбекұлы.
Мереке қарсаңында үйлі болып, қуанышын жасыра алмаған қала тұрғыны Жазира Байкулова жергілікті әкімдікке ағынан жарылып алғыс айтты.
– Бұл күн пәтерлі болған барлық азаматтардың есінде қалатыны сөзсіз. Себебі дәл мереке күні үй алып, қуанышымыз еселенеді деген ой келген емес. Бағдарлама баянды болсын. Үй кезегінде тұрғандар арманына жете берсін. Бүгін пәтер алғандарды шын жүректен құттықтаймын. Осының барлығына мұрындық болған жергілікті әкімдік пен құрылыс компаниясына алғысымыз зор,–деді тұрғын.

«Таразға тартудың» жемісі

Биыл ҚР Тұғыш Президенті атындағы саябақ та заманауи үлгіде жаңғыртылуда. «Таразға тарту» жобасы аясында жаңарған саябаққа облыс әкімі ат басын бұрып, мұндағы жұмыспен танысты. Саябақтағы жасанды көлшік пен амфитеатр демалуға кең әрі қолайлы екен. Сондай-ақ жаз айларында іс-шара өткізуге таптырмайтын орын. Амфитеатр құрылысын «Әулиеата» ЖШС жүргізуде. Компания басшысы Руслан Әлімбаев жалпы жұмыстың бірлі-екілі шаруалары қалғанын және бір жетіде оны да аяқтайтынын айтты. Ал «Адия Групп» ЖШС осы саябақтағы жасанды көлшіктің суын тазартып, шаруаны эскиздік жобаға сай орындауда.

«Арай» алқабындағы медорталық

Бердібек Машбекұлы «Арай» тұрғын алқабындағы «Almaz medical group» медициналық орталығының ашылу салтанатына да барды.
Аумағы 849 шаршы метрді құрайтын медициналық орталыққа бүгінде 14 960 адам тіркелген екен. Онда ақ халаттылар алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсететін үш гинекологиялық учаске, диагностикалық бөлімше, 6 орынды күндізгі стационар, емшара және егу бөлімдері бар. Сондай-ақ әлеуметтік қызметкер мен психологтардың профилактика бөлімшесі де қарастырылған. Медициналық орталықтың мүмкіндігін жіті бақылап танысқан Бердібек Машбекұлы халықтың саулығы үшін ерінбей еңбек етіп жүрген мамандарға алғыс айтты.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.