Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел саулығын қалыптастыру – басты бағытымыз

0 127

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Президенттің бұл Жолдауында жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар қамтылды. «Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын», – деді Президент. Яғни бұл дегеніміз әділетті мемлекет, біртұтас ұлт үшін ұйысу, бірігуді білдірсе керек.

Президент болашаққа бағытталған байыпты бағдарлар мен міндеттерді саралау барысында денсаулық сақтау саласына да айрықша назар аудару қажеттігін баса айтты. «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен», – дей келе, медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне өзгерістер енгізу қажеттігін тапсырды. Бүгінде медициналық әлеуметтік сақтандырылмаған адамдар саны әлі де жетіп артылады. Осының қиындығы емдеу мекемелеріне кедергі болып отырғаны жасырын емес. Халыққа барынша ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіліп, түсіндіріліп жатқанымен, қиыншылықтар да көп. Алдағы уақытта осының бәрі реттеліп, бір жүйеге келсе, сала қызметкерлерінің жұмысы да алға жүріп, халық денсаулығын арттыру бағытындағы ісімізге жаңаша серпін келер еді. Жалпы денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесі қайта қаралатыны қуантады.

Облысымызда алдағы уақытта медициналық қызмет көрсетілетін халықтың саны 50 000 және одан жоғары болатын бірнеше жақын маңдағы аудандардың халқына қызмет көрсетуге арналып, аудандық аурухана базасында құрылатын көпбейінді ауданаралық ауруханалар құрылады.

Олардың құрамында инсульт орталықтары және (немесе) тері арқылы коронарлық араласу, перинаталдық орталықтар немесе босандыру бөлімшелері, травматология, хирургия және медициналық оңалту бөлімшелері бар көпбейінді ауданаралық ауруханаларды Жамбыл облысының Меркі, Талас және Шу қалалық емдеу мекемесі базасында іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда бекітілген халық саны, ауылдардың ауруханамен арақашықтығы (км) есептеліп, қажетті штаттық құрамы және бейінді бөлімдердің төсек-орнына қажеттіліктер анықталуда. Сонымен қатар облыста «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасын іске асыру үшін облыстың 46 жаңа үлгі объектісін салуға нақты қажеттілік айқындалды. «Сонымен қатар телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіледі», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. Осы орайда атап өтерлігі облыстың телемедицина орталығы аймақтың барлық емдеу мекемелері ұйымдарымен, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы қаласының ғылыми-зерттеу институтымен тәулік бойы байланысты телесеанстар өткізуді қамтамасыз етуде. Облыс бойынша осы жылдың 7 айында барлығы 924 телемедициналық кеңес жасалды. Оның ішінде телефон арқылы – 107, телемедициналық кеңес 817-ні құрайды. 324 науқас тасымалдау арқылы ем алса, 82 науқасқа ота жасалды.

Облыс тұрғындарына медициналық көмек қолжетімділігі мәселесіне келсек, жоспарланған елді мекендерде барлығы 239 269 адамды медициналық тексерумен қамту жоспарланған. Ал ағымдағы жылдың 7 айында медициналық тексерумен 174 881 адам қамтылған. Оның ішінде 49 637 бала бар. Сонымен қатар есепті мерзімде 43 264 диагностикалық зерттеу, 16 025 зертханалық тексеру, 193 663 бейінді мамандардың консультациясы көрсетілді. Тұрғындарды медициналық тексеру барысында 6 313 науқас анықталып, емдеу мекемелері ұйымына есепке алынды. Бүгінде 11 жылжымалы медициналық кешеннің 10-ы жарамды күйде, біреуінің тозығы жеткенін айта кетуіміз керек.

– Екі жыл ішінде қазіргі кезде медициналық мекемесі жоқ 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толықтай жабдықталады. Осылайша мемлекет миллионнан аса азаматымызды алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамтамасыз етеді. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана жаңғыртылып, ауданаралық көпбейінді медициналық мекеме ретінде қайта құрылады. Онда инсульт орталығы, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері пайда болады, – деді Мемлекет басшысы құнды құжатта. Облысымызда биыл 23 нысанның құрылысы басталды, оның 22-сі ауылдық жерлерде орналасқан. Бұдан бөлек, Меркі, Жамбыл аудандарындағы озат тәжірибе орталықтары, сондай-ақ Талас ауданында 9 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтті. Облыста алдағы 3 жылда ауылдық жерлерде тағы 46 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарлануда. 2023 жылы Талас, Меркі, Шу аудандарында ауданаралық ауруханалар ашу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Сондай-ақ өңірдегі «Таразға тарту» жобасынан медицина қызметкерлері де қалыс қалмай, «Қарасу» алқабынан берілген жер телімінде «Денсаулық» мәдениет және демалыс саябағы ашылып, медицина қызметкерлерінің күшімен футбол алаңы жасалды. Саябақта COVID-19 пандемиясы кезінде қайтыс болған медицина қызметкерлерін еске алуға арналған «Өзгелерге жарқыраймын – өзімді өртеймін» монументі бой көтеріп, «Денсаулығың өз қолыңда» үндеуімен стела орнатылды.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында саябақта облыстың денсаулық сақтау саласын дамытуға лайықты үлес қосқан медицина қызметкерлерінің есімдері жазылған «Жамбыл облысының денсаулық сақтаудың алтын қоры» галереясының ашылуы өтпек.

Халқымыз үшін жасалынып жатқан әрбір игі іс, әрбір жаңа бастама – тәуелсіз еліміздің жаңаша бағытта дамып жатқанының айқын көрінісі. Біз, медицина қызметкерлері, Президентіміздің бізге артып отырған сенімін ақтап, асқан жауапкершілікпен бірлесе отырып, Жолдау аясында атқарылатын жұмыстарды қарқынды түрде дамытуға, ұлт саулығын арттыруға бар күш-жігерімізді саламыз.

Хамит МҰРЗАҚАСЫМОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.