Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел күткен үміт ақталды

0 586

Президенттің наурыз айындағы Жолдауынан ел азаматтары айрықша үміт күтті. Өйткені бұл, шын мәнінде, әдеттегі Жолдаудан мәні ерекше, Жаңа Қазақстанды дамытудың алғышарты мен саяси реформалардың жаңа бағдарламасы айқындалатын маңызды сәт еді.

Әрине, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанның қол жеткізген табыстарын тарихтан сызып тастауға болмас. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басқаруымен әлем алдында орныққан мемлекетке айналдық. Алайда азаттығымыздан айырылып қалу бір-ақ сәтте мүмкін екеніне көз жеткіздік. Ел басына күн туғанда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жігерлі шешімдер қабылдап, халқымызды тар жол, тайғақ кешуден алып шықты.
Қаңтар оқиғасы барлығымыз үшін үлкен сабақ болды. Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді нығайту үшін етек-жеңімізді жинап, өте қырағы болуымыз керектігі кезекті рет айқын білінді. Өкінішке қарай, дүрбелең кезінде көптеген отандасымыз, оның ішінде өрімдей жастарымыз мерт болды. Президент өз Жолдауында қаңтар құрбандарын еске алып, тексеру жұмыстары қарқынды жалғасып жатқанына тоқталды. Қайғылы оқиғаға кінәлі адамдардың барлығы қоғамда қандай лауазым мен беделге ие екендігіне қарамастан жазаланатынын кесіп айтты. Тәуелсіздігіміздің талбесігі – әсем Алматыны, облыс орталықтарын ойрандағысы келген, бейбіт күндердің шырқын бұзып, халықтың өмірін қиған бүлікшілер тиісті жазасын аларына сенеміз.
Мемлекет басшысы ендігі жерде «Қаңтар қасіреті» қайталанбас үшін жаңа Қазақстанды құру жолында алдымызға биік мақсаттар қойды. Президент ол үшін қоғам сұранысына сай әзірленген еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Ең алдымен еліміз суперпрезиденттік басқару формасынан мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшеді. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, Парламенттің рөлі күшейіп, бұл өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты басшылыққа алынады.
Қоғамның, елдің өзгеруіне саяси жүйе бейімделе бастайды. Президенттің бірқатар өкілеттігі қысқарады. «Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақ мерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Президенттің партия мүшесі болуын заңды тұрғыдан тоқтатуды ұсынды. Сондай-ақ ол әкімдердің партия филиалдарын басқаруды шектеу керектігін тапсырды. Президенттің жақын туыстарының лауазымды басшылыққа тағайындалуына заңмен тыйым салынатынына да тоқталды. Ал халықтың сенім мандатына ие болған депутаттар өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысады. Бұдан былай сайлау алдындағы уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Президент Мәжіліс пен мәслихатқа депутаттардың пропорционалды-мажоритарлы сайлау моделі бойынша сайланатынын жеткізді. Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталып, азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала бермек. Бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға жол ашады. Бұл өз кезегінде азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғыру үдерісіне жұмылдыра түспек.
Президент тарапынан партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту де көзделіп отыр. Партияларды тіркеу ережелері жеңілдеп, бастамашыл азаматтар саяси бәсекеге түсе алады. Нәтижесінде халықтың сөзін сөйлеп, мұңын жоқтайтын жаңа партиялар қатары көбеймек. Сайлау үдерісі жаңарып, үміткерлерді іріктеу рәсімдері жетілдіріледі.
Жолдауда айтылған кешенді іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылу арқылы азаматтық қоғам қалыптастырудың алғышартына айналмақ. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын жүзеге асыру мақсатында құрылған Ұлттық кеңес – соның бір дәлелі. Осы орайда Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарғанын айта келе, енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастыра алатынына Ұлытау төрінде өткен басқосуда көзіміз жетті.
Қалай болғанда да, елдің болашағы үшін үлкен қадамдар жасалды. Президент бұған қоса Жолдауда өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қараған жөн екенін жеткізді. Экономикалық қиындықтардың алдын алу үшін дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар қабылдауды күн тәртібіне қойды. Өйткені Президент атап өткендей, жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз!

Гүлзада Қырықбаева,
облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының әдіскері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.