Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел игілігіне – жүйелі жұмыс

0 223

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев тұрғындармен кездесіп, атқарылған жұмыстардың нәтижесі және биылғы жылдың жоспарымен бөлісті.

Қарасуда қаралар мәселе көп

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев №51 орта мектепте №5 аумақтық округ тұрғындарының алдында есеп берді. «Қарасу» иініндегі азаматтарға шаһарда өткен жылы атқарылған шаруалар легі баяндалып, көпшілік сауалына жауап берілді.
Айтқазы Дәулетқұлұлы өткен жылы атқарылған ауқымды істердің нәтижелеріне жеке тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Атап айтқанда, өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бірқатар нысандар қайта жаңғыртылып, шаһар тұрғындарының игілігіне берілді.
– Облыс әкімінің бастамасымен өткен жылы қаламызды көркейту мен туризмді дамыту мақсатында бірнеше жаңа нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, бұрынғы «Атшабар» аллеясы «Жастар» аллеясы болып өзгертіліп, аталған аллеяда «Білім», «Қарахан – Айша бибі» стелалары және заманауи су бұрқақтары орнатылды. Сондай-ақ аллеяның ортаңғы бөлігінде ғаламтор желісіне үздіксіз қосылуға мүмкіндік беретін интернет-кафе бой көтерсе, аллеяға үлкен LED-экран қойылып, жаз мезгілінде концерттер мен бейнероликтер көрсетілуде. Сонымен қатар Жеңіс мейрамы қарсаңында Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Даңқ» залының құрылысы аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді, – деді қала әкімі.
Бұдан бөлек, 2019 жылы Төле би даңғылының бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап Қарахан кесенесіне дейінгі сквері, жаяу жүргіншілер (Арбат) аймағы мен аллеясы, «Тараз-Арена» кешенінің маңындағы «Даңқты спортшылар» аллеясы абаттандырылды. Облысымыздың 80 жылдық мерейтойына орай «Көне Тараз» кешенінің маңында өлкетану мұражайының, «Ретро-фестиваль» амфитеатрының, көрме павильонының, көркемсурет галереясының, қолөнер шеберханалары мен «Руханият» орталығының және сағат стеласының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар «Тектұрмас» мәдени-тарихи кешен құрылысының 1-ші кезеңінде «Әулие-ата» ескерткіші орнатылып, кешеннің аумағы абаттандырылып, қаламыздың келбетіне көрік қосты. Сонымен қатар баяндама барысында облыс орталығының басшысы биылғы жылдың жоспарына енген негізгі нысандардың құрылысы жөнінде айтып берді.
– Ал ағымдағы жылдың жоспарына сәйкес «Тектұрмас» этнотарихи кешен құрылысының 2-ші кезеңінде «Көне қамал ғимараты», «Атлах шайқасы» барельефі, жасанды сарқырама, Талас өзенінің жағасын абаттандыру құрылыстары басталатын болса, осы кешеннен «Көне Тараз» этномәдени кешеніне дейінгі аспалы жолдың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленетін болады. Сонымен қатар «Қазақ хандығы» және «Мамыр» саябағында «Алаш» мұражайларының, жаңа 15-ші мөлтек ауданда Оқушылар сарайы, Неке қию сарайы, Салтанат сарайы, жеңіл атлетика манежі және гимнастикалық спорт кешенінің құрылыстары басталатын болады. Бұдан бөлек, «Мамыр», «Түрксіб» және Ы.Дүкенұлы атындағы саябақтары қайта жаңғыртылатын болса, «Жас түлектер», «Қант зауыты» аумағындағы «Даңқ» аллеясы ағымды жөндеуден өтетін болады. Сондай-ақ «Үшбұлақ» каналының және Сыпатай батыр көшесінен бастап Қарахан кесенесіне дейінгі скверінің 2-ші кезеңдері іске асырылады, – деді шаһар басшысы.
Айтқазы Дәулетқұлұлының баяндамасынан соң, аумақ тұрғындары басшылыққа көптен көкейлерінде жүрген сауалдарын жеткізді. Есепті кездесуге арнайы келген «Бастауыш» ардагерлер ұйымының төрағасы Алдаберді Махашев Тәуке хан көшесі, №2 мекенжайында орналасқан спорт алаңшасын қоршау туралы өтінішін жеткізді. Ел ағасының бұл өтінішін қала әкімі бірауыздан қабыл алып, спорт бөлімінің басшысы Оксана Борисюк жоспарға енгізуді тапсырды. Ал «Арай» алқабының тұрғыны Рамазан Аманжолов өзі тұратын көше бойындағы бірнеше мәселені басшылыққа баяндап берді.
– «Арай» алқабындағы соңғы төрт көшенің үшеуіне электр бағаналары орнатылған. Ал бізге электр тоғы қолжетімсіз болып отыр. Осы мәселені назарға алсаңыз екен. Сондай-ақ біздің алқапқа қатынайтын №23 бағыттағы автобусты Д.Баянов көшесіне дейін созып берулеріңізді сұраймын. Кешкі уақытта балаларымыз қараңғыда жүруден қорқады. Тағы бір көкейде жүрген мәселе, аталған көшедегі заңсыз жол қозғалысын тоқтатып, жол бойында тұрған үйлерге байланысты нақты тапсырма берсеңіз екен, – деді тұрғын.
Рамазан Аманжоловтың өтініштерін бірден назарға алған қала әкімі тиісті мекемелерге аталған мәселелер бойынша дер кезінде тапсырма беріп, қатаң бақылауға алатынын хабарлады. Өз кезегінде тұрғын айтылған мәселелерге бірден құлақ асқан шаһар басшысына ризашылығын білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Жиынға өзі тұратын «Қарасу» иіні тұрғындарының тілегін жеткізе келген Айткүл Қосарова болса, аталмыш алқапты жарықтандыру жайын сұрады. Бұл сауалға әкім нақты жауап берді.
– Биыл қала орталығындағы 14 мың шам жаңа шамдарға ауыстырылады. Босаған жарық шамдарымен мөлтек аудандар мен шалғай алқаптарды жарықтандырмақпыз. Бұл мәселе жақын арада шешімін табады, – деді Айтқазы Қарабалаев.
Айткүл Қосарова тек бұл жөнінде емес, «Қарасу» каналының айналасын абаттандыру жайын да өз өтінішінде атап өтті. Сонымен қатар «Қарасу» шағын ауданындағы спорт алаңшасының жанында орналасқан ескі қоғамдық әжетхананы алып тастау туралы мәселе көтерді. Бұл мәселелермен жақсы таныс екенін жеткізген қала әкімі «Қарасу» каналын абаттандыру жұмыстары басталып кеткенін сүйіншілей жеткізді.
– Былтыр «Үшбұлақ» каналын абаттандырып, демалыс аумағына айналдырғанымызға куәсіздер. «Қарасу» каналының айналасы да осындай демалыс орны ретінде тұрғындар игілігіне беріледі. Бұл өңір басшысы Асқар Исабекұлының тікелей назарында. Көпір де осы жоспарға еніп отыр, – деді қала әкімі.
Айтылған мәселелерге дер кезінде нақты жауап алған «Қарасу» алқабының тұрғындары шаһар басшысының жоспарлы жұмыстарына табыс тіледі. Қорытынды сөзінде Айтқазы Қарабалаев Тараздағы түйткілді жайттарға бейжай қарамауға шақырды.

Оң баға берілді

Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың №6 аумақтық округінің тұрғындарымен кездесуі №8 мектеп-гимназиясында өтті.
Жиынға қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелері, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері, осы округтен сайланған облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыстық, қалалық мекеме басшылары, жергілікті полиция қызметінің басшылығы, полиция бөлімдерінің учаскелік инспекторлары, көше, квартал комитеттері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары, аумақ тұрғындары қатысты. Басқосуда қала әкімі атқарылған жұмыстарға жіті тоқталып, алға қойған бірқатар мақсаттар мен міндеттерді тұрғындарға жеткізді. Шаһар басшысы: «Атқарылған жұмыстарды көріп жүрсіздер, мен сіздерге ағымдағы жылдың жұмыстары туралы айтайын», – деді.
– Өткен жылдан өтпелі «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқабының жолдарына қиыршық тас төсеу, Ы.Дүкенұлы көшесіндегі екі су жүйесінің және Саңырақ батыр көшесінен Сорокин көшесіне дейінгі Байзақ батыр көшесінің бойындағы су тартқыштың, «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабының Молдарбеков және Центральная көшелерінің су жүйесінің құрылыстары ағымдағы жылы аяқталатын болады. Бүгінгі таңда қала тұрғындарынан келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі қаладағы саяжайлар мен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері болып табылады. Осы мақсатта 28 саяжайды электрмен, газбен және сумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, қаржыландыруға 2020-2021 жылдарға ұсынылатын болады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы «Родничок», «Ақжол», «Қайнар» және «Мичуринец» алқаптарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, 2020-2022 жылдары құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылатын болады, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Аталмыш округ орталықта орналасқандықтан, мұндағы тұрғындардың талабы мен шағымы көп болмады. Алдымен жарыссөзге шыққан Нүрила Досанова қала көшелеріндегі газ құбырларынан кейінгі жолды жөндеу керектігін айтып, Әйтеке би мен Жүнісәлиев көшелерінің қиылысына камера қойып беруді өтінді. Сондай-ақ аталмыш көшелерде көліктердің қатты жылдамдықпен жүретіндігіне шағымданып, жол белгілерін ауыстыруды немесе шара қолдану керектігін жеткізді. Ал №58 квартал комитетінің төрайымы болса, Қыпшақбаев көшесіндегі жолдың нашарлығына шағымданып, Смоленский көшесін жарықтандыруды сұрады. Сонымен қатар тұрғын Лермонтов пен Қыпшақбаев көшелерінің қиылысына жол белгілерін қоюды сұрады. Сонымен қатар қала тұрғыны Қаңтарбаев есімді азамат «Арай-2» шағын ауданына қоғамдық көлік жүргізу және түнгі жарықтандыру шамдарын іске қосу туралы өтінішін жеткізді.
Есеп соңында жиынға қатысушылар қала әкімінің жұмысына оң бағасын беріп тарасты.

Атқарылған іс ауқымды

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың 2019 жылдың қорытындысы бойынша №7 аумақтық округінде қала тұрғындары алдындағы кезекті есеп беру кездесуі өтті. Атқарылған жұмыстарды, алдағы міндеттер мен негізгі бағыттарды айқындауға арналған кездесуді қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев ашып, жүргізді.
Өнеркәсіп пен экономика ілгерілеп, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы бағдарламасы Тараздың күн санап көркеюіне, түрленуіне себеп болып отыр. Шаһар басшысы қала тұрғындарынан келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі қаладағы саяжайлар мен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері болып табылатындығын айтты.
– Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 23 тұрғын үй және 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар өткен жылдан өтпелі 80 пәтерлі 12 үй және 60 пәтерлі 8 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 80 пәтерлі 1 және 45 пәтерлі 9 арендалық тұрғын үйлердің құрылысы республикалық бюджеттен қолдау тапса, қосымша 24 тұрғын үйдің құрылысын қаржыландыру үшін жоғары тұрған бюджеттерге өтінім ұсынылды. 2020 жылдың атқарылар жұмысы бұдан да ауқымды болмақ. Мемлекет басшысының халықтың кіріс пен тұрмыс сапасын арттыру жөнінде қойып отырған міндетін тиімді орындау әкімдіктің атқарған қызметінің басты өлшемі болмақ, – деді қала әкімі.
Жиын барысында алғашқы болып сөз алған Абай көшесінің тұрғыны көгілдір отын мәселесін көтерді.
– Абай көшесі, №159 үйдің тұрғынымын. 30 жылдан бері біздің үйде күрделі жұмыс жүргізілген жоқ. Газды кіргізуге болады, бірақ әр пәтерден 144 мыңнан қаражат қажет. Бұл қаражатты тұрғындардың қалтасы көтермейді, – деді осы көшенің тұрғыны.
Қала әкімі бұл мәселені мұқият тыңдап, «ҚазТрансГаз» қызметкерлерімен сөйлесіп, мән-жайды анықтап, қолжетімді қаражатпен шешіп беруге уәде етті.
Одан кейін сөз алған Абылсайын Мухиев:
– Қалада барлық көшеде асфальт бар. Мен Громов көшесінің тұрғындарының атынан келіп отырмын. Өзім 1982 жылдан бері сол көшеде тұрамын. Біздің көшеге асфальт төселмеген. Күз айынан бастап көктем мезгіліне дейін балшық. Түнде жарық та жоқ, – деді.
Осы орайда, шаһар басшысы қалаға 31 көшені қамтитын, 14 мың жарық шам қойылатынын және аталмыш көше де қамтылатынын жеткізді. Ал көше жолын жөндеу мәселесі жоспарға еніп қойған екен. 2021 жылы бұл мәселе де өз шешімін табатыны белгілі болды.
– Ілияс Есенберлин көшесіндегі жерасты су құбыры 1986 жылы жүргізілген. Су құбырын ауыстыру керек. Бұл құбырларды жаңартып, жөндеу жұмыстары жүргізілсе, – деп ниет білдірген осы көшенің тұрғындарына қала әкімі бұл көше кооперативке өтіп кеткенін, бұл мәселе де қарастырылып жатқанын айтты.
Жиын барысында тұрғындардың арыз-тілегі толық тыңдалып, алдағы уақытта ел игілігіне орай барлық мәселе шешімін тауып, жоспарларды еңсеру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылмақ.

Жұрт тілегі жерде қалмайды

Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың тұрғындар алдындағы есепті кездесуі №8 аумақтық округінде жалғасты.
Қала басшысы әуелі өткен жылы шаһарда атқарылған негізгі жұмыстар мен жұмсалған қаражатқа тоқталып, қаланың экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштерін баяндады. Сондай-ақ ағымдағы жылға жоспарланған маңызды жобалар жайында хабарлады. Есепті кездесуде қала әкімі жаңадан бой көтеріп жатқан 15-ші мөлтек аудандағы қарқынды құрылыс жұмыстары одан әрі жалғасын тауып, ағымдағы жылы үй кезегіндегі тұрғындарға берілетінін жеткізді. Десек те, қала ішінде шешімін күткен мәселелердің де бар екенін айтқан жөн. Мұны қала әкімінің баяндамасынан кейінгі тұрғындардың қойған сауалынан білдік.
Аталмыш округке қарасты Қамбаров көшесі, №39 үйдің тұрғыны Мелдібек Айдосов Қамбаров көшесіне былтыр асфальт төселгенімен, көше маңындағы 300 метр жолдың сол күйі жөндеу көрмегенін және №56 қоғамдық көлік бағытын қарттар үйі арқылы қатынайтындай етіп, Қалауыр әкім көшесімен жүргізу керектігін айтты. Бұған қала әкімі тұрғынның сауалы назарда болатынын айтты. Қаланың халық көп шоғырланған бөлігінде көліктердің де көп жүретіні белгілі. Сондықтан ең алдымен балабақшалар мен мектеп маңына жаяу жүргіншілер жолы қажет. Осы мәселе турасында «Мыңбұлақ» шағын ауданы, №63 үйдің тұрғыны Айна Тоғысова қала әкіміне сұрағын қойды.
– №47 орта мектепке апаратын 250 метр жерге жаяу жүргіншілер жолын салу керектігін қала әкімінің қабылдауында айтып жүргенімізге көп болды. Жыл соңына дейін осы мәселені шешіп берсеңіз, – деп өтініш білдірді.
Бұған қала әкімдігіне қарасты тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынов жауап берді.
– Біз үш жылға жол картасын әзірледік. Сол жоспарға сәйкес былтырғы жұмыстар да жүз пайыз орындалды. Бірақ бұл жұмыс біздің жоспарға енбеген. Соған қарамастан жобалық-сметалық құжаттамасын биылдан қалдырмай әзірлейтін боламыз, – деді ол.
Ал қала әкімі тұрғынның көтерген мәселесін дер кезінде шешудің жолдарын қарастырып, жауапты мамандарға қолда бар құрылыс материалдарын пайдаланып, жұмыс жүргізуді тапсырды. Айна Тоғысованың екінші сұрағы Б.Момышұлы көшесі мен Шостакович көшелері қиылысынан Шостакович пен Саңырақ батыр қиылысына дейін орнатылған жарық шамдарының істен шыққандығы жөнінде болды. Бұған қала әкімі мердігерлердің атүсті жасаған жұмыстары қайта қаралып, ақаудың салдары анықталып жатқанын айтты.
Сонымен қатар «Самал» шағын ауданы, №40 үйдің жанында орналасқан қоқыс алаңшасына арнайы қоқыс шығаратын көліктерді жаяу жүргіншілер жолымен жүргізбеу туралы, №46 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын «Алтын сақа» мейрамханасы, «Сафият» дүкені және «Еуразиялық банк» қызметкерлері көлік тұрағына айналдырғанын айта келген тұрғындардың уәждері жауапсыз қалмады.
Есепті кездесуде қала әкімі тұрғындардың көтерген мәселесі жерде қалмайтынын айтып, бөлім басшыларына тапсырған жұмыстарды өзі қадағалайтынын жеткізді.

Алқап тұрғындары алаңдаулы

Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев №9 аумақтың тұрғындарымен №48 орта мектепте кездесті. Шаһар басшысы тұрғындар алдында өткен жылды қорытындылап, келер жылға атқарар жұмыстар туралы баяндама жасады.
– Бүгінде жер мен үй кезегіндегі тұрғындардың саны күн санап көбеюде. Дейтұрғанмен бұл мәселе өз кезегінде шешімін тауып келеді. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектарда шамамен 8 мың 500 отбасына арналған 190 көпқабатты үйді құрайтын 15-ші мөлтек ауданы бой көтеруде. Алқаптың байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 23 тұрғын үй және 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар өткен жылдан өтпелі 80 пәтерлі 12 үй және 60 пәтерлі 8 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 80 пәтерлі 1 және 45 пәтерлі 9 арендалық тұрғын үйлердің құрылысы республикалық бюджеттен қолдау тапса, қосымша 24 тұрғын үйдің құрылысын қаржыландыру үшін жоғары тұрған бюджеттерге өтінім ұсынылды, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар шаһар басшысы тұрғындар тарапынан көп сұралатын коммуналдық жұмыстарға да тоқталды.
– Транспорттық инфрақұрылым нысандары бойынша өткен жылы 36 көшені орташа жөндеуге 1 млрд 497,5 млн теңге бөлінсе, қала көшелерінің шұңқырларын қалыпқа келтіру жұмыстарына 360,0 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірінші кезекте мектептер мен балабақшаларға баратын 30 көшені ішінара және 32 жаяу жүргіншілерге арналған жол жөнделді. Ал Сүлейменов көшесінің соңындағы жаңа алқапта ішкі кварталдық автомобиль жолдарының құрылысы мен «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқабының жолдарына қиыршық тас төсеу жұмыстары 2020 жылға өтпелі болып табылады. Сонымен қатар ағымдағы жылы қала бюджетінен 11 көшені орташа жөндеуге 507,0 млн теңге және ағымды жөндеуге 200,0 млн теңге қаржы қарастырылды, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Ал жарыссөзге шығып, өз тілегін жеткізушілер саны өзге округтермен салыстырғанда біршама көп болды. Өйткені бұл округке алыс-жақын алқаптардың да тұрғындары тілектерін жеткізуге келді. Бірақ барлығының мәселелері жол, ауыз су, көшені жарықтандыру секілді өтініштерін жеткізді. Алдымен Домалақ ана көшесінің тұрғыны Т.Әзбергенов Саңырақ батыр мен Сейфуллин көшелерінің қиылысын кеңейту туралы ұсынысын айтты. Ал Мақұлбек Жаналиев болса, Айша бибі көшесінде көпірге дейінгі жол жөнделмегендігін алға тартып, жұмысты толық аяқтауды сұрады. Сонымен қатар Гоголь көшесінің тұрғыны Алтынай Тәжібаева бірден үш сауал жолдады.
– Қала бойынша атқарылған жұмыстар жоқ деуге келмейді. Бірақ ауыз су, газ құбырларын жүргізіп кеткеннен кейінгі бірқатар көшелердің жағдайы мәз емес. Мәселен, өзіміз тұратын Гоголь көшесі қазба жұмыстарынан кейін жарамсыз болып қалды. Мұнда сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолағы мен түнгі жарықтандыруды жасап берсеңіздер. Гоголь көшесінің бұрылысы, №12 үйдің маңына балалар ойнайтын алаңын салып берсеңіздер нұр үстіне нұр болар еді, – деп тұрғын тілегін жеткізді.
Жарыссөзге шыққандардың ішінде «Арай» алқабының тұрғындарынан арыз-шағым көптеп түсті. Соның ішінде №23 автобус бағытының сапасыз қызметі, қоғамдық көліктердің тарлығы мен жетпейтіндігі, «Арай» алқабындағы көшелерге атау берілмегендігі, Атабаев, Дүйсебаев, Ш.Руставили, Тілеубаев көшелерінің электр бағаналарын ауыстыру, жарықтандыру туралы, Тілеубаев көшесінің соңғы жағында орналасқан «Махаббат» саябағындағы қоқыс, тәртіпсіздік мәселелері жөнінде шағымдар келіп түсті. Жиын соңында сөз алған шаһар басшысы:
– Барлықтарыңызға белгілі, алдағы уақытта қаланың орталығындағы көше шамдары толығымен ауыстырылады. Ал сол орталықтағы шамдар жарығы жоқ, қажет ететін қала көшелері мен саяжайларға орнатылады. Сіздер көтерген мәселелердің барлығы өз кезегінде шешімін табады. Барлықтарыңызға бірден бәрі керемет болып кетеді деп сөз бермеймін. Біздер қаланы «жалай» бергеннен ештеңе шықпайды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қалаға қосылған саяжайларға көңіл бөлуді биыл назардан тыс қалдырмаймыз. Алқаптарда да мәселе көп. Барлығы ретімен шешіледі, – деді шаһар басшысы.

Аумақ мәселесіне құлақ түрді

Шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаевтың тұрғындар алдындағы есепті кездесуі №18 орта мектепте жалғасын тапты. №10 округтің тұрғындары қаладағы тындырымды тірліктермен танысып, биылғы жылдың жоспарына құлақ түрді.
Жиында Айтқазы Дәулетқұлұлы Тараздың әр сала бойынша даму көрсеткіштеріне жеке тоқталып, атқарылған жұмыстар легін баяндады. Көне шаһарда биыл жүргізілген ауқымды істер көптің көңілінен шығып, шаһар меймандарын тәнті етуде. Расында, дәуірлерді артқа тастап, бүгінде көркею мен кемелдену жолына түскен Тараздың келбеті сәт санап ажарланып жатыр. Бұл өңір басшылығы мен Тараз қаласы әкімдігінің көне қаланы шырайландыру бағытында жасаған еселі еңбегінің жемісі деуге болады. Дегенмен бас қатырар мәселе де аз емес. Мысалы, соңғы жылдары шаһар аумағына бұрын Жамбыл және Байзақ аудандарының есебінде болған саяжайлық елді мекендер еніп, олардың инфрақұрылым мәселелері қалалық бюджет есебінен оңтайландырылатын болған. Бұл бағытта жасалған жұмыс аз емес, алдағы жылдың жоспарына да нақты шаралап еніп отыр. Бұл туралы әкім өз есебінде баяндады.
– Бүгінгі таңда қала тұрғындарынан келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі қаладағы саяжайлар мен тұрғын алқаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері болып табылады. Осы мақсатта 2019 жылы «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабын, «Тектұрмас», «Қарасай», «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Шаңырақ», «Казарма», «Жиделі» алқаптары, «Құмшағал» станциясы және осы алқаптарға жапсарлас орналасқан 28 саяжайды электрмен, газбен және сумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, қаржыландыруға 2020-2021 жылдарға ұсынылатын болады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы «Родничок», «Ақжол», «Қайнар» және «Мичуринец» алқаптарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, 2020-2022 жылдары құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылатын болады, – деді Айтқазы Қарабалаев.
Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, экономика саласының негізгі көрсеткіштерінің бірі өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылы 275 миллиард 280,2 миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 103,1 пайызды құраған. Өткен жылмен салыстырғанда 35 миллиард 57,1 миллион теңгеге артық өнім өндірілген. 2015-2019 жылдары индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында, яғни индустрияландырудың екінші кезеңінде 20 миллиард 124,5 миллион теңгеге 10 жоба жүзеге асырылып, 360 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал 2020-2021 жылдары жалпы құны 22 миллиард 600,0 миллион теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 519 жаңа жұмыс орнының ашылуы көзделген.
Тараз қаласы дамуының басты бағыттарының бірі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, тазалық және автомобиль жолдарын жөндеу мен ұстау, сыртқы жарықтандыру, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Халықтың жайлы және қолайлы өмір сүруі осы мәселелердің жылдам әрі уақтылы шешілуіне байланысты.
Сондай-ақ есеп барысында көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жайы тарқата айтылды. Тұрғын үй аулаларында 22 балалар ойын алаңшасын орнатуға 60,0 миллион теңге, қоқыс алаңдарын орнатуға және жөндеуге 50,0 миллион теңге, 700 дана қоқыс контейнерін сатып алуға 22,0 миллион теңге және 25 бірлік аялдама орнатуға 50,0 миллион теңге бөлу жоспарланған. Сонымен қатар қала көшелерін жарықтандыруға, әсіресе оның ішінде мектептерге барар жолдарды, қала шетіндегі алқаптарды жарықтандыру бойынша сметалық құжаттамаларды әзірлеуге 50,0 миллион теңге қала бюджетінен қарастырылып отыр. Бұр жаңалықтардың барлығы тұрғындардың оң бағасын алып, риза болысты. Баяндамадан соң қала әкімі тұрғындарды шаһардағы коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік, қоқыс сынды күрделі мәселелердің күрмеуін шешуге бірлесе атсалысып, белсенді болуға шақырды.
Баяндамадан соң округтің бірнеше тұрғыны жарыссөзге шығып, өздерін көптен алаңдатып жүрген жайттарды ортаға салды. Аппаев көшесі, №10 үйдің тұрғыны Жақсылық Досаев «Тектұрмас» кешенінің артындағы ашық жатқан орыс халқының бейітін қоршау туралы өтініш білдірді. Шаһар басшысы аталған мәселені бірден қаперге алатынын айтып, тиісті мекемеге тапсырма берді. Сондай-ақ тұрғын өзі тұратын көшеде кәріз жүйесінің жоқтығын және су мұнарасының апатты жағдайда тұрғанын айтып шағымданды. Айтқазы Қарабалаев бұл мәселенің де назарда болатынын жеткізді. Ал Дзержинский көшесінің тұрғыны Оралбек Құлабеков болса, өзі тұратын аумаққа асфальт төсеп беруді сұрады.
– Біздің көшемізге газ құбырлары жүргізілгеннен кейін жолымыз сол күйі қалып қойды. Мүдделі мекемелердің мән бермей жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Көктем, күз айларында батпаққа батып қаламыз. Балаларымызға да обал болды. Мұнымен қоса, өзіңізден көшеміздің атын қазақшалап беруіңізді сұраймын. Егемен ел болдық. Көше атын беруге лайықты азаматтарымыз аз емес қой, – деді тұрғын.
Сауалға бірден жауап берген Айтқазы Дәулетқұлұлы: «Жол мәселесін назарға аламын. Алайда әуелде асфальт салынбаған жолға газ жүргізген мекеме тас жол төсеп беруге міндетті емес. Сол себепті сабыр сақтап, күтулеріңізге тура келеді. Бізде әлі жолы, суы, жарығы жоқ 20-дан астам саяжай типтес аумақ бар. Оларды да ойлауымыз керек. Егер облыс қол ұшын созса, бұл өтінішіңізді жерде қалдырмауға уәде беремін. Ал көше атауын ауыстыруға байланысты сіздер арнайы өтініш жазып, аумақ тұрғындарынан қол жинауға тиіссіздер. Ономастикалық комиссия бұл өтініштеріңізді қарап, ізінше шешім шығарады. Бұл бір күнде біте салатын шаруа емес. Мұны да ескеріңіздер», – деді.
Мұнан өзге сауалдардың барлығы жолдарға асфальт төсеу, көшелерді жарықтандыру аясында өрбіді. Айтқазы Қарабалаев барлығына нақты жауап беріп, 2020-2021 жылдары жолдарды жаңғырту бағдарламасына енген көшелерді қала бюджеті есебінен, өзге көшелерді облыстан көмек болған жағдайда міндетті түрде асфальттап беретінін айтты. Сауалдарына нақты жауап алған тұрғындар аталған мәселелердің тез арада шешімін табатынына сенім білдірді.

Шалғай мекенде шешілмеген шаруа көп

Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың есепті кездесуі №11 аумақтың №56 орта мектебінде жалғасты.
Жиында өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебін тыңдап, көкейдегі сауалдарын жолдауға келген халықтың қарасы қалың болды. Есепті кездесуде Айтқазы Дәулетқұлұлы әуелі қала ішінде атқарылған нәтижелі жұмыстарға тоқталып, ағымдағы жылға өтпелі жобалар мен жоспарлы істерді баяндады. Соның ішінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен шалғай елді мекендердегі ауыз су, көгілдір отын мен жол мәселесі турасында жоспарлы жұмыстардың қолға алынып, соған сәйкес жобалық-сметалық құжаттамаларының дайындалып жатқанын жеткізді. Есепті кездесуде тұрғындардың түйткілді сұрақтарына қала әкімі мен бөлім басшылары нақты жауап берді. Аумақ халқының өтініш-тілектерін білдіруге келген қала тұрғыны Орынбасар Тоқбергенов бұрын Жамбыл ауданының құрамында болған алқап қала құрамына қосылғалы бірқатар жұмыстардың тындырылғанын айтып, халық үшін маңызы бар мәселелер турасында сұрақ қойды.
– Аумақтың қала құрамына қосылғаннан бері жыл сайын кезең-кезеңімен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көзбен көріп жүрміз. Десек те, шалғай жатқан мекенде әлі де шешілмеген мәселелердің көп екені баршаға белгілі. Соның ішінде ең бірінші қоғамдық көлік мәселесі оң шешімін таппай келеді. Аумаққа қоғамдық көліктердің аз қатынауы себебінен жастардың сабақтан кейін қала ішіндегі түрлі үйірмелерге баруларына уақыт тапшы. Олардың қатарына оқу орындарында білім алып жүрген студенттерді де қоссақ болады. Осы уақытқа дейін бірнеше автобус бағыттары қойылғанымен, қаланың шеткі аумақтарына жиі қатынамайды. Бұдан бөлек, құмшағалдық жастар футбол алаңшасы қажет екендігін айтты. Сондай-ақ біздің аумақта дәрігерлік пункт жұмыс істейді. Ал елді мекенде жыл сайын халық саны артып келеді. Осыған байланысты дәрігерлік пункттен бөлек, үлкен емхананың да қажеттілігі туындап отыр,– деді ол.
Орынбасар Тоқбергеновтің қойған сауалына қала әкімі Айтқазы Қарабалаев пен бөлім басшылары толық жауап берді.
Аумақ тұрғындарының басым бөлігі автобус бағытына өзгерістер енгізу керектігі жайында жарыса айтты. Негізінен автобустардың жүру уақыты 20 минуттан болуы керек болса, аталмыш аумақта бұл ереже сақталмаған. Сондықтан автобустардың бағытына сәйкес жүру уақытын тұрғындар нақты білмейді. Бұл туралы тұрғындар жауапты мамандарға жолықса, «автобус жөнделіп жатыр» деген құрғақ уәдемен қайтарады екен. Бірақ осы жолы қала әкімдігіне қарасты тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынов биыл ақпан айында қазіргі қатынап жатқан №54 бағытқа қосымша сегіз автобус берілетінін айтып, уәдесін берді.
– «Шөлдала» аумағынан жастарға арнап аула клубтарын ашуды жоспарға енгізіп, белгілеп қойғанбыз. Соған сәйкес қазір бір аула клубы жұмыс істейді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында қосымша тағы екі аула клубы берілетін болады, – деді қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова.
Ал Айтқазы Дәулетқұлұлы емхана салу мәселесіне қатысты жұмыстардың жоспарын облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп әзірлеу керектігін айтты.
№11 аумақтық округтің жарықтандыру, мектеп маңына жаяу жүргіншілер жолын салу, сондай-ақ көгілдір отын мәселесі «Шөлдала», «Құмшағал», «Казарма», «Жиделі», «Қызыл-Абад», «Көлтоған» алқаптарын әлі күнге дейін алаңдатып отыр. Бір сөзбен айтқанда, маңызды мәселелер уақыт сәтімен шешілуде. Бірақ тұрғындардың көңілі бұған толмай отыр. Мәселен, алқапты жарықтандыру мәселесін шешу мақсатында құжаттамалардың барлығы жасалып, жобалық-сметалық құжаттамаларына 50 млн теңге жұмсалған. Ендігі кезекте оның жауабы наурыздың 25-інде шығатыны белгілі болды. Ал №19 мектептің маңына жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесі бойынша қала тұрғындары әкімдікке жүгінгеніне де аз болмапты. Соған сәйкес жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамалары да дайын. Ендігі кезекте қаражат мәселесі шешілсе, жұмысты бастай беруге болатынын қала әкімдігіне қарасты тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынов айтты.
Қала әкімі бөлім басшыларына халықпен кездесуді тек есепті жиында ғана еске түсірмей, күнделікті туындаған мәселеге байланысты дер кезінде шешім қабылдап отыру керектігін айтты. Әсіресе, қала аумағына жаңадан қосылған ықшам аудандар мен саяжай тұрғындарының сөзін ескерусіз қалдырмау керектігіне және 28 саяжайдың тұрғындарымен жиі кездесу өткізіп тұрудың маңызына тоқталды.
Жалпы қала әкімінің есепті кездесулерінен байқағанымыз, қала орталығындағы тұрғындарды көше тазалығы, жаяу жүргіншілер жолы, істен шыққан көше шамдары, көпқабатты үйлердегі жөндеу жұмыстары төңірегіндегі түйткілдер көбірек алаңдатса, қала шетіндегі тұрғындарды жарықтандыру, газ тарту, асфальт төсеу мәселелері мен қала орталығына қатынайтын автобустардың аздығы қолбайлау болып отыр. Қала әкімінің есепті кездесуінен кейін қаланың нақты жоспарларына енгізілген шаруалар жыл соңына дейін аяқталмақ.

pіkіr

Шаһардың келбеті келісті

Тараз жылдан-жылға көркейіп келеді. Оның сыртқы келбеті көркейіп, жаңа кәсіпорындар ашылса, ескі өндіріс орындары қайта жандануда. Тараз Ұлы Жібек жолы бойындағы көне әрі көркем қала ғана емес, бүгінде жаңа нысандармен өзге шаһарлардан көш ілгері жылжып, туризмнің жаңа бағыттарына жол ашылды. Оған қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың есебінде айтылған әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары айқын дәлел.
Облыс әкімінің бастамасымен өткен жылы қаламызды көркейту мен туризмді дамыту мақсатында бірнеше жаңа нысандар пайдалануға берілді. Атап айтсақ, бұрынғы «Атшабар» аллеясы «Жастар» аллеясы болып өзгертіліп, аталған аллеяда «Білім», «Қарахан – Айша бибі» стелалары және заманауи су бұрқақтары орнатылды. Сондай-ақ Жеңіс мейрамы қарсаңында Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Даңқ» залының құрылысы аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Төле би даңғылының бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап Қарахан кесенесіне дейінгі сквері, жаяу жүргіншілер (Арбат) аймағы мен аллеясы, «Тараз-Арена» кешенінің маңындағы «Даңқты спортшылар» аллеясы абаттандырылды. Облысымыздың 80 жылдық мерейтойына орай «Көне Тараз» кешенінің маңында өлкетану мұражайының, «Ретро-фестиваль» амфитеатрының, көрме павильонының, көркемсурет галереясының, қолөнер шеберханалары мен «Руханият» орталығының және сағат стеласының құрылыстары аяқталды.
Мұның барлығы – халықтың игілігі үшін атқарылып жатқан ауқымды істер. Ал ағымдағы жылдың жоспарына сәйкес «Тектұрмас» этнотарихи кешені құрылысының 2-ші кезеңінде «Көне қамал ғимаратының», «Атлах шайқасы» барельефі, жасанды сарқырама, Талас өзенінің жағасын абаттандыру құрылыстары басталатын болса, осы кешеннен «Көне Тараз» этномәдени кешеніне дейінгі аспалы жолдың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленетінін естіп тағы бір қуандық. Алда атқарар ілкімді істер тек жемісін берсін.

Алдияр Түсіпов,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Ілкімді істер ілгері
бастырады

Қала әкімінің дәстүрлі түрде өтетін халық алдындағы есебі атқарылған жұмыстарды, алдағы міндеттер мен негізгі бағыттарды тұрғындармен бірге айқындауға арналған. Өткен жыл еліміз үшін елеулі оқиғалармен, ауқымды іс-шаралармен ерекшеленді.
Атап айтатын болсақ, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында қайтарылған қаражат және жергілікті бюджет есебінен 76,3 млн теңгеге «Алатау» (8) мөлтек ауданы, №12, 49 үйлердің шатыры, кіреберісі мен инженерлік жүйелері жөндеуден өткізілді. «Алатау» (8) мөлтек ауданы, №50-51 үйлердің ауласына спорттық «Street Workout» алаңы құрылып, №37 үйдің аумағына кіші футбол алаңшасы салынды.
Білім саласы бойынша округтегі №41 мектепте қосымша бейнебақылау қондырғылары орнатылды. №41 көпсалалы гимназия жаңа модификациялы биология кабинетімен, №43, 48 орта мектептер толық жабдықталған робототехника кабинетімен жабдықталды. Сонымен қатар жыл ішінде қаладағы барлық 60 мектепке модульдік полиция пункттері орнатылатын болады.
Округте орналасқан мектептердің аз қамтылған, көпбалалы отбасыларының 1089 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Округтегі 305 отбасы (1220 адам) 14,2 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегін алса, 1065 отбасына (5644 адам) 690,4 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік көмектегі ең үлкен жаңалықтың бірі – көпбалалы отбасылардың табысына қарамастан, мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды. Бұл жәрдемақыны 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар отбасылар ай сайын алып отырмақ.
Мемлекет басшысының халықтың кіріс пен тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі қойып отырған міндетін тиімді орындау ең алдымен ол – қолжетімді тұрғын үй, жұмыспен қамту, сапалы білім беру және денсаулық сақтау, таза экология, жақсы жолдар мен қауіпсіздік. 2019 жылы атқарылған жұмыстар аз емес, сондықтан алдағы кезеңнің жоспарын нақтылап, алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырмыз. 2020 жыл бұдан да ауқымды болады деп есептеймін.

Ләззат Қызылғұлова,
Тараз қалалық мәслихатының
№5 сайлау округінің депутаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.