Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ел екпеден неге қашады?

Діни таным мен дақпырт

0 118

Қазіргі таңда вакцинация мәселесі тек медицина саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ талқылау алаңына айналды. Әсіресе діни көзқарасы бар отбасылардың арасында екпе жайлы сұрақ көп туындайтыны жасырын емес. Дін мен ғылымды бір-біріне қарсы қоюға тырысатын пікірлердің көбеюі қоғамда түсінбеушілік тудырып келеді. Осы мәселеге байланысты сала мамандарының арнайы пікірін біліп, көпшілікті толғандырған сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Жалпы вакцина сөзі – «сиыр» деген түбірден шыққан екен. Нақтырақ айтқанда, «сиырдың шешек ауруы» дегенді білдіреді. 1796 жылы ағылшынның Эдвард Дженнер деген дәрігері ең алғаш рет Джеймсе Фиппс деген балаға шешек ауруына қарсы вакцинаны салғанда оның сарысуын шешекпен ауырған сиырдан алыпты. Содан бері солай аталып кеткен. Бұл кезең «сиыр шешегі» ауруының пандемиясы асқынып тұрған уақыты еді. Содан бергі 230 жылда вакциналау практикасы өзектілігін жойған жоқ. Кейіннен вакцинаның алғашқы шикізатын иттен де, маймылдан да, шошқадан да алған кездер болған. Бірақ «сиыр» атауы сақталып қалды.
Осыны естігенде әжелеріміздің «шешек шыққыр», «қарасан келгір» деп ұрсып жататыны еске түседі. Өйткені олардың ғасырының ең үлкен тажалы осы қарасан ауруы болған еді. Бір Еуропаның өзінде бұл індет үш жылдың ішінде 500 мың адамды ажал құштырған екен. Сол кездің өзінде-ақ вакциналау мәселесіне медициналық ортада күмәнмен қарағандар көп болса, діни көзқарастағылар малдан алынған сарысуды бойына салдыруға үлкен қарсылық танытып, ұзақ уақыт тыйым салып келген. Әйтсе де, сөзсіз тиімділігі дәлелденгенше «сиыр шешегімен» жасырын түрде 100 мыңдай адам егілген екен. Содан кейін барып қана оның нәтижесіне көз жеткен соң 1840 жылдары бұқаралық сипат ала бастаған. Осылайша, діни қасаңдықты ғылыми жасампаздық жеңіп шыққан. Бір қызығы, мұндай күмән мен қарсылық бүгінде қайталанып отыр.
Елімізде бала дүниеге келгеннен бастап, 16 жасқа шейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салдырылады екен. Әрине бұл екпелердің көбісі ерікті, ішіндегі бірқатары міндетті болып келеді. Десе де вакциналық екпе егуге байланысты қазіргі қоғамда түрлі пікірлер айтылуда.

– Барлық өркениетті діндердің түбінде адамның өмірі мен денсаулығын қорғау міндеті жатыр. Исламда адам өмірі – ең жоғары құндылық. Денсаулықты сақтау – парыз. Пайғамбарымыз жұқпалы аурулар кезінде сақтануға, ауырған адаммен араласпауға кеңес берген. Мұның өзі бүгінгі вакцина тәрізді алдын алу шараларының діндегі орнын айқындайды. Сондықтан «вакцина шариғатқа қайшы» деген пікір – діни мәтінді үстірт түсінуден туған қате тұжырым.
Вакциналау заңды түрде әрі кәсіби мамандардың нұсқауымен жүзеге асу керек. Бұл мәселе медицинаға қатысты болғандықтан, сол саланың мамандары оны жан-жақты зерттеп, адамның денсаулығына пайдалы немесе зиянды тұстарын анықтап, оны қолдану туралы нақты шешім қабылдауы тиіс. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деген. («Нахыл» сүресі, 43-аят).
Вакцина құрамында шариғатта тыйым салынған заттардың болмауы тиіс. Себебі шариғатта кез келген харам және нәжіс затпен емделуге рұқсат жоқ. Бірақ зәрулік жағдайларда, яғни екпе қолданбаған жағдайда өміріне қауіп төнетін болса және одан басқа халал түрі табылмаса, бар екпені қолдануға рұқсат етіледі. Өйткені Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп бұйырған. («Бақара» сүресі, 195-аят).
Вакцина адамның денсаулығына зиян келтіріп, оның ауруын асқындырып немесе мүгедек етіп қоймауға тиіс. Ислам діні әрқашан зиянды нәрседен аулақ болуға шақырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңе де, өзгеге де зиян беруге болмайды», – деп айтқан. (Ахмад ибн Ханбал). Сондықтан вакциналау денсаулыққа зиянды болса немесе пайдасынан зияны көбірек болса, онда емделудің басқа жолын қарастыру қажет.
Аурудың алдын алу мақсатында вакциналау – мүбах (рұқсат). Мұндай вакциналау әрбір азаматтың келісімі бойынша орындалуы тиіс. Қоғамда жұқпалы (вирустық) аурулар күшейіп, өзіне және өзге адамдарға зияны тию ықтималы артса, сол ауруға қарсы екпе алу қажет болады. Бірақ халал вакцина табылмаса және вакциналауға зәрулік туындаса, кәсіби мамандардың нұсқауымен қолда бар екпені қабылдауға рұқсат етіледі.
Адамдар діни дәлел іздегендей көрінеді, бірақ шын мәнінде қорқыныш – әлеуметтік құбылыс. Интернеттегі бейнежазбалар, расталмаған посттар, шетелдік теориялар халық арасында сенімсіздік тудырады. Ал нақты дін өкілдерінің басым бөлігі вакцинацияға қарсы емес. Біз жамағатқа денсаулықты сақтау – діннің талабына сай екенін айтамыз. Вакцина – сол аманаттың бір бөлігі. Адам өзін ғана емес, айналасындағы қоғамды да ойлауы тиіс. Егер жұқпалы ауруға қарсы тұруға мүмкіндік болса, оны қолданбау – дұрыс емес, – дейді «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Нұралы Бақытұлы.
Медицина мамандары да вакцинаға қарсы көзқарастардың көбі діни дәлелге емес, жалған ақпарат пен әлеуметтік қорқынышқа негізделгенін алға тартады. Педиатр-дәрігер Әйгерім Ғалым: «Бізге келетін ата-аналардың жартысынан астамы интернеттен оқыған күмәнді ақпараттан қорқып келеді. Баласының денсаулығын ойлағаннан бас тартады, бірақ көп жағдайда бұл – жалған мәліметтің әсері. Вакцинаның құрамындағы заттар стандартқа сай тексеріледі. Ауыр инфекцияларды тек осылай тоқтата аламыз. Ең бастысы әр ата-ана вакцина аларда өз баласының денсаулығына мұқият зерделеу жасаған дұрыс. Ауырып, болмаса сәл жөтел болса да екпе алуға болмайды. Бала өзін жақсы сезініп, толық жазылғанға көзіңіз жеткенде ғана вакцина салуға болады», – дейді.
Тараздық үш баланың анасы Жұлдыз Қасымқызы алғашында екпеден діни себеппен бас тартқысы келгенін айтады.
– Интернеттен оқып алып қорықтым. Кейін имаммен де, дәрігермен де сөйлестім. Екеуі де вакцинаға қарсы ешбір шынайы діни дәлел жоқ екенін түсіндірді. Жүрегім орнына түсіп балаларымды екпе алуға алып бардым. Бүгінде шешімімнің дұрыс болғанына көзім жетті, – дейді ол.
Ал көп балалы ана Гүлжан Базарбай болса балаларына екпе алуға қарсы екенін және оған діни көз қарастың еш қатысы жоқтығын айтты.
–Адам денсаулығына байланысты болғандықтан екпе өте нәзік мәселе. Ислам діні екпені салдыруға қарсы емес. Алайда, екпенің құрамына және оны салдырудың алдында әр баланың денсаулығына жеке (индивидуалды), әрі жіті қарау керек. Сондай-ақ шетелден әкелінген екпені зертханалық сараптамадан өткізу ләзім. Өйткені екпе салдырғаннан кейінгі зардапты ата-ана мен бала ғана көріп жатыр. Әрине, барлығы бірдей дей алмаймын. Бірақ бүгінде ақпарат дамыған уақытта бақылап, көріп отырмыз. Вакцина салдырғаннан кейін сау баласы мүгедекке айналған жайттар жоқ деп те айта алмайсыз. Сондықтан менің азаматтық пікірім екпені балаларыма салдырмаймын, – дейді көпбалалы ана.
Иә, қоғамда қанша адам болса сонша пікір. Жалпы дін де, медицина да адам өмірін қорғауға бағытталған. Қорытындылай келгенде, вакцинацияға байланысты шешімді әркім өзі қабылдағанымен, мұндай маңызды мәселеде жалған ақпаратқа емес, ғылыми дерек пен сенімді діни түсінікке сүйенген жөн.

Арайлым Бақытжанқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.