Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел дамуының жаңа саяси моделі

0 838

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Жолдауындағы іргелі өзгерістер мемлекетті орнықты әрі басқаруға икемді етуге бағытталды. Мемлекет басшысы бүкіл құзыреттің бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі өз тиімділігін жоғалтқанын баса айтқан еді. Өйткені мұндай жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы қоғамды топтастыра да, ұйыстыра да алмайды. Сондықтан ел Президенті Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгертуге кірісті.

Қаңтар оқиғаларына дейінгі кезеңде де мұқият ойластырылған бұл қадам-дардың ішіндегі бастысы – басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу бастамасы болды. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді.
Осы мақсатта жаңадан сайланатын, VIII шақырылымдағы Парламенттің рөлі бұрынғыларға қарағанда айтарлықтай күшейтілді. Бұл «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашты. Себебі жаңа Мәжілісте тікелей халық сайлаған тәуелсіз депутаттар пайда болды. Яғни оның 29 депутаты – бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланды. Қалған 69 депутат – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесінде таңдалды. Басқаша айтқанда, партиялық тізімдер негізінде іріктелді.
Сөйтіп, Қазақстан демократия дүмпуі дүрілдеп тұрған 90-жылдардағы төл тәжірибесіне қайта жүгініп отыр. Мысалы, 1999 жылдың күзінде Орталық Азия өңірінде алғаш рет парламенттік сайлауда аралас тәсіл қолданылды. Нәтижесінде, ІІ сайланымдағы Мәжілістің 67 депутаты бір мандатты округтерден, ал қалған 10 депутаты біртұтас жалпыұлттық округ бойынша партиялар атынан сайланды. Кейін суперпрезиденттік билікті күшейту аясында Қазақстан 2007 жылы конституциялық реформа жүргізіп, бір мандатты тәуелсіз депутаттарды сайлаудан бас тартты. Мәжіліс тек партия өкілдерінен ғана қалыптастырылатын болды.
Мемлекет басшысының бастамасы аясында биыл Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10 депутатқа дейін азайтылды. Мәжілісте Ассамблея атынан сайланатын 9 депутаттық мандат квотасы жойылды. Ең бастысы, енді заң қабылдау құқығы жаңа қалыптасатын Мәжіліске ғана тиесілі болды. Ал Сенат қабылданған заңдарды мақұлдайды. Мақұлдамаса, вето қою құқығы жоқ: Мәжіліс оның наразылығын еңсере алады. Жоғарғы палата әр өңірдің мүддесін қорғайтын палатаға айналады.
Наурыздағы Жолдау тарихи бетбұрысқа бастады. Қазақстанда саяси монополиямен күрес белең алды. Бұған дейін бар билік бір қолда шоғырланғандықтан, барлық мәселенің шешімі де Президентке келіп тірелетін. Бұл жасампаздық пен бастамашылдықты алға бастырмас тосқауыл болды. Министрлер де, әкімдер де Мемлекет басшысы міндет қоймаса, өз бетімен жаңа іске, тың жобаға мұрындық болмай, бас шұлғып, бұйығы отыратын. Себебі әкімнің шешімі көңіліне жақпай қалса, Президент оның шығарған актісін жоя алатын еді. Салдарынан жергілікті билік дербестігін жойды. Бұл Қазақстанның қарқынды өрлеуін тежеп, дамыған елдер көшіне қосылуына кедергі келтірді.
Сондықтан да мемлекеттің ұзақ мерзімді мүддесін биліктің қосымша мүмкіндіктерінен, уақытша ықпалынан биік қойған Қ.Тоқаев өз өкілеттіктерінің бір бөлігінен өз еркімен бас тартты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы облыс, мегаполис әкімдері шығарған актілер мен шешімдердің күшін жоя алмайды, оның қолданысын уақытша тоқтата да алмайды. Егер ол шешім заңсыз болса, Бас прокуратура наразылық білдіріп, сот арқылы жоюы мүмкін. Президент аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босату құқығынан айырылды. Оларды халық сайлайды, ендеше, орнынан да халық алып тастай алады.
Сонымен қатар Қ.Тоқаев билік партиясының төрағалығынан кетті. Ұлттық заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай Қазақстанның болашақтағы барлық президенттері өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті. Жолдау аясында қабылданған заңнамалық түзетулерге сай, Конституциялық Кеңестің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының төрағалары және мүшелері де партиялардан шықты. Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салынды.
Нәтижесінде, біріншіден, бұл кез келген партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне жол бермейді. Екіншіден, елде жалғыз ғана саяси күштің үстемдік етуіне барынша шектеу қояды. Үшіншіден, бұл жаңашылдық елдегі саяси бәсекені арттырып, барлық партияның тең дамуына бірдей жағдай жасайды. Төртіншіден, осы арқылы болашақтағы көшбасшыларымыздың негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуына тосқауыл қояды.
Наурыз бастамаларын әрі қарай өрістеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы тағы бір батыл қадамға барды: Президентті 7 жылға тек бір реттік мерзімге сайлауды ұсынды. Былтырғы президенттік сайлау аясында бұл бастама жүзеге асты. Осының арқасында екінші кезеңге үміт жойылғандықтан, іс басындағы Президент бар күш-қуатын, білік-білімі мен іскерлік қабілетін өмірінде бір рет қана берілген мүмкіндікті лайықты пайдаланып, тарихта жақсы атымен қалуға барынша жұмсайды. Президенттікке қайтара түсуді көздеп, түрлі саяси айлаға бармайды.
Ел тізгінін ұстаған тұлғаға жақын шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол бермеу үшін Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады.
Мұның сыртында Қаңтар оқиғасының туындауына себеп болған келеңсіз-діктерді жою, соның ішінде экономикалық қызметтің монополиялануын болдырмау, экономика салаларын олигархиядан тазалау, олар заңсыз иеленген мемлекеттік меншікті кері қайтару, шетелге заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару сияқты сан түрлі салаға мультипликативтік әсері бар Жолдаудағы бастамаларды жүзеге асыру жалғасып келеді.

Адина Исатай,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.