Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел дамуының жаңа кезеңі

0 267

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Елдігіміз бен егемендігіміздің жарқын ісін жаңғыртқан мерекелік концертке Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Қай халық үшін болса да азаттықтан асқан ұлы ұғым, тәуелсіздіктен биік тұғыр болмаса керек. Еліміз тәуелсіздік жылдары толағай табыстарға жетіп, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 11 миллиардтан 170 миллиард долларға дейін өсті. Нарық, жеке меншік саясаты қалыптасып, бүгінде 4,5 миллионнан астам адам осы салаларда жұмыс істеуде. Атқарылған саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалардың арқасында қазақстандықтардың әл-ауқаты 20 есе артты. Ағымдағы жыл өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өркендеу жолында тағы да бір қадам жасалған жыл болды. Жыл басынан бері 123 әлеуметтік-экономикалық нысан жаңадан ашылып, бірқатар нысандар қайта жаңғыртылды. Оның ішінде 20 білім, 65 денсаулық нысаны, 18 тұрғын үй, 130 спорт алаңы ел игілігіне берілді. Сонымен қатар облысымыздың 80 жылдығына да лайықты тартулар жасалды. Тәуелсіздік мейрамына орай облыста 41 нысан халық игілігіне берілді. Бүгінде облыстың рухани өмірінде де оң өзгерістер бар. Тарихи Тараз түрлене түсуде. Баршаңызды елдіктің еңселі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! – деді әкім өз құттықтауында.

Ұлы дала елінің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай өткен салтанатты шара барысында ел игілігіне елеулі еңбек еткен азаматтар марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 29 қарашадағы №207 Жарлығына сәйкес мемлекеттік және қоғамдық қызметте cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Жамбыл облыстық «Жамбыл» журналының бас редакторы Несіпбек Дәутаев, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жамбыл филиалының (ЖЖФЗ) бас инженерінің орынбасары Александр Малыш, еңбек ардагері Шырынкүл Мамасерікова, Жамбыл облысы әкімінің аппаратының басшысы Рүстем Дәулет, «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бақберген Мауленов, Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев, «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлдара Нұрымова, Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева «Құрмет» орденімен, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің минералды тыңайтқыштар зауытының №01 (Аммофос) цехының слесарь-жөндеушісі Жексен Әкіжанов, «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалының Красногор тарату электр жүйесінің электр слесарі Эдуард Штарк, «Қазақстан темір жолы-Жүк тасымалдау» акционерлік қоғамының «Жамбыл жүк тасымалдау бөлімшесі» Жамбыл пайдалану локомотив депосының вагон қараушы-жөндеушісі Николай Хомутенко III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Айнұры» татар-башқұрт мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амир Халиков ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртісі Бақыт Шағырбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды.

Сондай-ақ салтанатты жиында «Ерен еңбегі үшін» медалімен бірқатар азаматтар марапатталса, «Шапағат» медаліне Қордай аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімінің акушері Күлпаршын Аймағамбетова, Жамбыл облыстық ауруханасының кардиоревматология бөлімінің меңгерушісі Рауза Жұбандықова ие болды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты да жиында табысталды. Ал «Барыс» төсбелгісі Жамбыл облысында басшылық лауазымдар атқарып, 1-ші және 2-ші сайланған ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып еліміздің кешенді даму бағдарламаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге атсалысқаны, бүгінде қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі ретінде атқарған жұмыстары үшін Жандар Кәрібайұлына, өкілді органның депутаты ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбегі және мәслихаттардың 25 жылдық мерейтойына орай Бағлан Қарашолақовқа және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбегі және Түркістан облысы Арыс қаласындағы орын алған төтенше жағдайларды ретке келтірудегі қызметі үшін Еркебұлан Дауылбаевқа табысталды. Облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен де марапатталды.

Салтанатты жиын Дінзухра Тілендиева дирижерлік ететін «Отырар сазы» халық аспаптар оркестрінің және халық әншілерінің орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.