Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел дамуының тың тетіктері айқындалды

0 1  025

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы 1 қыркүйектегі халыққа арналған Жолдауы алдыңғыларынан өзгеше, яғни күтпеген жаңалықтармен ерекшеленеді.

Айталық, бұл Жолдаудың өзгешелігі – халықтың, шын мәнінде, жаңа Қазақстанды құру жолында мемлекет тарапынан ел болып терең әлеуметтік-экономикалық реформалар мен нақты іс-қимылдарға бағытталған бастамаларды асыға күтуі деп айтуға болады. Қазіргі әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда ел ешінде тыныштықты сақтау, экономикалық өсімді үнемі қамтамасыз ету мен әлеуметтік қамсыздандыруды естен шығармау тұрақты даму кепіліне айналып отыр. Президент бұл жолғы Жолдауында реформалардың нақты бағыттарын анықтау үшін ең алдымен жаңа экономикалық саясатты құрудан бастауы сондықтан болар.
Әлемде болып жатқан саяси және экономикалық дағдарыстарға қарамастан, елімізде кезектен тыс Президент сайлауының өтіп, халық өз таңдауын жасады. Сол Жолдауда Президент Үкіметке тиісті тапсырмалар жүктеді. Ол сондай-ақ елдің одан әрі қарыштап дамуына бағытталған саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық маңызы бар мәселелерді егжей-тегжейлі баяндап, елдің жағдайын жақсартуға бағытталған міндеттерге кеңінен тоқталып өткен еді.
Саяси жаңғыруға бағытталған бұл құжатты елдің асыға күткені жасырын емес. Президент тәуелсіздігімізге қауіп төндірген Қаңтар оқиғасының жай-жапсарына терең тоқталып, оны ұйымдастырушылар мен кінәлілердің қатаң жазаланатынын тағы да тілге тиек етті. Жолдау нәтижесіз болған жоқ. Бүгінде қаңтар қасіретіне кінәлі тұлғалар өз жазасын өтеп жатыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының қиын кезде туған Отанымен бірге болып, қатаң да батыл шешімдер қабылдағанын, нәтижесінде ел тыныштығы тұрақтанғанын баршамыз жақсы білеміз.
Мемлекет басшысы өз Жолдауының «Сайлау жүйесін жетілдіру», «Партиялық жүйені дамыту», «Құқық қорғау институттарын күшейту», «Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру» және «Азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту» тармақтарында Президенттік ұсыныстарын ортаға салып, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастырудың тың тетіктерін айқындады. Сондай-ақ дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін нақты шараларды да назардан тыс қалдырған жоқ.
Жолдау аясында үш маңызды тірекке ерекше мән берілетінін аңғарамыз. Бұл – «Күшті Президент, ықпалды Парламент, естуші Үкімет». Осы Жолдауда қаржы көздерін іздеу, оларды тиімді игеру, инвесторлар тарту, сыбайлас жемқорлық мәселелерін шешу және оған жол берген заңды және жеке тұлғалардан өндірілген айыппұлдарды білім беру мақсаттарына бағыттау мәселелері де назардан тыс қалмады. Сондай-ақ ол Еуропа мен Азияны байланыстыратын Қазақстан мемлекетінің географиялық ерекшелігін ұтымды пайдалану қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ішкі мәселелер – азық-түлік бағасы және әйелдердің зейнеткерлік жасының тұрақтылығы, сондай-ақ Ұлттық қордан балалардың шоттарына қаражат аударылуы секілді жаңалықтар біздің болашаққа деген сенімімізді нығайта түсері анық.
Құнды құжатта айтылғандай, енді Қазақстанда балаларға арналған Ұлттық қор пайда болады. Оған жыл сайын Ұлттық қор инвестициялық табысының 50 пайызы аударылады.
– Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын», – деді Президент бұл жөнінде. Ұлттық қордағы ақша бала кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалатын болады. Әрине, халық жылы қабылдаған бастаманың бірі – осы.
Отанымыздың кемел келешегі болған жастарды қолдау болашағы бекем ел үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы әр сөзінде жастарды назардан тыс қалдырған емес.
– Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент Қазақстанда оқуға жылдық 2-3 пайыздық жеңілдікпен кредиттер берілетінін атап өтті.
– Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады, – деді Президент. Бұл шаралар жоғары білімді қолжетімді етіп, қоғамда әріптестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады деген сенімдеміз.

Айжан ШАХАБАЕВА,
Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.