Қалалық қоғамдық-саяси газет

Экскурсиялық автобустар жолға шықты

0 259

Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының қолдауымен Таразда 2 туристік автобус жолға шықты.

Құралай ІЗЕТБАЕВА

Экскурсиялық қоғамдық көліктерді салтанатты түрде саяхатқа аттандыру шарасы «Жастар» аллеясында өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров қатысып, сәттілік тіледі.
– Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарына бұл үлкен жеңілдік. Яғни қаланың тарихи және мәдени нысандарын көруге мүмкіндік туып отыр. Бұл жобаның ерекшелігі, біз осы маршрутта көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына, қарттарымызға бұл мәселенің қолайлы жағын қарастырып отырмыз. Алдағы уақытта бастама сәтті жүзеге асады деген ойдамын, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Облыста алғаш рет қолға алынған тың жоба Жастар жылы аясында атқарылып отыр. Халық игілігіне ұсынылған экскурсиялық автобустар 5 ай бойы ҰОС ардагерлері мен қарттар үйінің қарияларын, мектеп оқушыларын, колледж және де ЖОО студенттерін тегін тасымақ. Бірінші кезекте көпбалалы отбасынан шыққан балалар мен тұрмыс жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушылар қамтылмақ. Ал қала тұрғындары мен қонақтарына республикалық тарихи маңызы бар ғимараттарға кіру тарифке сәйкес ақылы болмақ.
– Мен көпбалалы отбасының әжесімін. Алдағы уақытта немерелеріме шаһардың киелі орындарын, тарихи нысандарын аралатуға зор мүмкіндік туып отыр. Бұл бастама баланың өз туған жері жайлы кеңінен түсінуіне, ондағы мақтанышқа айналған әсем жерлерді біліп жүруіне үлкен сеп болмақ, – деді зейнеткер әжей Ұлтуар Бекбауова.
Туризм басқармасы бекіткен 2 бағыт бойынша тарихи-мәдени ескерткіштерге бағытталған көліктер аптаның демалыс күндері жолға шығады. Автобустардың бірінші бағыты бойынша алдымен Көне Тараз – Қарахан кесенесі – Дәуітбек кесенесі – Қали Жүніс мешіті – «Төрткүл» керуен сарайы – «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі – Айша бибі кесенесі – Бабаджа хатун – «Көне Тараз» музейі – Ақыртас кешеніне сапар шегуге болады. Ал екінші бағытта «Көне Тараз» музейі – Қарахан кесенесі – Дәуітбек кесенесі – Қали Жүніс моншасы – ортағасырлық «Төрткүл» сарай кешені – Тектұрмас кесенесі – Ақыртас сарай кешені – Көне Таразға саяхат жасай аласыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.