Қалалық қоғамдық-саяси газет

Екпе алғандардың ауру жұқтыру көрсеткіші 8 есеге төмендейді

0 1  410

Әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы қайтадан күшіне мінді. Сондықтан да арқаны кеңге салуға әлі ерте. Ал қауіпті індетті ауыздықтаудың жалғыз жолы вакцина екенін жаһан ғалымдары тегіс мойындауда. Бұл бағытта елімізде де қыруар жұмыстар атқарылуда. Дерт дендеген тұста өңірдегі эпидахуал, вакцинацияның барысы туралы №3 емхананың бас дәрігері Ажар Искаковамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Ажар Елеукенқызы, коронавирусқа қарсы салынған вакцина адамды қауіпті аурудан толықтай қорғай ала ма? Вакцина салдырғаннан кейін адам ағзасында қандай өзгерістер болады? Неліктен екпенің 2 дозасын қабылдау керек?
– Вакцина салдырған адамда ауру туындамайды, жоғарыда айтқанымдай, екпе ағзада иммунитетті қалыптастыруға және қорғайтын антиденелердің (антитела) пайда болуына ықпал етеді. Яғни, жай сөзбен айтсақ, вакцина сіздің ағзаңызды вирусты «танып білуге» оқытады. Сондықтан індет жұқтырған жағдайда сіздің иммундық жүйеңіз коронавируспен күресуге дайын болады. Иммунитет вакцинамен алғаш ұшырасқанда, ол екі түрлі иммундық клетканың жұмысын іске қосады. Оның бірі антиденелерді белсенді түрде шығара бастайды, ал екіншісі қауіпті іздеп, табады және ағзаға түскен жағдайда патогенді, яғни вирусты жояды. Ал екпенің не үшін екі дозасын қабылдау қажет? Вакцинаның екінші дозасы қорғану дәрежесін көтереді. Себебі 1 рет екпе салдырған адамнан гөрі 2 рет қабылдаған адамда иммундық есте сақтау мен қорғайтын антиденелер саны 6-12 есеге және одан да жоғары болады.
– Вакциналардың әсері қаншалықты тиімді және екпе алғандар ауыра ма?
– Дайындалған және қолданыстағы вакциналардың әсері 80-90 пайыз аралығында тиімділігін дәлелдеуде. Ал 100 пайыз әсер ету нәтижесіне бірде-бір вакцина кепіл бола алмайды. Бұл дегеніміз екпе алған адамдар коронавирус індетімен ауырған науқаспен тығыз қарым-қатынаста болса, олардың 80-90 пайызы ковидпен ауырмайды, тек 10-20 пайызы ауыруы мүмкін. Және індет асқынусыз, жеңіл түрде өтеді. Яғни егер сіз ауырып қалсаңыз, жансақтау бөліміне түспейсіз және өлімге әкеліп соқтырмайды. Соның арқасында вакцина алғандардың ауруханаға түсіп қалуы мен қайтыс болу жағдайлары 25 есеге, ал ауру жұқтыру қаупі 8 есеге азаяды.
– Қазақстан азаматы коронавируске қарсы екпені міндетті түрде алуы керек пе? Мәжбүрлеу бола ма?
– Бұл жерде «міндетті» және «мәжбүрлі» деген сөздің арасындағы айырмашылықты түсіну қажет. Ешкім Қазақстан азаматына күшпен вакцина салдырта алмайды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 77-бабының 18-тармағында жазылғандай, әр адам вакцинациядан жазбаша түрде бас тартуына болады. Өз еркімен келіскенде ғана екпе салынады. Ал аталған Кодекстің 85-бабына сәйкес, медициналық кері көрсетілімдері жоқ азаматтар, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын, инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы, оның ішінде коронавирусқа қарсы екпе алуға міндетті.
– Екпе алған азаматтарға біздің елімізде қандай да бір жеңілдіктер бола ма?
– Әрине, бар. Мәселен, ауруханаға түскенде, шипажайға жолдама алғанда, шетелдерге шыққанда, халыққа қызмет көрсететін саладағы мекемелерде жұмыс істейтін азаматтар, коронавируске қарсы 2 екпесі, яғни электрондық құжаты барлар, ПТР-тест тапсырмайды. Ал екпе салдырмаса, қызметкер әр 7 күн сайын ПТР-тест тапсыру керек немесе қашықтан жұмыс істейді. Осы орайда вакцина салдыру сіздің ақпараттандырылған шешіміңіз және өзіңіздің жауапкершілігіңізде екенін жете түсінген жөн.
– Жұқпалы індеттерге, оның ішінде коронавируске қарсы екпе алмаған баланы мектепке немесе балабақшаға қабылдай ма?
– Ата-анасының екпе салдырудан бас тартуы баласына ешқандай шектеу қоймайды. Дегенмен инфекциялық аурулар, оның ішінде коронавирус індеті тіркелген жағдайда екпе жасалмаған балалар арасында ауруға шалдығу қатері өте жоғары болады. Әсіресе ауыр асқынуларымен және өлім-жітім оқиғаларына соқтыратын оқиғалар да жиі кездеседі. Мұндай жағдайда ұйымдастырылған ұжымдағы балалар, ауруынан толық сауыққанша, екпе алмаған балалар мекемеге бармауы керек, өйткені олар инфекциядан қорғалмаған. Немесе эпидемиялық көрсеткіші бойынша инфекциялық аурудың өршуіне жол бермеу мақсатында, екпені алғаннан кейін ғана ұйымдастырылған ұжымдарға балаларды қабылдау ұсынылады.
– Қазір ел ішінде екпе салдыруға қарсы болып жүрген антиваксерлер де аз емес. Осы жайында не айтуға болады?
– Антиваксерлер екпе мен вакциналар туралы дәлелсіз жалған ақпараттарға сендіріп, таратуларын қояр емес. Сондықтан тек ресми ақпараттарға сеніңіздер және тек вакцинация ғана барлығымызды ковид ауруынан және пандемиядан сақтайтынын ұмытпаңыздар дегім келеді.
– Өзіңіз басқарып отырған мекемеде қызметкерлер және тіркелген тұрғылықты халық арасында вакцинациялау қалай жүргізілуде?
– Мекеме қызметкерлері бүгінде 100 пайызға екпе алып, қазіргі таңда ревакцинациядан өтуде. Ал халық арасында 1-турмен 100 пайызға, 2-турмен 85 пайызға қамтылды. Вакцинациялау және ревакцинациялау жұмыстары әлі де жалғасуда. Бүгінгі кезеңде 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге, 16-37 аптадағы жүкті әйелдерге, босанғаннан кейін 42 күн өткен әйелдерге «Пфайзер» вакцинасы егілуде. Осы сәтті пайдалана отырып, қала тұрғындарына вакцинациялау жұмысының барлық емханаларда жүргізіліп жатқанын ескерте отырып, коронавируске қарсы екпе алуға шақырамыз. Сол арқылы өзіңізді және жақындарыңызды вирусты инфекциядан сақтаңыздар!
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.