Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Екі қолға – бір күрек» немесе жалқау жастар неге көбейді?

0 300

Жаңа 2022 жыл өзгеше өрбіді. Қазақ елінің дөңгеленген дүниесін дүрбелеңге салып, бейбіт шеруден бастау алған «қасіретті қаңтар» оқиғасы талайдың қабырғасын қайыстырды. Бұл дүрбелеңнің басында «сол жұмыссыздар жүр» деген дүние де айтылды. Осы орайда облыста қанша адам жұмыссыз жүр? «Жастар екі қолға бір күрек неге таба алмауда?» деген орынды сұрақ туады.

Ресми мәлімет бойынша 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 61 441 адам қамтылып, оларға барлығы 3,4 миллиард теңге тағайындалған. 9384 отбасымен (51 545 адам) әлеуметтік келісімшарт жасалған. Ал жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 19 647 адам тартылған. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 732, ақылы қоғамдық жұмысқа – 471, әлеуметтік жұмыс орындарына – 52, қайта даярлау курсына – 14, жастар тәжірибесіне 7 адам жолданған. Міне, «жұмыс жасаймын» дегендерге Үкімет тарапынан еңбек етудің түрлі жолдары ұсынылуда.
Ал енді жастар неге осы жұмыс орындарына бармайды? Алғашқы кейіпкеріміз 33 жасар Мараттың жұмыссыз жүргеніне үш жыл болған. Ол бұрын үй салып, пәтер жөндеп, кірпіш қалаған екен. Пандемия басталған тұстан бері жұмысы азайып, кейде тіпті бірнеше ай бойы қол қусырып отырып қалған. Бүгінде Марат зайыбы және екі баласымен бірге анасының зейнетақысына күн көруде.
Сәрсен есімді азамат та әке-шешесінің зейнетақысына күнелткендердің қатарында. Бірақ Сәрсен жұмыссыз жүрген азаматтардың көп жағдайда өздері кінәлі екендігін айтты.
– Мектеп жасында білімге құштар болмадым. Кейіннен де оқуға түсіп, мамандық иесі болуға зауқым соқпады. Ата-анамның «оқы, балам» деген сөзіне құлақ аспадық. Табылған жұмысты істеп, тапқан азын-аулақ тиынға мәз болдым. Енді ғана ес жиып, қай жерде қандай курс бар, соны оқып алуға тырысып жүрген жайым бар. Жақында аспаздық курсын оқып алдым. Бірақ оның да қаражатын ата-анам төлегендіктен, ұяламын. Алдағы уақытта асханалардың біріне жұмысқа орналасуға ниеттеніп жүрмін. Әлі үйленбедім. Жасым 26-да. Жұмыссыз жүрген адамға жан жуымайды екен. Жұмыссыз жүргендердің көбі жалқау келеді негізі. Мен сондай жалқаудың бірі болғанмын. Соңғы екі жыл тұрмыс тауқыметі қатты қыспаққа алған соң ғана ақыл кіріп, жұмыс жасауға талпынып жүрмін, – дейді Сәрсен.
Иә, баланы «балық же» деп шақырғаннан гөрі, қолына қармақ беріп, сол балықты өзіне аулату қажет-ақ. Сонда ғана адам еңбектің нанының тәтті екенін сезінеді. Ал жатыпішер, ерке, шолжаң, дайын асқа тік қасық болып өскендерден қандай еңбекқор азамат шықсын?
Жастардың мәселесін көтеретін бірден-бір мекеме – облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы. Өңірдегі жастардың бүгінгі тіршілігі жөнінде басқарма басшысы Серікбол Берікқожадан сұрап едік, ол жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2021 жылдың ІІІ тоқсанына 2,9 пайыз немесе 7 401 жасты құрағанын айтты.
– NEET (жұмыссыз, оқымайтын) санатындағы жастардың үлесі 2021 жылдың ІІІ тоқсанына 6,5 пайыз немесе 16 590 жасты құрады. Есепті кезеңде 19 180 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. 2021 жылдың 1 желтоқсанына 10 981 жас ваканттық бос жұмыс орындарына орналасса, 456-сы қысқа мерзімді кәсіби курстарда оқытылды. 1851 түлек жастар тәжірибесіне жолданып, 274-і әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 2627-сі ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. 1648 жас «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыса, 303-і шағын несие және 2268 жас қайтарымсыз грант алды. 2021 жылы «Жасыл ел» еңбек жасағына 54,5 миллион теңгеге 1010 жұмыссыз жүргендермен 121,4 м2 аумақ тазаланып, 194,4 тонна күл-қоқыс шығарылды. 2020 жылы «Жасыл ел» еңбек жасағына облыс- тық бюджеттен бөлінген 62,9 миллион теңгеге 1039 (айлық жалақылары – 42,5-60,0 мың тг көлемінде) жұмыссыз, NEET жастар маусымдық жұмыстарға жұмылдырылды. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастыруға жергілікті бюджет есебінен қосымша 26,0 миллион теңге қаражат бөлініп, 412 жас маусымдық жұмысқа, студенттік құрылыс жасақтары жазғы еңбек маусымына 84 студент құрылыс жұмыстарына тартылды. Жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1648 жас оқытудан өтіп, жоба аясында 2268-і қайтарымсыз грант және 303-і шағын несие алды, – дейді басқарма басшысы С.Берікқожа.
Бұдан бөлек, өңірде жұмыссыздарға арналған түрлі жоба ұсынып, несие, грант алу жолдары қаралған. Бұл жайында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев баян етті.
– «Атамекен» МҚҰ қызметін бастағаннан бері 1 миллиард 900 миллион теңгеге 460 жоба қаржыландырылды. Несие алу үшін кәсіпкер ауылдағы үйін кепілге бере алады. 6 пайызбен, 5 жыл мерзімге, 20 мың АЕК-ке дейін, 12 ай жеңілдік кезеңі ұсынылады. 2021 жылдың тамыз айында «Бизнестің жол картасы – 2020-2021» бағдарламасы аясында еліміз бойынша 22,5 миллиард теңге, облыс бойынша 1,8 миллиард теңге бөлінді. Қазір несиелеу бойынша микроқаржы ұйымдары арасында облыс 1-ші орында тұр. Бағдарлама аясында 159 жоба 862 миллион теңгеге қаржыландырылды. Сондай-ақ жұмыссыздарға арналған «Бастау Бизнес» жобасы бар. Өткен жылы облыс бойынша 4100 адам оқып, сертификат алды. Ол сертификатпен қатысушылар мемлекеттік грант немесе жеңілдетілген несие алады, – дейді палата директоры.
Байқап тұрсақ, өте ауқымды шаруа. Алайда жуырда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтіп, бірақ бір жыл көлемінде тиесілі қаржыны ала алмай жүрген азаматтар қайырылған болатын.
– Біз «Бастау Бизнес» жобасы бойынша құжат тапсырып, алғашқы дәріс алушылардың қатарында 2021 жылдың мамыр айында оқыдық. Ал маусым айында 585 мың грант алуға тиіс едік. Бірақ бізге тиісті қаражат әлі бөлінбеді. Бұл жобаның ережесі бойынша грант алғанша еш жерде жұмыс жасамау қажет. Ал егер жұмыс жасасақ, онда оқыған дәріс жойылып, мүлде гранттан қағыламыз. Осы орайда біз грантқа қол жеткізу мақсатында оқығандардың ішінде 90-нан аса адам грант алса, 200-ден аса адам грант күтіп, әлі жұмыссыз жүрміз. Бір қызығы, былтыр жасқа шектеу қойылмай, түгел оқытқан еді. Ал биыл 29 жасқа дейінгілердің құжаты алынып жатыр. «Егер жас шектеу 29 жасқа дейін болса, онда былтыр неге жаппай оқытты?» деген сұрақ туындайды. Міне, осы мәселе бойынша тиісті орындар бір жауабын берсе деген үмітпен редакцияға қайырылып отырмыз, – дейді тиесілі қаржыға үміт етіп жүргендер бірауыздан.
Дәл осы мәселеге орай облыстық кәсіпкерлік палатасына хабарласып, мән-жайды білдік.
– Негізінен, мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы 2017-2021 жылдарға арналған болатын. 2022 жылдан бастап бұл бағдарлама тоқтатылды. Өткен жылдары «Еңбек» бағдарламасы аясында грант алатын азаматтар санаттарға бөлінбей, барлық жұмыссыздар мен бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерге және мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі дара кәсіпкерлерге грант беретін және олардың «Бастау Бизнес» жобасымен оқу сертификаттарының мерзімі 3 жылды құрайтын. 2022 жылдан бастап қайтарымсыз гранттар Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында берілетін болады. Грант берудің қағидасын әзірлеуші орган – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Осы министрлік тарапынан дайындалған грант берудің жаңа қағидасының жобасына сәйкес, тек арнайы санаттағы азаматтар ғана (жастар, аз қамтылған атаулы көмек алушылар, көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы алатын көпбалалы отбасы мүшелері, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедек баланы тәрбие- леушіге берілетін жәрдемақы алатын адамдар, мүгедектер) грант ала алады. Осы талаптарға байланысты бұл санаттарға жатпайтын, бірақ «Бастау Бизнес» жобасымен оқып, сертификат алып, грант алуға дайындалып жүрген көптеген азаматтар грант алуға үміткерлер қатарынан тыс қалып отыр. Осындай жағдайға байланысты біздің облыс тарапынан министрлікке осы мәселені шешу үшін жаңа қағидада азаматтарды санатқа бөлуді алып тастау жөнінде ұсыныс берілді. Бірақ грант берудің бекітілген қағидасы әлі келген жоқ. Дегенмен «Бастау Бизнес» жобасымен оқу сертификаттарының мерзімі 3 жылды құрайтындықтан, бұрын оқыған азаматтар ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармалары арқылы берілетін жеңілдетілген несиелер алуға да құқылары бар, – дейді басқарма басшысының орынбасары Кенжебек Олжабай.
Иә, жылда өзгеріске ұшырайтын үрдіс жұмыспен қамту саласына да жеткен екен. Алайда «Бастау Бизнеспен» оқығандардың әлі де болса үміті үзілмейді. Министрлікке арнайы хат жолданып, бұл мәселе бақылауға алыныпты. Енді тек орын алған түйткіл оң шешімін тапсын деп тілейміз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.