Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Екі әйелім бар»: Оралда кәсіпкерді өлтірген күдіктілердің бірі өзін қамауға алмауды сұрады

0 450

Оралда кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті пышақтап өлтіргендерге қатысты бұлтартау шарасын тағайындау бойынша сот отырысы өтті. Отырыс барысында күдіктілердің бірі өзінің екі әйелі бар екенін айтып, қамауға алмауды сұраған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Мой Город басылымына сілтеме жасап. 

Сотта тергеуші 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелдіні қамауға алу туралы өтініш білдірген. Іс материалдарына сәйкес күдіктілер «Рахат-лукум» караоке-мейрамханасында мекеме иесі Мұханғалиевпен кездескен. Олардың арасында жанжал болып, Қожантаев жиналмалы пышағымен кәсіпкердің мойын және кеуде тұсына кем дегенде үш рет соққы жасаған. Бұл кезде жанында болған Амангелді сөмкесінен пышақ алып шығып, мекеме әкімшісінің жолын бөгеген.

«Мұханғалиев өз өмірін құтқару үшін ашық терезеден секіріп шықпақ болған. Осы кезде Қожантаев бел тұсына тағы да бірнеше соққы жасаған. Кейін жаралы Мұханғалиев орталық стадионға қарама-қарсы көлік тұрағына жүгірген. Амангелді оны жерге құлатып, денесінен бірнеше рет тепкен. Осы кезде Қожантаев жүгіріп келіп, одан пышақ сұраған. Амангелді пышақты берген соң тағы да кем дегенде 6 рет соққы жасаған. Алған жарақаттарынан Мұханғалиев оқиға орнында жан тапсырды. Ал Қожантаев пен Амангелді қылмыс орнынан жасырынып қалған», – деді прокурор Тәжғалиева.

Сарапшының сөзінше, Мұханғалиевтің өліміне мойын, кеуде және бел аймағындағы пышақ жарақаттары, сонымен қатар сол жақ ұйқы артериясы мен оң бүйректің зақымдануы, маңдай сүйектерінің сынуы себеп болған.

«Қожантаев пен Амангелдінің тұрақты табысы жоқ екенін, аса ауыр қылмыс жасағанын, қылмыстан кейін тергеу органдарынан жасырынғанын ескеріп, тергеуге кедергі келтіруі және зардап шеккендер мен куәгерлерге қысым жасауы мүмкін деп айту негізді. Соттан Полиция департаменті тергеушісінің өтінішін қанағаттандырып, Қожантаев пен Амангелді екі айға қамауға алуды сұраймын», – деді мемлекеттік айыптаушы.

Дегенмен Руслан Қожантаев тергеу дәйектемелерімен келіспеді. Ол өзінің екі әйелі бар екенін (біреуі жүктіліктің соңғы айында), балалары мен үйі барын айтқан. Ер адам соттан екі айға қамауға алмауын сұрады.

Ал Тұрлан Амангелді сотқа Қожантаевтың қысым жасағанын, қылмыс болған күні жанында жүруге мәжбүр болғанын мәлімдеді. Екі айыпталушы да бұған дейін сотты болмаған.

Сот санкциясымен Қожантаев пен Амангелді екі айға қамауға алынды. Тергеу кезінде олар қамауда болады.

Айта кетейік, кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті 6 тамызда кешке асқан қатігездікпен өлтіріп кеткен еді. Оның мәйітін Атоян атындағы орталық стадионның тұрағынан табылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.