Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еңсесі биік Елорда

0 542

XX ғасырдың соңы мен XXI жүзжылдықтың табалдырығында Еуразия құрлығындағы қалалар өмірбаянына тарихи және геосаяси ірі оқиға болып енген шаңырақ қала – Нұр-Сұлтан.

Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ

Шежіресі дәуірлерден сыр шерткен, Батыс пен Шығысты төскейінде тоғыстырған Темірқазық. Әлем өркениетінің ошағы болған ұлы кеңістіктің кіндігі, қазақтың алтын ордасы. Осынау бағаналы орда басты орда болғалы бері онда еліміздің абыройы мен әлемдік саясат сахнасындағы салмағын арттыруға бағытталған көптеген оқиғалар орын алды. Солардың ішінде кең көлемде тойланған бас қаланың 10 жылдығы мен ЕҚҰЫ Астана саммитіне журналист ретінде қатысып, жамбылдық жалпақ жұртқа ақпарат таратқанымды мақтан тұтамын. Ондай оқиғалардың ортасында жүріп, көзіңмен көру ойыңды өсіріп, санаңды серпілтпей қоймайды. Арада он жылдан астам уақыт өтсе де, көкейде күні кеше болғандай сайрап тұр. Нұр-Сұлтан қаласының туған күні қарсаңында сол естеліктермен бөліскенді жөн көрдім.
Ғасырлар бойы азап көріп, азаттық таңын атырған қазақ үшін жұмыр жердің бетіндегі жұмағындай болған Елорданың онжылдық мерейтойы отыз күн ойын, қырық күн тойы болмаса да, апта бойы астана аспанының астын ән мен күйге бөлеп, сән мен салтанатқа орады. Ұлт тарихында бұрын-соңды болмаған ұлан-асыр той өтті. Торқалы тойға күллі қазақ қауымы, Қазақстан жұрты құтты болсын айтып, ұзағынан сүйіндірсін деп тіледі. Думанды тойға достарымыз сүйсініп, дұшпанымыз күйінді. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Бабалар рухы ұлықталып, болашақтың бағдары айқындалды. Әлем алдында абыройымыз артып, беделіміз биіктеді. Қасиетті қазақ даласы шаттыққа, қуанышқа бөленді. Тәуелсіздіктің жеңісі, егемендіктің жемісі, Елбасының перзенті Нұр-Сұлтан тойы туралы осылай ғана айтуға болар.

2008 жылдың 30 маусымынан бастау алған той барысында 300-ге жуық мерекелік шара ұйымдастырылды. Одан еліміздің бірде-бір аймағы тыс қалған жоқ. Барлығы да өз үлесін қосты, ыстық ықыласын білдірді. Сондай-ақ өткен Елорда тойына тоғыз мемлекеттің басшысы сауын айта келді. Атап айтқанда, Ресей Президенті Дмитрий Медведев, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Президенті Серж Саргсян, Грузия Президенті Михаил Саакашвили, Қырғызстан Президенті Құрманбек Бакиев, Түрікменстан Президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркия Президенті Абдулла Гүл, Иорданияның Королі Абдолла ІІ тойдың құрметті қонағы болды. Елбасы оларды Ақордада қабылдап, ашық-жарқын әңгіме өрбітті.

Ал тойдың салтанатты жиыны Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Оған барлық облыстардың делегаттары мен құрметті қонақ болып келген тоғыз мемлекеттің басшысы қатысты. Салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Біз бүгін мемлекетіміздің символы, асқақ абыройымыздың айғағындай болған асыл Астанамыздың мерейлі тойына жиналып отырмыз. Астананың 10 жылдығы – ел өміріндегі тарихи оқиға. Қазақстан халқының мерейлі мерекесі. Біз ғасырлар тоғысында тәуелсіз жаңа мемлекет орнатып, байтақ еліміздің дәл ортасынан бас қаламыз Астананы салдық. Бүгінде әлемдік қауымдастықтар үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Ол ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты. Біздер, қазақстандықтар, Астананы асқақтату арқылы дүние жүзіне өзімізді келешегі кемел, әлеуеті қуатты мемлекет екенімізді таныттық. Барша әлемге Астананың есімі жар салынған сол бір есте қалатын күннен бері 10 жыл өтті. Ол әлемге дәл осы жерде, Сарыарқаның ежелгі даласында бұдан былай Қазақстан Республикасының саяси және әкімшілік орталығы орналасатынын көрсетті. Осы 10 жыл ішінде Астана әлемдегі жас әрі танымал елорда ретінде нақты ауқымға ие болды. Біздің еліміздің астанасы халықаралық лексиконға енді. Әлем картасында өзіне сенімді мемлекет пайда болды», – деді.

Салтанатты жиналыстан кейін президенттер бас қаланың көрікті орындары – «Қазақ елі» монументінде, Тәуелсіздік сарайында болып, Мемлекет басшыларының аллеясына ағаш отырғызды.

Бұл күнгі мереке кешкілік Астананың жаңадан соғылған жабық стадионында өткен Ресей өнер шеберлерінің «Ақ тілекпен, Мәскеуден!» атты гала-концертіне ұласты. Оған танымал Ресей жұлдыздары – КСРО Халық әртістері Иосиф Кобзон, Лев Лещенко, сондай-ақ Таисия Повалий, Лайма Вайкуле, Анита Цой, Игорь Николаев, Александр Буйнов, «Түрік хоры», «Евровидение – 2008» жеңімпазы Дима Билан, «Орыс жаны» ансамблі мен РФ Халық әртісі Людмила Николаева және басқа да көптеген сахна шеберлері қатысты. Бұл гала-концерт Ресей астанасы мэриясының Астананың мерейтойына тартуы ретінде ұйымдастырылды.
Той салтанаты аясында Астана төрінде бүгінгі ұрпаққа қазақ халқының асқақ рухын паш еткен айбынды, ажарлы монумент бой көтерді. Атауы – Қазақ елі. Салтанатты жиында Елорданың 10 жылдық тойы тағылымды оқиғамен толығып отырғандығына тоқталған Елбасы: «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» деген атадан қалған ұлағатты сөз бар. Тарихын ұлықтамаған, барын бағаламаған жұрттың бағы жанып, жоғы түгенделмейді. Бүгінгідей кең байтақ жері бар, киелі төрі бар қазақ, шын мәнінде, жұлдызы жанған бақытты халық. Алайда бұл бақыт бізге оңайлықпен, өздігінен келген жоқ. Қазақ өз тарихында ұлт ретінде талай мәрте жойылып кете жаздады. Тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметін тартты. Бүгінгі тәуелсіздікке дейінгі аралықта халқымыздың сан ғасырлық аумалы-төкпелі тағдыры, арманы мен аңсары, арпалысқа толы күресі жатыр. Іштей булыққан бұлқынысы мен өкініші, жеңістері мен жеңілістері де жатыр. Бүгінде Алтай мен Атырау, Сыр мен Тобыл арасындағы байтақ өлкеде орын тепкен Қазақстан Республикасы ежелден қалған ұлы істердің, ұлағатты дәстүрлердің, іргелі мемлекеттердің заңды мұрагері болып саналады», – дей келе ел басына күн туған өткен заманда бүкіл қазақ бірігіп тізе қосып, елін сақтап, жерін қорғап қалғанын, сол заманда қазақ сахарасында 350-ге тарта ұлт-азаттық күрес өткенін, дербес мемлекет құруды аңсап, азаттық жолында талай азамат бастарын бәйгеге тіккенін, сондай-ақ отаршыл жүйенің озбырлығын көрген қазақ халқы отызыншы жылдары зобалаң қиындықтарға ұшырағанын айтып өткен Президент: «Мұның бәрі – ұмытуға болмайтын төл тарихымыздың қастерлі беттері, халқымыздың қасіретті тағдыры. Бүгінгі ұрпақ бұларды жақсы білуі тиіс. Сол себепті Астананың 10 жылдығын мерекелей отырып, «Қазақ елі» монументінің алдында өткенімізге салауат, бүгінімізге тәубе дейік, ағайын», – деді.

Монументтің ашылу рәсімінде қатысушылар назарына ел өмірінің маңызды тарихи оқиғаларына арналған сахналандырылған қойылым ұсынылды. Дала сарбаздарының киімін киген 740 жауынгер 10 қатарға бөлініп, 10 түрлі жалау ұстап, шерулетіп өтті. Шара барысында «Алтын жауынгер жайлы аңыз» атты хореографиялық композиция мен «Құрманғазы» атындағы мемлекеттік оркестрдің орындауындағы концерт көрермендер көңілінен шықты. Аптаға созылған дүбірлі онжылдық тойдың нүктесі Астананың орталық алаңындағы «Отты шоу» қойылымдарымен қойылды.

«Қайда барсаң да, мен сенің алдыңнан шығамын»

Қойын дәптер журналистікі болғанымен, ішіндегі ойлар өзгенікі. Себебі жұмыс солай. Біреудің аузынан құнды пікір, орамды ой, бәтуалы сөз шықса жазып алуға асығып тұрасың. Яғни журналистің қойын дәптері – ол да бір жатқан қазына. Баспасөзге, эфирге шықпаған, күзеу мен түзеуге ұшырамаған талай пікір, талай ой сонда жазулы.

Бауыржан Момышұлы атамыздың ұлы Бақытжан Момышұлының мына сөзін сол жылы елордамыз Астананың 10 жылдығына орай бас қаланың төрінде орнатылған Баукеңнің ескерткішінің салтанатты ашылуында жазып алған екенмін. «Маған әкем: «Сен менен қашқақтама. Қандай жолмен жүрсең де, қайда жүрсең де, өмір бойы мен сенің алдыңнан шығамын», – деп еді. Мен соны енді түсіне бастадым. Қайда барсам да алдымнан әкемнің суреті, кітабы, ескерткіші шығады. Негізгі ескерткіш – тас пен қола емес. Ол халықтың жүрегі деп ойлаймын. «Осы біз қандай мұрагерміз?» деген сұрақ мазалаушы еді. Енді соған жауап тапқандаймын. Оған мынау ескерткіш куә», – деп еді сонда Бақытжан ағамыз.

P.S: Ескі қойын дәптерді ақтарғанда ұшырасқан жазбалар ғой. Қойын дәптер ескі болғанмен, ұлылар айтқан ойлар ескірмейді.

Елбасы кортежі және жамбылдық делегация

Онжылдық мерейтойға облысымыздан баратын он бес адамнан құралған делегацияның құрамына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де енген. Бірақ, біздер, журналистер өзге делегация өкілдерінен екі-үш күн бұрын бардық Астанаға. Себебі Астананың мерейтойы алғаш рет тойланып жатқандықтан, мерекелік шаралар шілденің 1-інен бастап 6-сына дейін жоспарланған. Сонымен қатар ТМД елдері мен Түркия мемлекетінің президенттері сынды құрметті қонақтар қатысатын болғандықтан, мерекелік шаралар жоспары өте тығыз. Осындай шараның бірі елордамыздағы «Астаналық» саябағында ұйымдастырылып жатқан. Кешкі сағат тоғыз болып қалған кез. Кенет ұялы телефонымызға облыстық әкімдіктен хабарласып, әуежайдан Жамбыл облысының делегациясын күтіп алу туралы тапсырма берді. Біз жүрген жер мен әуежайдың арасы біраз жер. Ал жамбылдық делегация мінген ұшақ он бес минуттан соң әуежайға қонады екен. Ол аздай көше толы кептеліс, әр бұрышта жол полициясының инспекторлары қалт жібермей тәртіпті қадағалап тұр. Содан «бұйрық қатты, жан тәтті» деп көлікке міне салып, әуежайға қарай тарттық. Бір қызығы, бағдаршамның қызылы жанып тұрса да, жол полициясының инспекторлары бізге «тоқтама, тез өт!» деген белгі беріп өткізіп жіберіп жатыр. Осылай бір рет өттік қызылдан, екі рет өттік, үшіншісін де тағы да тоқтатпай өткізіп жіберді. Тағы бір қызығы, көшенің біз келе жатқан бағытында бізден басқа көлік те жоқ. Кешке дейін кептелістен көз ашпай жатқан көліктер қайда кеткен деп бір таңырқасып қойдық. Көлікте келе жатқан әріптестер бір-бірімізге «е, біздің әкімдіктегілер Астананың МАИ-іне хабарласып, біз мінген көлікті тоқтатпасын деп айтып қойған екен ғой» деп масаттанып қалдық. Әуежайға жетуімізге шамалы ғана қалған болатын. Бір кезде бағдаршамның жасыл түсі жанып тұрса да, көлігімізді жол полициясы тоқтатты. Оған қараған біз жоқ. Құйындатып өте шықтық қасынан. «Мынауың жынды, ей! Бәрі бізді қызылға да тоқтатпай өткізіп жатқанда тоқтатып тұрғаны несі?! Онсыз да үлгере алмай келе жатырмыз» деп өзімізше ұрысып кеттік оған. Кенет екіншісі көліктің астына түсіп кете жаздап тағы тоқтатты. Оған да тоқтамадық. Бір уақытта қызыл-жасыл шамдарын жарқылдатып, серенасын қосып, артымыздан қуды. Қуып келді де алдымыздан қысып, жол жиегіне тоқтатты. Тоқтағанымыз сол еді, артымыздан Елбасы мінген кортеж зу етіп өте шықты. Сөйтсек, Елбасы мерейтойға келе жатқан әлдебір шетелдің президентін күтіп алу үшін әуежайға бара жатыр екен. Ал жаңағы полицейлер бізге емес, Президент кортежіне жол босатып тұр екен ғой. Біз қайдан білейік оны. Осылайша, журналистік міндетімізді орындаймыз деп жүріп, Елбасының да алдына түсіп кеткен кезіміз болған.

Халқымыздың бай сөздік қорындағы барлық әдемі сөзді қолдансаңыз да, Нұр-Сұлтанның көрікті кескін-келбетін суреттеуге сөз жетпейтін шығар-ау, сірә! Себебі бас қаламен сөзбен емес, көзбен көріп танысу керек. Сонда ғана оның Асан қайғы армандап кеткен жерұйық екеніне көзіңіз жетіп, еш күмәніңіз қалмайды. Сонда ғана Елбасының ерлігіне риза болып, бас иесіз. Әлем алдында Қазақстанның, қазақтың мәртебесін көтеріп, мейманасын тасытқан перзентпен мақтанасыз. Ал онжылдық тойды өткізудегі мақсат тойшыл қазақтың кезекті рет шашылып-төгілуі емес еді. Жаһанға өзінің өскен, өркендеген, өміршең жобалар қолға алынған өңірге айналғанын, қандай қиыншылық болса да бұзып, жарып шыға алатын өр Алтай мен Атыраудың аралығын жайлаған, өзім дегенде өгіз қара күші бар өр халықтың ұрпағы екенін жария ету болатын. Бүгінгі шыққан шыңды, бағындырған биікті аласартпай одан әрі асқақтату. Тойдың көздегені де тойды тамашалаған жұрттың көзбен көріп, көкірегіне түйгені де осы болды сол жылы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.