Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Еңбек шарты – еңбеккер құқығының кепілі

0 42

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 36)- тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – ҚР ЕК), еңбек шарты – жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім.

Бұған сәйкес жұмыскер белгілі бір жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзі орындауға, еңбек тәртіптемесін сақтауға міндеттенеді. Ал жұмыс беруші жұмыскерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, ҚР ЕК, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақтылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндетті.
ҚР ЕК 28-бабына сәйкес, Еңбек шарты келесі мазмұнда болуға тиіс:
1) тараптардың деректемелері:
– жұмыс беруші жеке тұлғаның Т.А.Ә., оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі және берілген күні;
– ЖСН (бизнес-сәйкестендiру нөмiрi);
– жұмыс беруші заңды тұлғаның және оның орналасқан жерінің атауы, жұмыс беруші заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күні, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi;
– жұмыскердің Т.А.Ә., оның тұрақты тұрғылықты мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, ЖСН;
2) белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек функциясы);
3) жұмыстың орындалатын орны болуға тиіс.
Қашықтан жұмыс істеу кезінде, қашықтан аралас жұмыс істеуді қоспағанда, жұмыстың орындалатын орны көрсетілмейді;
4) еңбек шартының мерзімі;
5) жұмыстың басталу күні;
6) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі;
7) еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары;
8) егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және (немесе) зиянды және (немесе) қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер;
9) жұмыскердің құқықтары мен міндеттері;
10) жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері;
11) еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі;
12) тараптардың жауаптылығы;
13) жасалу күні мен реттік нөмірі болуға тиіс.
Еңбек шартында жұмыскердің сынақ мерзімінен өтуі туралы шарт белгіленуі мүмкін.
Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартына Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де талаптар енгізілуі мүмкін.
Еңбек шартына енгізілген ережелер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда жұмыскердің жағдайын нашарлатпауға тиіс, өйткені басқа жағдайда олар жарамсыз деп танылады.
Еңбек шартының негізгі міндетті талаптарының бірі – еңбек шартының мерзімі. ҚР ЕК 30-бабының 1-тармағына сәйкес, еңбек шартын жасасудың келесі мерзімдері белгіленеді:
1) белгіленбеген мерзім;
2) бір жылдан кем емес белгілі бір мерзім;
3) белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына;
4) уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру уақытына;
5) маусымдық жұмысты орындау уақытына.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын қызметке тағайындау, лауазымнан босату қағидаларының 3-тармағына сәйкес, білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысын жұмысқа қабылдау еңбек шартын жасасу және жұмыс берушінің актісін шығару арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар ҚР ЕК 30-бабының 4-тармағына сәйкес, заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе ол уәкілеттік берген тұлға (орган) не заңды тұлғаның уәкілетті органы немесе ол уәкілеттік берген тұлға заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен еңбек шартын Қазақстан Республикасының заңдарында, тараптардың құрылтай құжаттарында немесе келісімінде белгіленген мерзімге және тәртіппен жасасады.
Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысымен жасалған еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда, егер тараптардың ешқайсысы еңбек шартының қолданылу мерзімі өткенге дейін соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабардар етпесе, егер заңды тұлға құрылтайшылары, мүлкінің меншік иесі не құрылтайшылар, меншік иесі уәкілеттік берген тұлға (орган) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органы бекітетін құжаттарда ұзартудың өзге мерзімі айқындалмаған болса, еңбек шарты бір жылға ұзартылады.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толған, кәсіби және біліктілік деңгейі жоғары жұмыскермен еңбек шарты оның еңбекке қабілеттілігі ескеріле отырып, ҚР ЕК 30-бабының 1-тармағы 2)-тармақшасының төртінші бөлігінде көзделген шектеусіз, жыл сайын ұзартылуы мүмкін.
Бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шартының мерзімі өткен кезде тараптар оны белгіленбеген немесе бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге ұзартуға құқылы.
Еңбек шартына байланысты немесе еңбек қатынастарына байланысты сұрақтарыңыз туындап жатса, төмендегі байланыс телефондарымызға немесе Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, №78 мекенжайында орналасқан мекемеге келіп жауап алуға болады.
Байланыс телефондары: 45-15-31, 43-01-96.

Камшат ЕСПЕНБЕТОВА,
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті
еңбек саласын бақылау және талдау бөлімінің бас маманы-мемлекеттік еңбек инспекторы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.