Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еңбекқор жастарға қолдау көп

0 602

Бүгінде жоғары оқу орнын бітірген жастардың дені жұмыс таппай сенделіп жүр. Бірі қалаған мамандығын оқи алмағанын алға тартса, енді бірі меншікті кәсібі болғанын қалайды. Хош, таңдауға талас жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та NEЕT санатындағы жастардың мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Еліміз бойынша бұл санатқа жататын жастардың үлесі 6,7 пайызға жеткен екен. Сонда шамамен 230 мыңнан астам жас азамат не жұмыссыз, не білімсіз қалып отыр деген сөз. Осы мәселені шешудің жолы ретінде Президент кәсіптік біліммен тегін қамту мәселесі әлі өзекті екенін жеткізді.
Жалпы қазіргі таңда мамандықтан шатасып яки сол таңдалған мамандық бойынша жұмыс таба алмай жүрген жастар өте көп. Негізінен көп адамдардың қателігі – өзі қалап, ұнатып түскен мамандығын жалпы меңгермей, басқа іспен айналысуды жөн көреді. Сондықтан жоғарыдағыдай мәселе туындап отыр. Көп жағдайда жас түлек өзінің қалаған мамандығына түсе алмай, ата-анасы таңдап берген сала бойынша білім алып, қателікке бел буады. Бұл мүлде дұрыс емес. Статистикаға сүйенсек, жоғары білімді мамандардың 60 пайыздан астамы алған біліміне сәйкес жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. Шыны керек, мемлекет қажетті мамандықтарға оқу грантын көп бөледі. Әйтсе де бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуы әлі де жеткіліксіз болып тұр. Мысалы, «Халықаралық қатынастар» мамандығын бітіруші түлектердің 80 пайызы мамандық бойынша жұмыс істемейді екен. Керісінше, техникалық мамандықтарға деген сұраныс жоғары болса да, жастар бұл саладан жасқанады.
– Мамандардың барлығы нарықпен қалыптасады. Ірі кәсіпорындар жайлы тағы айтып өткім келеді. Ел дамуындағы оң өзгерістер көп жағдайда бизнестің өркендеуіне байланысты. Өндіріспен шұғылдану, сапалы жұмыс орындарын ашу, ғылым мен білім міндетті түрде өзін-өзі ақтайды. Сондықтан бизнесмендер осы бағытта жұмыс атқарғаны жөн. Қазіргі уақытта білікті кадрлар тапшы, техникалық мамандық иелері жоқ деп шағымдана берудің орнына колледж секілді оқу орындарында білім алып жүрген жас мамандарды ірі кәсіпорындар тәжірибеден өтуге шақырып, шеберханаларда жұмыс істеуге мүмкіндік беруге тиіс, – деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осы арада тұрмыстық мәселені де айта кету керек. Кейбір кезде жастар мемлекеттік грант көп бөлінген немесе оқу ақысы арзан университеттерді таңдайды. Бұл да үлкен қателік. Бұған қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Белгілі корпорациялар осындай бағытта жұмыс істейтінін білемін. Бірақ біз заңгер, экономист пен менеджер секілді мамандарды тым көбейтіп алдық. Сондықтан біз қазір білім алушыларды техникалық салаларға қарай бағыттауымыз керек. Осы ретте «Болашақ» бағдарламасын қайта қарап, қайта бағдарлап, үміткерлерді Ресей секілді елдердің техникалық жоғары оқу орындарына жіберетін боламыз. Ондай оқу орындардың филиалдары елімізде де ашылады. Жас қазақтар техника мамандары болуы керек. Бұл ретте кәсіпорындар ауыл-аймақтағы ынталы жастардың техникалық бағытта білім алуына ықпал етіп, үйретсе, ел экономикасы да өркендей береді», – деп өз ойын бүкпесіз ашық жеткізді.
Бүгінде мемлекет мектеп қабырғасында оқып жүріп-ақ жасөспірімдердің мамандық алып шығуына мүмкіндік туғызуда. Бір сөзбен айтқанда, еңбекқор жастарға қолдау көп.

Лаула СЕЙДІЛДА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Конвергенттік журналистика» мамандығының
3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.