Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еңбек майданында шыңдалған ер

0 924

Қайсыбір ақын-жазушы, ұстаз, дәрігер не қарапайым еңбек адамы, жалпы кез келген жан өз саласын, таңдаған мамандығын барынша сүйіп, адалынан істесе, оған абырой да, атақ та, бедел де өзі келеді. Сұрап алған атақ ұзаққа бармайтыны секілді, жүрдім-бардым жасай салған істе де береке болмайды.

Әрбір адам өзінің жалынды ісімен, жарқын тірлігімен еліне сыйлы болады десек, шынайы ризашылығын білдірген ел де сондай ерді «сегіз қырлы, бір сырлы екен» деп бағалап жатады. Осы бір ауыз сөзден азаматтың кескін-келбетін, болмыс-бітімін, барлық қыр-сырын жан-жақты көргендей-ақ боласың. Сондай үлкен жүректі, парасатты, білімді азамат, еңбек жолын қатардағы жұмысшы болудан бастап, инженер, бас инженер, мемлекеттік қызметкер, мекеме басшысы, Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының бас инспектор-мемлекеттік аудитор қызметтерінен сатылап өткен, қазіргі таңда Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар алқасының мүшесі Малтабар Жаманбаев туралы сөз қозғамақпыз. Малтабар Қаратайұлы жер қойнауының байлығы елінің берекесін кіргізген, ақынының шабытынан тұлпарының дүбірі естілген, құдайы қонағын құдасындай қарсы алған құлашы дарқан даладай кең, жомарттығы мен кісілігінің бағасын ешбір өлшем бере алмайтын қасиетті жер Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келді. Міне, біз бүгінгі әңгімелегелі отырған жан аядай ғана ауылдан шықса да, бүкіл облыстың ыстық ықыласы мен алғысына ие болған, әкеден алған тәлімі мен адамдық қасиеттерін ізгі ниеттерімен, атқарған істерімен алғысқа бөленген абзал азамат.
Жусанының түбін түртсең, тарихына тіл бітетін Үшарал ауылы – талай қырандарды қанаттандырған, топырағына кие дарыған қасиетті өлке. Ол жерден 13 Социалистік Еңбек Ерінің шығуы да тегін емес. Ойын баласы кезінен алғыр, ойы ұшқыр, үлкеннің айтқанын зейін қойып тыңдап алатын зерделі жас ауылының майлы топырағына аунап өсіп, Үшарал орта мектебінің табалдырығын аттады. Қия шыңға бет алған қыран үшін қарлы шың кедергі болып па, кішкентайынан ширақ қимыл жасап, үлкендердің айтқанын екі етпейтін, мектеп қабырғасында да өзінің алғырлығы, жанындағыларды үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Қолы ашық, үнемі досына жәрдемі дайын тұратын, әке тәлімін өмірінің ұстанымы етіп, ертеңгі күні қалай да үлкен азамат болып шығу үшін сабақты да жақсы оқып, мектепаралық пән олимпиадаларының жүлдегері атанды. Атқарған әрбір ісіне көңіл тоярлық жас Малтабардың қолы тиген істің бәрі жанданып шыға келетін. Сен үлкенсің, мен кішімін, ол менікі емес деп қарап тұрмайды, жасалу керек іс пе, белсеніп кірісіп кете береді. Міне, осындай жұмыс талғамайтын еңбексүйгіштігінің арқасында үлкендердің де ақ батасын алып өсті.
1971 жылы мектепті бітіріп шыққан соң, Жамбыл жеңіл және тамақ өндірісі технологиялық институтына оқуға түсіп, 1976 жылы «инженер-механик» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Осылайша көңілі қалаған мамандықты меңгеріп шыққан жас маманның алғашқы еңбек жолы Жаңа Жамбыл фосфор зауытында басталды. 1977-1978 жылдары Кеңес әскері сапында азаматтық борышын өтеді. Әскерден келген соң, өзінің зауыттағы қызметін қайта жалғастырған Малтабар Қаратайұлы аппаратшы, аға шебер, инженер-конструктор болып жұмыс істеді. 1980 жылы Бүкілодақтық жастар арасында Социалистік жарыстың жеңімпазы, ал өзі еңбек еткен «Г» сменасы «Лениншіл жастар» сыйлығының лауреаты атанды.
1982 жылдан бастап Қаратау қаласында, қалалық тұрмыс қызметін көрсету комбинатында бас инженер болып, 1985-1996 жылдары «Прогресс» тері өңдеу фабрикасында өндірістік-техникалық, өндірістік-экономикалық бөлімдеріне басшылық етті. 1996-2000 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Экология министрлігінің Қаратау аймақтық табиғатты қорғау инспекторы, 2000-2011 жылдары «Талас ауданы әкімдігінің бюджеттік және білім мекемелерінің Орталықтандырылған бухгалтериясы» мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметін атқарған Малтабар Қаратайұлы әрдайым өзінің білім-біліктілігін көтеріп отыруды естен шығарған емес. 2002 жылы агротехникалық университеттің «экономист-бухгалтер» мамандығын игеріп шыққан ол Талас аудандық мәслихат депутаты, әлеуметтік-экономикалық, жергілікті салық, бюджет және қала шаруашылығы жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып, мәдениет, спорт, білім салаларының материалдық-техникалық базасын нығайтуға өз үлесін қосты. Қызметте жүріп, әр тұрғынның әлеуметтік жағдайы үшін жаны ауырып, түйіні шешілмеген мәселелердің шешімін табуға барын сала білді. Халық үшін сыйлы да абыройлы азаматтың бойынан өжеттілікпен қатар, мейірім де табылып тұратын. Табандылығы мен жауапкершілігінің арқасында өзінің қызметін бар ынтасымен, үлкен тиянақтылықпен атқарды. Қоғамдық іс-шараның қайнаған ортасында жүрсе де, көкірегі ашық, сөз төркінін түсіне білетін, саралы ойлардың иесі бүгінгі кейіпкеріміз әр қызметіне зор жауапкершілікпен қарады. Содан болар, адал еңбегімен сатылай өрлеп, адами асыл құндылықтар мен кәсіби біліктілікті тірек етіп, түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.
Ұлттық комиссияның шешімімен мемлекеттік аудитор біліктілігі берілген Малтабар Қаратайұлы 2017 жылдың қазан айына дейін Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының бас инспектор-мемлекеттік аудитор қызметін атқарып, зейнеткерлік демалысына шығады. Алайда соған қарамастан, кәсіптік, өмірлік тәжірибесінің арқасында облыстық ардагерлер қозғалысының өркендеп дамуына да қомақты үлес қосуда.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары ретінде бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысына ерекше назар аударып, ардагерлерді қоғамдық жұмысқа тартып, олардың қамқорлыққа бөленуіне, әлеуметтік жағдайын жақсартуға көңіл бөліп келеді. Көптеген іс-шараның ұйытқысы, бастамашысы болуының арқасында ардагерлер арасында беделі жоғары. Қоғамдық жұмыстардан бір сәтке де қол үзіп көрген емес.
Таластан түлеген саңлақ – үлкен шаңырақтың бас иесі, ағайындардың ақылшысы, достары мен замандастарының сыйлысы. Іскерлік қасиетіне сай, үлкен жанұяның отағасы, балаларына, немерелеріне беріп отырған тәрбиесі – бәрімізге үлгі-өнеге. Мәкеңнің шаңырағының шаттығын, әулетінің әрін кіргізіп отырған жары Бибажар Ожанова екеуі – 4 бала тәрбиелеп, олардан 18 немере сүйген бақытты ата-әже.
Бүгінде мерейлі 70 жасқа қадам басқан, өз бақытын еңбектен тапқан азаматтың төресі Малтабар Қаратайұлына зор денсаулық, асқақ абырой, биік бедел тілейміз!

Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.