Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Еңбек ете берген емес, есеп білген адам бай болады»

0 632

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын көресің» дейді дана қазақ. Міне, сондай аялы алақанның жылуын сездіріп жүрген жанның бірі – шаһар төріндегі «Гауһартас», «Інжу-Маржан» мейрамханаларының директоры, кәсіпкер, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, жомарт жүректі Меруерт Лештаева. Үнемі айналасына мейірім шуағын шашып жүретін Меруерт Каттабайқызымен жуырда тілдесудің сәті түскен еді.

– Меруерт Каттабайқызы, әңгімеміздің әлқиссасын туып-өскен ортаңыз, балалық шағыңыздан бастасақ…

– Мен ежелден батырлар елі атанып кеткен, қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы, Алаш әдебиетінің абызы Шерхан Мұртаза сынды тұлғаларды тұғырында түлеткен жұлдызы биік Жуалы ауданында 1967 жылы өмірге келдім. Тағдырдың басымызға жазғаны сол болар, әкемнен үш жасымда айырылдым. Әкенің құшағында өспегеніміз болмаса, ардақты анамыз әке орнына әке, шеше орнына шеше болып бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Өмір бір арнада тұрған ба? Әртүрлі себептермен біз ауылдағы қара шаңырақты сатып, осы Тараз қаласына қоныс ауыстырдық. Біздің балалық, жастық шағымызды бүгінгідей бақытты күнмен салыстыруға мүлдем келмейді. Көп бала, жесір ана, жоқтан бар жасап, жұпыны ғұмыр кештік. Қаладағы қарапайым тірлік кешіп жатқанымызда, жығылғанның үстіне жұдырық болып шешем жүрек ауруына шалдығып, бірінші топ мүгедегі болып қалды. Бала кезімде менің де денсаулығым көп сыр беретін. Жалпы орта мектепті бітіргенге дейін аурухана менің екінші үйім болды десем де болады. Әкемнің өмірден ерте қайтуы, анамның жүрегін сыздатқан жара, өзімде дәрі-дәрмекке тәуелді болғанымнан болар, сәби шағымнан дәрігер болуды армандаушы едім. Алайда тәтті арманым далада қалып, үйдің бар ауыртпалығы маған түсіп, еңбекке ерте араластым. Сондықтан да мен жоғары оқу орнында оқи алмадым, өзгелер сияқты студенттік өмірдің балдай тәтті қызықтарын көрмедім. Есесіне жастық көктемімде дүкенде сатушы болып, кафеде салат әзірлеп ақша таптым. Атам қазақ «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» демей ме?! Бүгінде сол тоқтаусыз төгілген тердің тәтті жемісін жеп отырмын.

– Дәмханадағы қарапайым қызметтен кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?

– Мен кәсіпке ойламаған жерден келген адаммын. Жоғарыда айттым ғой, мейрамханада жұмыс істедім деп. Қызметтегі жауапкершілігім басшылыққа ұнаған болар, әдеттегі салат жасаушыдан мейрамхананың әкімшісі деңгейіне дейін көтерілдім. Бір жолы ағамның досы 40 жасқа толған мерейтойын өз үйінің есік алдында өткізетін болды. Ағамның өтініші бойынша сол тойға жиналған 250 адамға арнап жалғыз өзім 3 түрлі салат әзірлеп бердім. Сол кезде маған «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің, неге өзім қаладағы көп кафенің бірін жалға алып, осы жұмысты істеп көрмеске, ақыры өзімнің қолымнан келеді ғой» деген ой келді. Содан осы жұмысты бастап кеттім. Әрине, өмірде бәрі өзіңнің ойлағаныңдай болмайды. Табысқа жету жолында сүрінген кездерім де аз емес. Шымкентке барып қос мейрамхана ашып, жұмысты жүргізе алмай, тығырыққа тірелдім. Таразда да тақырға отырған кезім көп. Ақын Мұқағали атамыз: «Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұрып, хақың бар жүгіруге», – демей ме?! Жалпы табысқа жетем деген жігерің болса, қайратыңды қамшыласаң алмайтын қамал жоқ. Ақыры тынбай жасаған тіршіліктің арқасында «Гауһартас», одан кейін «Інжу-Маржан» мейрамханаларын, бизнес орталықтарын аштым. Алла қуат берсе, алдымда тағы үлкен мақсаттар бар.

– Кәсіппен айналысу үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек? «Бизнес ашсам» деген азаматтарға білгеніңізбен бөліссеңіз…

– Қазақта «Тегінде бар» деген сөз бар. Сол үшін кәсіпкерлік қасиетім қанмен келген деп ойлаймын. Мысалы, ақындық, әншілік қан қуалайды. Сол сияқты он саусағынан өнер тамған тігіншінің тегінде тұрған дүние түртіп оятады. Менің әжемнің қолы алтын болған екен. Анамның жасаған тағамдарының дәмі әлі аузымнан кетпейді. Солардан дары-ған болар, мен де кез келген тамақтың дәмін келістіре аламын. Саудаға да осал емеспін. Жалпы кез келген салада жетістікке жетуге болады. Ол үшін адамдар әуелі өзінің бейімі бар кәсіппен айналысқаны жөн. Мысалы, мен ешқашан қолөнерден немесе әншіліктен табысқа жетпейтін едім. Өйткені ол сала – мен үшін жұмбақ.
Қазір менен кеңес алуға келетін жастар көп. Оларға ылғи «еңбек ете берген адам бай болмайды, есеп білген адам бай болады» деп айтудан жалыққан емеспін. Сіз маған «Кәсіпкерлік деген не?» деп сұрақ қойсаңыз, мен еш ойланбастан «Ақша табу» деп жауап берер едім. Мәселен, сіз 10 миллион теңгені 10 күнде шашып жіберуіңіз мүмкін. Сондай-ақ 50 мың теңгемен-ақ елге мәлім бай атануыңыз да ғажап емес. Расында, кәсіпке келген адамның жалғыз мақса-ты – ақша табу. Ал ақша табу үшін есеп білгеніңіз жөн. Негізі, пайдалана білген адамға мемлекетімізде мүмкіндіктер мол. Егер үйде жатып бос ұрандамай еңбек етсеңіз, екі қолға бір күрек табылады. «Заманың қалай болса, бөркіңді солай қисайт» дегендей, бүгінде базарға бет бұрып, кәсіптен бағы жанып, отбасын асырап отырған аналар аз емес. Елімізде еңбек етем деген адамға қашанда есік ашық. Дәл осы мейрамхана бизнесінде жүрген адам ретінде түсінгенім, осы істі асхана құпияларынан хабары бар нәзікжандылар басқарған дұрыс деп ойлаймын. Әйел адамдар тамаққа жақын, дизайн таңдауда да ер азаматтарға қарағанда жақсырақ түсінеді. Тіл табысу жағынан да қыз-келіншектер бірінші орында тұрады. Мейрамхананың қожайыны еркек болғанымен, оны жүргізуде міндетті түрде әйел араласып жүретіні де жасырын емес.

– «Кәсіптен нәсібін тапқан аналар аз емес» дедіңіз. Жалпы еліміздегі гендерлік саясатқа көңіліңіз тола ма?

– Бізде өткен ғасырдың 25-ші жылынан бастап әйелдер жалпы теңдік алған. Олар кәсіпке келсін, мемлекеттік қызметте болсын, басқа салада жұмыс істесін ешқандай тосқауыл жоқ. Дегенмен қазақ халқының менталитетінде «Әйел адамның орны төменде, ол отбасы, ошақ қасының адамы, балаларды тәрбиелеуші» деген сияқты көзқарас бар. Әрине, біз оны жоққа шығара алмаймыз. Сол секілді қазақтың ер азаматтары еш уақытта қазан көтермеген, сыртта ел қорғаны болып, ат үстінде өмірін өткізген. Ал қазір заман өзгерген. Бүгінде біздің арамызда он саусағынан бал тамған аспаздар аз емес. Енді сіздің сұраққа оралсақ, менің кәсіпте жүргеніме ширек ғасырға жуықтады. Сонда көзім жеткені бізде әр адамның ол мейлі әйел болсын, мейлі ер азамат болсын қоғамда орны тең. Бастысы, санаңда сәуле болса, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары жан болсаң, кез келген жерден орын табылады. Жалпы Жамбыл жерінде кәсіпкерлік нысандарының 48 пайызын әйелдер басқарып отыр. Талай жылдан бері тек әйел кәсіпкерлерге 6 пайыздық несие беріліп келеді. Ол – біз үшін жақсы мүмкіндік. Осының өзі елімізде гендерлік саясат дұрыс бағытта келе жатқанын айғақтайды. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді дана қазақ. Қазір министірлік мінберінде жүрген әйелдер аз емес. Әулиеатадан абыроймен аттанып, халық қалаулысы болған қыздарымыз да бар. Өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген облыстық, қалалық әкімдікте, саясат сахнасында жүрген нәзікжандылардың есімін саусақбен санап бітіре алмаспыз. Осыған қарап, елімізде гендерлік саясаттың дамуы жоғары деңгейде екеніне көз жеткізуге болады.

– Сіз облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымысыз. Бүгінде қауымдастық тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?

– Іскер әйелдер қауымдастығының мақсаты – облыстағы кәсіппен айналысуға ниетті нәзікжандыларға жол көрсету. Мысалы, кәсіп ашқысы келетін көп азаматшалар мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды білмейді. Үкімет тарапынан берілетін қаржыны қалай алу жолдарын да түсінбей жатады. Осындайда бізге келіп, көмегімізге жүгінген жандарға жол нұсқауға дайынбыз. Біз кәсіпте жетістікке жеткен тұлғаларды шақырып, аймақ аруларының басын қосып, жылына бірнеше рет форум өткіземіз. Сондай-ақ ай сайын түрлі жиындар да ұйымдастырылады. Сол жерде қарапайым адамдардың қалай байығанын, жетістікке жету жолдарын қызықты әңгімелермен түсінікті тілде жеткізуге тырысамыз. Өткен жылдары көпбалалы аналардың көшеге шығуы жиілеп кеткен болатын. Сол әйелдерді әңгімеге шақырып: «Сіздер балаларыңызды тәрбиелемей-ақ қойыңыздар, олар сіздерге қарап өседі, сондықтан өздеріңіз жұмыс істеп, кәсіпке бет бұрыңыздар», – деп түрлі ақыл-кеңесімді айтып, пайдасы мол мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірдім. Солардың біразы бұл күнде бір-бір кәсіптің ұшын ұстап отыр. Сонымен қатар аудандарда да біздің бөлімшелеріміз бар. Әрі біздің қауымдастық түрлі қайырымдылық істермен де айналысады.

– Қайырымдылық демекші, өзіңіз де осы бір игі іспен жиі айналысатыныңызды халық біледі. Қайырымдылық жасауға сізді не итермелейді?

– «Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін» деген жақсы сөз бар халқымызда. Дегенмен ақпарат арындап тұрған мына заманда елге жасаған жақсылығың да, жамандығың да жұрт көзіне көрініп қалады ғой. Жалпы жеке жасаған жақсылығымды жұрттан жасырып жүремін. Менің қол астымда жұмыс істеген бір қыз телеарнада сұхбат беріп тұрып: «Апай маған үй сыйлады», – деп айтып қойыпты. Кейін өзіме де ой келді. Шүкір, қазір бізде бизнестен жетістікке жеткен жандар жетерлік. «Олар да өзгеге болмаса да өз қызметкерлеріне көмек қолын созса, бір қазақ болса да қуанса, оның өзі таудай бақыт» деген мақсатпен қайырымдылық істерім туралы айта бастадым.
Бүгінгі күнге дейін менде ерінбей, адал еңбек етіп келе жатқан 13 адамға баспана кілтін табыстадым. Соңғы берілген он үшінші үйдің кілтін 24-ші шілде күні Аяз есімді 3 баласы бар азаматқа сыйладым. Көз алдымда өскендіктен әрі пәтерден пәтерге көшіп, баспана тауқыметін тартып жүргендіктен қарап отыра алмадым.
Тағы бір айтатын жағдай, бір жолы жұмысыма алпысты алқымдаған ана келді. «Маған жұмыс беріңіз, кез келген шаруаны атқарып кетуге қуатым жетеді», – деді. Таныстым, есімі Ира екен. Жар дегенде жалғыз қызы қайтыс болған соң, барар жері болмаған көрінеді. «Апа, сіз маған ана болыңыз, үйде үш жасар қызым бар. Соны бағып, біздің үйде отырыңыз», – дедім. Содан ол кісі қызымды өз немересіндей көріп бағып, біздің үйде 15 жыл тұрып былтырғы жылы қайтыс болды. Ақтық сапарға да өзім шығарып салдым. Аллаға шүкір, бүгінде менің 13 өкіл балам бар. Олардың бәрін аяқтандырып, келін алып, қыз ұзатып, құдағи болып, олардан немере сүйіп отырған бақытты жанмын. Сұхбаттың басында әкемнен 3 жасымда айырылып қалғанымды айттым ғой. Кейде «Шіркін, әкем тірі болып, менің бүгінгі жеткен жетістіктерімді көрсе ғой, 80 жас тойын дүрілдетіп жасап берер едім» деп жиі армандаймын. Десе де, әлемдегі әкенің барлығы бірдей көрінеді маған. Материалдық жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі біраз ақсақалдың торқалы тойын, барлық шығынын өз мойныма алып атқарып бердім.
Бірде өзін Светлана деп таныстырған әйел хабарласты. Лана есімді кішкентай қызына туа сала сал ауруы деген диагноз қойылыпты. 12 жыл бойы баланы емдетіп табандарынан тозыпты. Дегенмен қуаныштысы Лана сол аты жаман аурудан айығыпты. Қызына әке-шешесі: «Сен өз аяғыңмен жүрсең, біз саған той жасап береміз», – деп уәде берген екен. Бала арманы тәтті ғой, кішкентай Лана лимузин көлігін мініп көруді армандапты. Ал ата-анасында той жасайтындай, қымбат көлікті жалдайтындай қауқары қалмаған. Менің «Гауһартас» мейрамханамның ішіне көлікпен кіруге болады. Лананың арманын орындап, лимузин көлігімен той төріне әкеліп әрі сол тойды өзім тегін жасап бердім. Дәл осы қыздың тағдырын қайталаған Ұлана деген кішкентай қыз апасына: «Мен аяғымнан тұрсам, той жасаңдаршы», – деген өтінішін айтқан екен. Әжесі маған келіп өтінген соң, туған-туыстарын шақырып, оған да тегін той жасап бердім. Әңгіменің реті келгенде айта кетейін, мүмкіндігі шектеулі 13 баланы асырап-баққан Зулпия деген келіншек бар еді. Бір күні оның көлігі өртеніп кетіпті деп естідім. Содан дереу ол кісіге хабарласып, салоннан өздері қалаған көлігін сатып алып бердім. Қол астымда жұмыс істеп жатқан аналарымызға да әр мерекеде алтыннан алқа тағып тұрамын. Алла амандығын берсе, желтоқсан айында біздің «Гауһартас» мейрамханасының жұмысын бастағанына 10 жыл толады. Осыған орай, 5 жұмысшыма 5 баспана сыйлаймын деп жоспарлап отырмын.
«Мені қайырымдылық жасауға не итермелейді?» деп сұрадыңыз ғой, мен айналамда бақытты адамдардың жүргенін қалаймын. Сондықтан ешкімнің өтінішін жерде қалдырғым келмейді. Бүгінгі таңда менен өзге де бірқатар кәсіпкер қыздар қызметкерлеріне көмектесіп, материалдық жағдайларын дұрыстауға септігін тигізуде. Бұл – маған зор қуаныш.

– Кезінде коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлер мен науқастарға да тағам таратқаныңызды білеміз. Сол туралы кеңінен айтып беріңізші…

– Иә, алғашында өзім үш қой сойдырып, сорпа, қуырдақ әзірлеп тараттым. Кейін Іскер әйелдер қауымдастығы болып бұл жұмысты жалғастырдық. Әрі қарай бұл іс қоғамнан қолдау тапты. «Көп түкірсе – көл» дегендей, осылайша бір жарым ай көлемінде 100-ден аса қойдың етін тараттық. Мәселе таратқан тамақта емес, азайып бара жатқан мейірімде ғой. Қазағымның бір жақсы қасиеті – қиындық келгенде жұдырықтай жұмыла кетеді. Мұндайда дана халықтың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөзі ойыма оралады. Коронавирус демекші, сол кезде көп кәсіпкердің қатарында мен де қатты қиындық көрдім. Тойлар тоқтап қалды. Ал қолымда жұмыс істейтін қызметшілердің бәрінің бала-шағасы бар. Жалдамалы патерде тұратындары да аз емес. Сондай қиын күндерде астымдағы қымбат көлігімді сатып қызметкерлердің айлығын уақытылы төлеп отырдым. Жалпы қара басыңды ғана ойласаң, көпке бармайсың.
Біздің мейрамхананы басқа тойханалармен салыстырсаңыз, мендегі қызметкерлердің жалақысы жоғары екенін байқайсыз. Мәселен, біздегі ең төменгі еңбекақы 200 мың теңге болса, жоғары жалақы 500 мыңға жуықтайды. Кейде тойдың көбейіп, қарбалас кезінде кешкісін келіп қызмет көрсетіп, ыдыс-аяқ жуып, ақша тапқысы келетін жастар болады. Оларға ойланбастан 10 мың теңге ұстатып жіберемін. Осылайша сәл де болса қызметкерлерімнің әлеуметтік жағдайына септігім тисе деп ойлаймын. Қай кезде де еңбек бағалануы керек. Себебі біреудің маңдай терін төгіп жұмыс істеп жатқанын көре тұра, оны лайықты бағаламау ешкімді жақсылыққа апармайды.

– Ел ішінде «Бүгінгі тойлар тым ысырапшыл болып кетті» деген пікір бар. Осы кәсіптің ортасында жүрген жан ретінде сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?

– Мен білетін бір ақиқат – қазақ барда той ешқашан тоқтамайды. Өйткені жиған-тергенін тойға шашатын халықпыз. Бүгінде заман өзгерді, өткен ғасырдағыдай кең сахарада ғұмыр кешіп жатқан жоқпыз. Қаладағы кішкентай ғана екі бөлмелі пәтерге қай қонағыңызды сыйдырасыз?
Жалпы «Той – қазына» дейді халқымыз. Жасырып қайтейін, арасында ысырап тойлар да болып жатады. Бірақ бес саусақ бірдей емес қой. Менің елге той жасап беріп жүргеніме биыл 25 жылға жуықтады. Сол аралықта тек екі тойдың иесі ғана ақысын өтей алмай, қарыз болып кеткен еді. Ал басқа жағдайда барлығы мейрамхана ақысын, өзге де қызметтерді емін-еркін төлеп, разы болып қоштасып жатады. Той «ұлттық депозит» деуге де болады. Бүгін саласың, ертең өзің қайтадан аласың. Тойды үйде жасағанша, мейрамханаға арзан бағамен, қалтасы көтергенше жасап, абыроймен атқарған не жетсін?! Мейрамханалар тек халықтан сұраныс болмағанда, той мүлде тоқтағанда ғана жабылады. Ал бүгінгі таңда сұраныс артпаса, кеміген емес.
Ел арасында «тойды несие алып жасайды» деген түсінік қалыптасқан. Бір нәрсені ескеруіміз керек, несиені тойға емес, «баламды үйлендіремін» деп, үйін жөндеуге, киім-кешегіне жаратуға, құдалар келгенде ыңғайсыз болмасын деп жиһазын жаңалауға, қызының жасауын апару үшін алады. Біз көбінде мол дастарқанды көреміз де, тек сол туралы пікір айтамыз. Біле-білсек, той ел экономикасына оң әсерін береді. Мәселен, біз тойда дастарқанға қоятын тәтті-дәмдерді базардан сатып аламыз. Одан саудагердің қалтасына ақша түседі. Ірі қара сатып аласыз, ол бір шаруаның қажетін өтейді. Дастарқандағы түрлі салаттар – ол да бір егіншінің еңбегі. Баршамызға мәлім, пандемия кезінде Түркістан облысындағы шаруалардың маңдай терімен өсірген қырыққабаттары сатылмай, соңында далаға төккен жоқ па? Сол сияқты талай өнімдерге сұраныс болмай шіріп қалды. Егер той болса, солардың бәрі өз орнын табар еді. Тойға келемін деп әйелдер көйлек алады, шашын, бетін әрлейді. Бұл сұлулық салондарына мол табыс әкеледі. Мысалы, басқа қаладағы тойға барсаңыз, қонақ үйге жатасыз, көлікке ақша төлейсіз, ол да біреудің жеп отырған наны. Айта берсек, бір тойдың айналасында айналымға енетін біраз қаржы жатыр. Әрине, бұл көзге көріне бермейтін дүние сияқты сезілер, алайда зер салып қарасаңыз, шынында солай. Тойлар тоқтап, мейрамханалар жабылғанда қаншама адам ақшасыз қалды. Менде 45 адам жұмыс істейді, олар да бала-шағасын тоймен асырап отыр. Бұрынғы заманда тойды байлар жасап, кедейлер содан тойып тамақтанып жүреді екен. Содан «той» деген сөз шыққан деген наным бар. «Батаменен ел көгерер» демекші, тойда жақсы тілектер айтылады, ұзақ уақыт көрмеген туыспен қауышасыз, туыстан жырақ жүрген балаларды бір-бірімен табыстырасыз. Бірде «Мейрамханада той жасаудың не керегі бар, бұрынғы тойлар сияқты үйде өткізбей ме?» деген бір кісіге: «Онда неге ат емес, машина мініп жүрсіз?», – дегенім бар. Әрине, «заманына қарай адамы».

– Шетелге жиі саяхаттап тұрасыз ба?

– Мен Кеңестік кезеңді көрген каракөздердің қатарындамын. Ол кезде шетелді түсіңде көрмесең, бүгінгідей кез келген уақытта баруға мүмкіндік жоқ еді. Сонымен қатар біз ауылдағы адамдардың ала дорба арқалап, қалаға ағылған 90-шы жылдардағы тоқырауды көрген ұрпақпыз. Қиын кезеңді көргендердің бірі ретінде бүгінгі бақытты күнге шүкір айтамын. Адам өз ортасында, бір қалада, тіпті бір мемлекетте өмір сүріп шетелге шықпаса, көкжиегі кеңеймейді. Тым құрыса мұхит аспаса да, көрші елдерге барғаны жөн. Жалпы әлемнің көптеген елдерімен салыстырғанда біздің экономикалық жағдайымыз жақсы, саясатымыз тұрақты. Өз көзқарасымызды еркін айта алатын елде өмір сүріп жатырмыз. Мәселен, көршілес Қытайда, Солтүстік Кореяда ешкім жеке ойын ашық айта алмайды. Бұл әлемнің бірқатар мемлекетінде кездеседі. Мәселен, Еуропада болған бір сапарымда жұмыс істеп жүргендердің көбі қарт адамдар екенін байқадым. Ал жастары үйленгісі келмейтін көрінеді. Өзіміздің Қазақстанда әр аулада ойнап жүрген қара домалақтар көп. Тағы бір түсінгенім, бізде ауамыз, суымыз таза, кез келген арықтан су іше беруіңізге болады. Ал теңіз жағасында отырған халықтың суы тұзды болады, тазартып ішуге мәжбүр. Үндістанның өзенін көрсеңіз, тіпті шошисыз. Мысалы, Жапонияда миллиондаған халық кішкене ғана аралда өмір сүріп жатыр. Ал біздің ниетімізге Алла мына кең даланы берді. Енді осы даланы келешек ұрпаққа аманаттап тапсыру – бәріміздің ортақ міндетіміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.