Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Еңбек – ел дамуының тірегі

Таразда жұмыспен қамтудың өңірлік Картасы жүйелі жүзеге асырылуда

0 313

Халықты жұмыспен қамту – кез келген мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік дамуының басты көрсеткіштерінің бірі. Жұмыссыздық деңгейі тек қана экономикалық мәселе емес, сонымен бірге қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен азаматтардың өмір сапасын анықтайтын маңызды фактор екені белгілі. Тұрақты жұмыс орнының болуы әрбір адам үшін табыс көзі ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі кемелдендіру, әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдағы орны бар екенін сезіну мүмкіндігін де береді.

Қазіргі заманда еңбек нарығының жағдайы, технологиялардың дамуы, экономикалық құрылымдағы өзгерістер
халықты жұмыспен қамтуға жаңа талаптар қоюда. Жаңа өндіріс орындары мен кəсіпкерліктің дамуы азаматтардың кəсіби дағдыларын жетілдіруді, жаңа мамандықтарға бейімделуді талап етеді. Сонымен қатар жұмыссыздық тек жеке тұлғаның өміріне ғана емес, тұтас қоғамға əсер етеді. Мəселен, кедейшілік деңгейінің
өсуі, əлеуметтік шиеленістердің күшеюі жəне демографиялық мəселелер – осының айқын мысалдары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мəселені əрдайым басты назарда ұстап келеді.

– Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке жəне əкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген.
Соған сəйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Халықты, жастарды жұмыспен
қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет. Əкімдер бұл жұмыстың нəтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек, – деген болатын ел Президенті жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Осы ретте халықты нəтижелі жұмыспен қамту мемлекеттің стратегиялық міндеті ғана емес, əлеуметтік əділеттілікті қамтамасыз етудің де басты тетігіне айналып отыр. Сондықтан бұл бағыттағы əрбір бастама, əрбір шешім халықтың өмір сапасына тікелей əсер ететін, болашағын айқындайтын маңызды қадам екені сөзсіз. Бұл тұрғыда Тараз қаласында да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Айталық, осы жылдың 9 айында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 0,8 пайызға төмендеп отыр. Ал ең төменгі күн көріс деңгейі 54 958 теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,3 пайызға өсті.

Тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында өңірлік Карта əзірленген болатын. Соған сəйкес 2025 жылы қалада 22 324 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінге дейін 16 176 тұрғын екі қолға бір күрек тапты. Нəтижесінде белгіленген меженің орындалуы 72,4 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ бүгінге дейін 6 565 жұмыс орны ашылып, көрсеткіш толығымен орындалған.

Бұдан бөлек, 2025 жылға арналған жұмыс орындарын құрудың өңірлік карт асына 32 жобаны қамтыған 1 283 жұмыс орны енгізілді. Олардың ішінде 40 адамды қамтитын «Шөлдала» алқабындағы 600 орынды мектеп, 62 жанды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге қауқарлы «Alit Holding» құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты жəне 100 тұрақты жұмыс орны көзделген құс етін өңдейтін «Алель Агро» ЖШС секілді ауқымды 3 жоба қарастырылған. Бүгінгі күнге нақты 31 жоба бойынша 797 жұмыс орыны ашылып, 62,1 пайызды құрап отыр.

Қазіргі таңда кəсіпкерлік – ел экономикасының қозғаушы күші ғана емес, азаматтардың əл-ауқатын арттырудың, жаңа жұмыс орындарын құрудың жəне қоғамдағы əлеуметтік белсенділікті арттырудың маңызды тетігіне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында кəсіпкерлікті жүйелі қолдаудың маңыздылығына ерекше тоқталып, əсіресе жастар мен əйелдердің, ауыл тұрғындарының кəсіп ашуына барынша жағдай жасау қажеттігін алға тартып келеді. Президенттің «Кəсіпкерлікті дамыту – ел экономикасының тұрақтылығы мен болашағы үшін стратегиялық міндет» деген сөзі бұл саланың мемлекеттік саясаттағы маңызын нақты көрсетеді. Сондықтан да бүгінде мемлекет тарапынан кəсіпкерлікті бастауға жəне дамытуға арналған қайтарымсыз гранттар жүйесі кеңінен жолға қойылып отыр. Бұл – өз ісін бастаймын деген азаматтар үшін нақты мүмкіндік, болашаққа нық қадам жасаудың берік негізі. Осы мақсатта қала бойынша кəсіпкерлікті дамытуға ниетті 214 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант беру көзделсе, есепті кезеңде оның 212-сіне комиссияның оң шешімі қабылданған. Расында, қазіргі қоғамның дамуы адам капиталы мен жеке бастаманың əлеуетіне негізделіп отыр. Осы орайда кəсіпкерлік тек табыс көзі ғана емес, елдің экономикалық дербестігін қалыптастыратын, жаңа жұмыс
орындарын ашуға жол ашатын маңызды салаға айналды. Мемлекет өз кезегінде бұл бастамаларды жүйелі қолдап келеді. Сол қолдаудың ішінде ең үлкен серпін беріп отырған тетік қайтарымсыз гранттар екені белгілі.

Жыл сайын көптеген азамат осы мүмкіндікті пайдаланып, өз кəсібін бастап, өңірлік экономикаға жан бітіріп келеді. Бірі ауылда шағын наубайхана ашса, енді бірі тігін цехын іске қосады, үшіншісі мал шаруашылығын дамытып, өнімін ішкі нарыққа ұсына бастайды. Осындай шағын бастамалар үлкен өзгерістерге бастамашы болуда. Өйткені əрбір жаңа кəсіпорын – кем дегенде бір отбасының табыс көзі, ел экономикасының тірегі. Сондықтан осындай маңызы зор істің көне шаһарда жүйелі жүзеге асырылып жатқаны көңілге қуаныш ұялататыны белгілі.

Тағы бір айта кетерлігі, Тараз қаласы бойынша қысқамерзімді кəсіптік оқыту бағдарламасына 313 жұмыссыз азаматты оқыту жоспарланған. Оның ішінде білім беру ұйымдарында кəсіптік оқытуға 65 азаматты жолдау жоспары бекітіліп, олардың барлығы бүгінде оқуларын аяқтап, тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жұмыс берушілердің сұранысына орай жасалған жоспарға сəйкес, 248 жұмыссыз азаматты қысқамерзімді оқытуға жіберу көзделген. Қазіргі таңда бұл жоспар толығымен орындалып, барлық азамат оқуға жолданған. Бұдан бөлек жұмыссыздарды «Skills enbek» порталы арқылы онлайн оқыту бағыты бойынша есептік кезеңде 774 адам оқуға жолданып, оның 730-ы тиісті сертификатын алыпты. Жалпы, оқимын, жаңа мамандық меңгеремін деген адамға барлық мүмкіндіктер қаралған. Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 900 азамат оқуға жолданып, оның ішінде 601 азамат оқуын тəмамдаса, 75 адам жеке кəсібін ашқан. Нəтижесінде бұл жұмыстардың орындалу көрсеткіші 100,6 пайызды құрап отыр.

Сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарына 4 380 адамды жіберу жоспарланса, бүгінге дейін олардың 3 379-ы, яғни 77,4 пайызы жолданды. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін толығымен орындау көзделіп отыр.

Еңбек нарығын жандандыруда жастарды жұмыспен қамту – басты басымдықтардың бірі. Себебі бүгінгі қоғамның болашағы – жастардың қолында. Олар – елдің экономикалық қуатын арттырып, əлеуметтік дамуына серпін беретін ең белсенді, шығармашыл əрі жаңашыл буын. Сондықтан жастарды жұмыспен қамту мəселесі – тек экономикалық саясаттың емес, ұлттың рухани жəне əлеуметтік болашағын айқындайтын маңызды бағыттардың бірі.

Қазіргі таңда жаһандану дəуірінде еңбек нарығы қарқынды өзгеріп, жаңа кəсіптер мен мамандықтар пайда болуда. Технологиялық даму мен цифрландыру заманы жаст арға мол мүмкіндік сыйлағанымен, бəсекелестікті де
күшейтті. Білім мен білік, кəсіби икем мен жауапкершілік табысты болудың басты шарттарына айналды. Осы тұрғыда мемлекет пен қоғамның міндеті – жастарды заман талабына сай кəсіпке баулып, олардың өз қабілеті мен əлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау.

Айталық, бүгінге дейін Тараз қалалық мансаптық орталығы арқылы 2025 жылдың 9 айында 16-35 жас аралығындағы 3 мыңға жуық азамат тұрақты жəне уақытша жұмыс орындарына орналастырылды. Бұл көрсеткіш жастардың еңбекке бейімделуі мен өмірлік тəжірибе жинауына үлкен мүмкіндік бергенін аңғартады. Жастар көбіне «Жастар практикасы», қоғамдық жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кəсіп ашу, қысқамерзімді кəсіби оқыту жəне қайта даярлау бағыттарын таңдады. Орталық жастардың еңбекке орналасуын жеңілдету мақсатында арнайы жəрмеңкелер, оқыту курстары жəне кəсіпкерлікке бейімдеу ісшараларын да тұрақты түрде өткізіп келеді. Мəселен, орталық тарапынан жыл басынан бері 9 бос жұмыс орны жəрмеңкесі ұйымдастырылды. Оның ішінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының өкілдерінің қатысуымен қоныс аудару бойынша жəне «Еңбек арқылы өтелген парыз» атты борышкерлерге арналған бос жұмыс орындарының жəрмеңкелерін ерекше атап өткен жөн.

Қоғамның өркениеттілік деңгейі оның əрбір азаматына, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай мүмкіндік жасай алатынымен өлшенеді. Өмірдің түрлі сынақтарына қарамастан, олардың да қоғам өміріне белсене араласуға, өз еңбегімен ел дамуына үлес қосуға деген құқығы бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту – жай ғана əлеуметтік міндет емес, адам құқығын қорғаудың, тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастырудың маңызды көрсеткіші.

Еңбек – адам өмірінің мəні мен тіршілігінің тірегі. Ол тек табыс көзі емес, адамның өзін-өзі танытуына, қоғамда өз орнын табуына, рухани тұрғыдан қалыптасуына жол ашады. Сол себепті ерекше күтімді қажет ететін жандарға лайықты жұмыс орнын ұсыну олардың əлеуетін ашып, өз-өзіне деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның рухани жəне экономикалық байлығын арттыратын игілікті іс. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Арнайы еңбек орындарын ашу, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін кеңейту, кəсіптік білім беру мен қайта даярлау – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі.

Тараз қаласында да мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мəселесі бір сəтке назардан тыс қалған емес. Ерекше жандарды жұмысқа орналастыру мақсатында арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау жүргізіліп, нəтижесінде мүмкіндігі шектеулі 10 азамат екі қолға бір күрек тауып, межеленген жоспар толығымен орындалған. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында бекітілген №20 қаулыға сəйкес, 21 мекеме тарапынан 25 бос жұмыс орны ұсынылыпты. Бүгінгі күнге дейін 20-ға жуық азамат квота шеңберінде тұрақты жұмысқа орналастырылған.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан пробация жүйесін жетілдіру, əлеуметтік қолдау шараларын күшейту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, басты мəселе – қоғамның көзқарасын өзгерту. Қателік жасаған адамды өмір бойы жазалау емес, оны түзелуге, өз орнын табуға ынталандыру – өркениетті қоғамның белгісі.

Пробация есебінде тұрған азаматтарды еңбекке тарту – тек əлеуметтік жоба емес, бұл ізгілік пен сенімге құрылған жаңа өмірдің бастауы. Əр адамға екінші мүмкіндік беру арқылы біз əділетті қоғамның негізін қалаймыз. Өйткені адамды түзеудің ең тиімді жолы – оған сенім арту жəне еңбек арқылы өмірге қайта оралуына жағдай жасау.

Осы мақсатта көне шаһарда да ілкімді істер жүзеге асырылып жатыр. Мəселен, 2025 жылғы 4 ақпандағы Жамбыл облысы əкімдігінің №20 қаулысында «Пробация қызметінің есебінде тұрған жəне бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін» 2-3-қосымшасында 17 жұмыс берушінің келісімімен 24 бос орынға квота белгіленген. Бүгінгі күнге пробация есебінен 20-дан астам азамат квота арқылы тұрақты жұмыспен қамтылып, жоспар толығымен орындалуға таяу.

Бұдан бөлек, əлеуметтік нысандарды жаңартуға да ерекше екпін түсіріліп, «Қаратау» (2) шағынауданында бос тұрған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, «Отбасын қолдау орталығының» игілігіне берілді. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтарды қайта əлеуметтендіруге арналған орталықтың жаңа ғимаратын салу да жоспарлануда. Бұған қоса демеушілер есебінен Төле би көше сі, №49/1 мекенжайында бос тұрған ғимаратты «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ретінде бюджеттен тыс қаражат есебінен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысан желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.

Халықты жұмыспен қамту – мемлекеттің экономикалық өркендеуінің ғана емес, қоғамдағы əлеуметтік тұрақтылықтың айғағы. Əрбір азаматтың еңбегі еленіп, өз орнын табуы – елдің бірлігі мен берекесінің де бастауы. Сондықтан ел ішінде еңбекке құштар, ізденіс пен іскерлікке бейім əр адамның əлеуетін ашу бүгінгі мемлекеттік саясаттың басты өзегіне айналып отыр.

Тараз қаласында жүзеге асырылып жатқан жүйелі шаралар – осы саясаттың нақты көрінісі. Жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, кəсіпкерлікті дамытуға бағытталған қолдаулар, жастар мен əйелдердің, мүмкіндігі шектеулі жəне пробация есебінде тұрған азаматтардың еңбекке тартылуы – бəрі де елдің əлеуетін арттыруға, əр адамның өмір сапасын жақсартуға бағытталған игі бастамалар екені даусыз. Оның үстіне мұндай ілкімді істер əділетті һəм өркениетті қоғамның негізін қалайды. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаусыз жалғасын таба бермек.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.