Қазақстан кәсіподақтары күні мен Мұғалімдер күні мерекелеріне орай «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Еңбек адамы – ел мақтанышы!» атты жұмысшы мамандық иелерінің облыстық форумы өтті.
Жамбыл облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы ұйымдастырған ауқымды шараға ұстаздар, сала ардагерлері мен жұмысшы мамандар қатысты.
Жиын барысында облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков ізгі тілегін білдіріп, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Бүгінде жергілікті оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіподағы – аймақта 67 мыңнан астам сала қызметкерін біріктіретін 100 жылдық тарихы бар ұйым. Қазіргі таңда бұл одаққа облыс бойынша 813 бастауыш ұйымға біріккен 67 мыңнан астам сала өкілі мүше. Кәсіподақтың құқықтық қызметінің заңгерлері 2023 жылдан бері 28 000 құқықтық қызмет көрсеткен. Құқықтық инспекторлармен білім мекемелері мен ұйымдарында 1 399 тексеру жүргізіліп, онда еңбек заңдылығын бұзудың 4 138 жағдайы анықталған. Кәсіподақ мүшелеріне 2 206 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық пошта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны 24 920 құрады.
Осы мерзімде кәсіподақтық инспекция қызметкерлерімен сотқа 34 материал дайындалып, 48 кәсіподақ мүшесіне түрлі инстанциядағы соттарда тегін өкілеттік камтамасыз етілді. Белсенді құқықтық іс-әрекет нәтижесінде аталған кезеңде 5 кәсіподақ мүшесі қайта жұмысқа орналастырылса, 16 қызметкерді жұмыстан босатуға жол берілмеді.
2015 жылдан бастап кәсіподақта құқықтық қызметтердің экономикалық тиімділігі деп аталатын арнайы бағалау жүйесі тәжірибеге енгізілген. Бұл жүйе сала өкілдеріне кәсіподақтың құқық қорғау жұмыстары нәтижесінде қайтарылған немесе сақталып қалған қаржы мөлшерінің жиынтығын көрсетеді. Осы орайда кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменді әрекеті арқылы қарапайым еңбеккердің қалтасына 2023 жылдан бері 1 млрд. 520 млн теңгеден аса соманы қайтаруға қол жеткізілді, – деген Ерұлан Сәбенұлы сала үздіктері мен ардагерлері және Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен өткізілген «Өз мамандығының үздігі» республикалық байқауының салалық кезеңінің жеңімпаздарына арнайы марапаттарды табыстады.
Іс-шара соңы концерттік бағдарламамен түйінделді.
Құрмаш Қаптағай