Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еңбек адамдарының жалақысы еселенсе…

0 1  325

«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін облыс әкімдігі жанынан қоғамдық қабылдау кеңесі құрылған болатын. Жуырда аталған кеңестің мүшелері Ардагерлер үйінде тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түрді.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова, Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Оңласын Есіркепов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова қатысқан басқосуда көптеген өзекті мәселелер қозғалды. Мәселен, «Қайнар» алқабының тұрғыны Дүйсенбай Боханов алқаптағы ауыз су мәселесін шешіп, ескі стадионның орнына шағын футбол алаңын салып беруді сұрады. Ал тараздық тұрғын Құдайберген Тынышбаев Т.Бигелдинов, Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев көшелеріне асфальт төсеп, № 37 қоғамдық көліктің бағытын әуежай маңына дейін созса деген тілегін жеткізді. Тағы бір тұрғын Айжан Жүнісбекованы «Жасыл Ел-Тараз» мекемесіндегі қызметкерлердің еңбекақысы алаңдатады екен.
– Шаһардың тазалығына жауап беріп отыр- ған бірден-бір мекеме – осы серіктестік. Төтенше жағдай кезінде де ештеңеден қорықпастан, бел жазбай еңбек еттік. Алайда сол жұмысымызға еңбекақымыз мүлдем сай емес. Мен секілді қарапайым жұмысшылар бар болғаны 60-65 мың теңгенің көлемінде ғана жалақы алады. Содан болар, бізде жұмысшылар тұрақтамайды, – дейді Айжан Қырғызбайқызы.
Тұрғындардың өтінішін мұқият тыңдаған кеңес мүшелері оларды шешу бойынша жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар енгізілетінін жеткізді.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.