Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында жұмысшы мамандық иелеріне арнайы тоқталған болатын.
– Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс.
Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам.
Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді, – деген ел Президенті біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс екенін әрі бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасатынын жеткізді.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең әуелі адал еңбекті бағалаған абзал. Бұл да – Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндеттердің бірі.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев алғашқылардың бірі болып еңбек адамдарына құрмет көрсетті. Аймақ басшысы әуелі Байзақ ауданының тұрғындары, ерлі-зайыпты Әкімжан Байгобеков пен Шолпан Саматқызының шаңырағына барды. Ерлі-зайыпты бүгінде «Байзақ Су» КМК-де оператор болып жемісті қызмет атқаруда. 5 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген қарапайым отбасы адал еңбектің берекесіне бөленуде.
Облыс әкімі арнайы ат басын бұрған Меркі ауданы, Сарымолдаев ауылының тұрғыны Құсанбек Сақбаев бүгінде бейнеттің зейнетін көрер жаста. Ол әр жылдары жүргізуші, шопан, бақташы болып еңбек еткен. Кезінде қой қырқудан ел чемпионы атанған қария жас ұрпақ үшін нағыз еңбек адамының үлгісіндей десек, қателеспейміз.
Бұдан бөлек, Ербол Шырақпайұлы Тараз қаласының тұрғындары «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің жұмысшысы Ерболат Ошақбай мен «Жамбыл Су» МКК-де электромонтер болып еңбек ететін Руслан Есеевті де мерекемен құттықтады. Еңбек өтілдері 20 жылдан асатын олар облыс орталығының коммуналдық қызметіне барынша атсалысып, тұрғындар игілігі үшін аянбай еңбек етуде.
Аймақ басшысы өз сөзінде талмай жұмыс істеп, көпке үлгі болып, өз ісінің маманы атанған еңбек адамдары қандай құрметке де лайық екенін айрықша атап өтті.
Президентіміз айтқандай, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Арамызда еңбектің ерен үлгісін көрсетіп, ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп жүрген жандарды біз жас ұрпаққа өнеге етіп, бағалауға тиіспіз!, – деді облыс әкімі.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те жұмысшы мамандарды назардан тыс қалдырмады. Шаһар басшысы әуелі «Таразтрансэнерго» мекемесінің бақылаушы монтері Жасдәурен Жайлауовтың шаңырағына бас сұқты. Жасдәурен Сабидиллаұлы аталмыш мекемеде 9 жылдан бері еңбек етіп келеді. Сондай-ақ 4 перзентті өсіріп отырған үлгілі әке, өнегелі отағасы. Бұдан кейін қала әкімі «Таразэнергоорталық» мекемесінің қазандық машинисі Руслан Сапарбековтің үйіне аялдады. Осы мекемеде 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Руслан Мұратұлы 5 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр.
Бақытжан Әмірбекұлы да еңбек адамдарына деген құрмет ешқашан аласармайтынын және оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Бүгінде көне шаһарда адал еңбегімен абырой асқарына көтерілген азаматтар аз емес. Солардың қатарында ағайынды Болат пен Қанат Дәуіттердің шоқтығы биік. Бір отбасының қос бірдей егіз ұлы Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтының «Сумен жабдықтау» мамандығын тәмамдаған соң су саласының дамуы жолында аянбай тер төгіп келеді. Айталық, Қанат Шаманбердіұлы 2002 жылдан бері «Жамбыл Су» мекемесінің №2 су құбыры өндірістік учаскесінде жұмыс істеп келе жатса, сыңары Болат 2001 жылдан бері аталмыш мекеменің №3 учаскесінде қызмет атқаруда. Ал олардың әкесі Шаманберді Дәуітұлы осы «Жамбыл Су» кәсіпорнын табаны күректей 15 жыл абыроймен басқарған.
– Президентіміздің жұмысшы мамандықтарға айрықша көңіл бөлуі өте құптарлық қадам. Халқымызда «Еңбектің наны тәтті» деген аталы сөз бар. Осының өзі еңбекқор жандарға деген зор құрметтің белгісі екені даусыз. Енді осы баянды бастама тек жалаң ұран, жалынды сөз жүзінде ғана қалып кетпей, кешенді жоба-жоспарлар жүзеге асырылатынына сенім мол. Сананы тұрмыс билейді демекші, ең әуелі жұмысшы мамандық иелерінің әлеуметтік жағдайына баса назар аударылуы қажет. Осы арқылы олардың өз жұмыстарына деген құлшыныстарын арттыруға болады. Ал бұл өз кезегінде еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты түбегейлі қанағаттандырады, – дейді Болат Шаманбердіұлы.
Жалпы елімізде бүгінде 2 миллион 300 мың адам 2 мыңнан астам жұмысшы мамандықтар бойынша еңбек етуде. Қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан қазақстандықтардың 52 пайызы кәсіби немесе техникалық білім алғандар және осы саладағы мамандарға сұраныс біздің елде жыл сайын артып келеді екен. Мәселен былтырғы жылдың өзінде еңбек нарығында 270 мың бос жұмыс орны ұсынылған. Әсірісе жұмысшы мамандарға өндіріс орындарында, ауыл шаруашылығы, транспорт салаларында сұраныс жоғары.
Аман ЕСЕН