Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялау – еліміздің еңбек нарығын дамытуға, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама арқылы елімізде адал еңбек, кәсібилік және еңбекқорлық құндылықтары насихатталып, жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту көзделіп отыр.
Осыған орай Казақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Ш.Мұртаза атындағы руханиат және тарихтану орталығында «Дүниежүзілік еңбек күніне» орай халықаралық еңбек ұйымының бастамасымен дүниежүзі бойынша жұмыс орындарында жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардың алдын алуға жәрдемдесу, сондай-ақ еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру және насихаттау мақсатында іс-шара өтті.
Шара барысында облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні – Халықаралық еңбек ұйымының ең маңызды акцияларының бірі. Еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі қай елде болмасын ешқашан күн тәртібінен түспеген өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Біздің облыста бүгінгі таңда 1 200-ден астам кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша 940 өндірістік кеңес бар, олардың құрамында 1 302 еңбекті қорғау бойынша техникалық инспекторлар еңбек қауіпсіздігі талаптарына қоғамдық бақылау жүргізуде.
Кәсіподақ өкілдері әрбір кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша өндірістік кеңестердің өкілеттігін арттыра отырып және жалпы лайықты еңбек жағдайларын қалыптастырудағы жұмыс берушілердің шешім қабылдау процессіне кәсіподақ өкілдерін қатыстыру қажет деп санайды. Еңбек адамның өмірі мен денсаулығы – біздің ең басты байлығымыз. Сол үшін біз әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, заңнамада бар барлық тетіктерді тиімді пайдалана отырып еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз, – деді Бахтияр Сайлаубекұлы.
Сондай-ақ шара аясында өңірдегі еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігіне және экономиканың әр саласында ерен еңбегімен облыстың дамуына өз үлестерін қосқан қызметшілер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ