Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еңбегі жанған аналар бас қосты

0 623

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Анаға тағзым» орталығында «Enbegi jangan arylar» облыстық әйелдер форумы өтті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Облыстық форумға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Еркін Атымтаев, «Әулие ата» медиахолдингінің директоры Нұрбек Бекенов, облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов пен облыстың іскер ханымдары, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысты. Жиынды ашып, жүргізген «Анаға тағзым» орталығының директоры, облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары Эльмира Мырза-Ғали алдымен шараның мағыздылығына тоқталды. Өз кезегінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек қатысушыларды құттықтады.
—Асқақ армандар мен қайсар рухтың жемісі, ең қымбат құндылығымыз – Тәуелсіздік. Ал еліміздің Тәуелсіздігін қалыптастыру және нығайту дәуірінде Қазақстан әйелдері еселі үлес қосып келеді. Тәуелсіздіктің күрделі уақытында нәзікжандылар өз шаңырағының тыныштығы мен берекесін батыл қорғап, ер азаматтарына қолдау көрсетті. Дағдарысқа қарамастан кез келген істі үйіріп алып кетіп, отбасылық және азаматтық парызын орындауда көптеген ер азаматтарға үлгі бола білді. Бүгінде мемлекеттік қызметтің 41% облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттарының 30% әйелдер құрап отыр. Ел экономикасының өркендеуіне қарқын берген кәсіпкер әйелдер, көшбасшы ханымдардың еңбегін елеп, қоғамдағы рөлі мен беделін көтеру, еліміздегі гендерлік саясаттың маңызын айқындауды мақсат еткен форумның жұмысына сәттілік тілеймін, — деді Дәулет Жамаубайұлы.

Сондай-ақ жиында Қазақстан Республикасы Әйелдер күштері альянсының және Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаты Гүлдара Нұрымова бас қаладан бейне құттықтау жолдады.Облыстық форум екі сессиядан тұрды. Алдымен табысты әйелдер «Менің жетістігім – отбасымның жетістігі, елімнің жетістігі» атты тақырыпта өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Ал екінші сессия «Әйелдердің әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық мәселелерді шешуге қосқан үлесі» атты тақырыпта өрбіді. Облыстың әр өңірінен келген арулардың басын қосқан форум барысында көшбасшы әйелдер түрлі аталым бойынша марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.