Қалалық қоғамдық-саяси газет

Еңбегі еселі мамандық иелері

0 3  088

Нұржас ҚҰРМАНТАЕВ,
Жамбыл облысы әкімдігінің
ветеринария басқармасының басшысы

Мемлекет басшысымен 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты кезекті Жолдауында ветеринария саласын реформалау, орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындау, үрдістерді цифрландыру, мал дәрігері мамандарын дайындау, жалақыларын өсіру сынды маңызды тапсырмалар берілген болатын.

Осы тапсырмалардың аясында ветеринария саласына көп көңіл бөлініп, ауылдық жерлердегі ветеринария мамандарының жалақылары біршама өсті, әлеуметтік қолдау шаралары да басқа мамандарға теңестірілді.
Ветеринария саласы – халық шаруашылығының ең маңызды салаларының бірі. Егер тарихқа үңілетін болсақ, ежелгі заманнан бері адам өміріне қажетті, мінсең – көлік, жесең – азық, кисең – киім болған жануарлар дүниесі біздің тұрмыс-тіршілігімізден өз орнын алған болатын. Адам мен жануарлардың ортақ ауруларынан бүкіл адамзатты қорғайтын ветеринария саласы бүгінгі таңда да өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Ветеринария қызметінің саласы терең мамандандырылған болып табылады және халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау жөніндегі міндеттерді орындауға жүйелі көзқарасты талап етеді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ветеринария саласында да көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Ең бастысы, ветеринария саласындағы қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 2002 жылы 10 шілдеде қабылдануы ерекше сипатқа ие болды.
Сол заңның аясында осыған дейін жеке кәсіпкерлерден құрылған ветеринариялық қызметтің 2010 жылы мемлекеттік ветеринариялық кәсіпорындар болып құрылуы да бұл салаға оң серпін берді. 2010 жылы Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы басқармасында ветеринария бөлімі құрылып, оның басшысы басқарма басшысының орынбасары болды.
2016 жылы облыс әкімдігінде ветеринария басқармасы дербес мекеме ретінде «Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып құрылып, қазіргі таңда облыс аумағында жүргізілетін ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастыруда.
Ағымдағы жылдың басынан ветеринариялық қызметтің бірыңғай вертикалын құру мақсатында аудандардың және Тараз қаласының 11 ветеринариялық станциясы біріктіріліп (ветеринария басқармасына бағынысты), облыстық ветеринариялық станциясы болып аудандардағы бөлімдерімен қайта құрылды. Аталған ветеринариялық станциялардың ветеринариялық пункттерінде мыңнан аса адам жұмыс істеуде.
Облыстық ветеринариялық станциясы аудандардағы бөлімдерімен өз құзыреті шегінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 16 аса қауіпті эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларға қарсы профилактикалық және 25 ауруға қарсы диагностикалық іс-шараларды жүргізуде.
Облыстың ветеринариялық қызметі адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті аурулардың алдын алу жөніндегі функцияларды орындайды. Тамақ өнімдерінің ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оның тиімді жұмысының арқасында аса қауіпті аурулардың өршуі жоқ.
Ветеринария басқармасы тарапынан малды зоотехникалық нормаларға сәйкес азықтандыру, күтіп-ұстау, мал қораларын залалсыздандыру туралы түсіндірме жұмыстары мал дәрігерлері тарапынан ұдайы жүргізілуде.
Облыс аумағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралар өз деңгейінде орындалуда.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, ағымдағы жылы адамдар мен жануарлар арасында жануарлардың аса қауіпті аурулары, оның ішінде Сібір жарасы ауруы тіркелген жоқ.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Кәсіби мерекелердің тізбесін бекіту туралы» 2023 жылғы №258 Бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 10 шілде – Ветеринариялық қызметкер күні болып белгіленді.
Республикамызда бірінші рет атап өтіліп отырған мерекеге орай облыс аумағындағы ветеринария саласында қызмет атқарып жатқан барлық жерлестерімізді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Және де аумақтағы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізіп жатқан қызметтеріне толағай табыс тілеймін. Мереке құтты болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.