Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дулати университетінде Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасы ашылды

0 759

Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультеті, Мәдениет және өнер кафедрасында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасы ашылды.

Тұңғышбай Жаманқұлов актер, режиссер, театр педагогы. Өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор. Жамбыл облысының құрметті азаматы. Киелі сахна мен кино әлемінде 50 жылдан аса еңбек сіңірген өнер қайраткері осы уақытқа дейін Абы­­лай хан, Әбілхайыр, Қайырхан, Жә­ні­бек хан, Махамбет, Құнанбай сияқ­ты қазақ тарихында ерекше орны бар тұлғалар образын сомдап, көрер­меннің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Өнер өлкесінде өзіндік ізі бар қайраткер биыл 75 жасқа толып отыр. Саналы ғұмырын қазақ сахнасының өсіп-өркендеуіне арнаған тұлғаны университет ұжымы ерекше құрметке бөледі.

Шеберхананың ашылуына орай поэзиялық композиция ұйымдастырылды. Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов құттықтау сөз сөйлейді.  – Қазақ өнерінің марқасқа азаматы, ұлағатты ұстаз, өнер қайраткері ретінде халық сізді құрметтейді. Өнер жолында ғана емес, білім мен ғылым саласына да елеулі үлес қостыңыз. Дулати университетінде «Актерлік шеберлік» бойынша дәріс оқисыз. Ашылған шеберхана кейінгі жас өнерпаздар, студенттер үшін үлкен мектеп болады деп сенеміз. Дулати университетінде инженер мамандығы бойынша оқып, бірақ басқа салаға кеттім дейсіз. Сіз өнер саласының мықты инженері болдыңыз деп санаймыз. Біз өзіңізбен мақтанамыз,- деді Мұхтар Қазыбекұлы.

Өнер майталманын құттықтау үшін Жамбыл ауданынан, Шымкент қаласынан арнайы келген қонақтар сөз алып, ізгі тілектерін білдірді. Сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер Бекжан Тұрыс өнер қайраткеріне деген жылы лебізін жеткізді. – Туған жеріңіздің адамдары өзіңізді ерекше қолпаштап, құрметтеп жатыр. Осыған қарап жақсы адамның қадірі қашанда биік болатынын, халық өз бағасын беретінін білуге болады. Сізді біз аға ретінде үлгі тұтамыз. Өзіңізге, сөзіңізге, өнеріңізге қарап біз бой түзедік,- деді.

Ақжарқын тілектерге, жылы лебіздерге ерекше ризашылығын айтқан Тұңғышбай Қадырұлы өзіне деген құрмет, өнерге деген құрмет деп түсінетінін айтты. – Өнер жолы да, өмір жолды да қалтарысы-бұлтарысы көп күрделі жол. Осы уақытқа дейін өнер жолында құрмет-қошеметтен бөлек қиындығы да көп екенін көрдік. Шымылдықтың артында небір айтыс-тартыс болатынын да білдік. Бірақ мен  өнердегі адамдар таза болғанын қалаймын. Өткен күнімізге, тарихымызға көп мән беріп, біліп жүрсе екен деймін. Алла берген үлкен сый – қазақтың кең байтақ даласының бағасын, қадірін ұғып, содан ажырап қалмасақ екен деп ойлаймын. Бүгінгі ашылу салтанаты, балалардың өнері үшін ризашылығымды білдіремін. Осы оқу ордасында білім алдым, сондағы ұстаздарыма рахмет айтамын. Мен үшін үлкен ұстаз ол – ұлтымның ұяты, ары, арманы. Осы жолда білім беріп, өнер өлкесінде жол сілтеген барша ұстаздарыма алғысым шексіз, – деп ризашылығын білдірді. Өнер қайраткері университет кітапханасына өзінің бірнеше кітабын, диссертациясын және әндер жинағын тарту етті.

Тұңғышбай Жаманқұлов Мәдениет және өнер кафедрасының студенттерімен бірге  «Өнер адамы» әнін орындады. «Өнер жолында да, өмір жолында да бақтарын жансын» деп студенттерге өз батасын берді.

Іс-шара соңында келген қонақтар, студенттер актермен естелікке суретке түсті.

Гүлбақыт Берікқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.