Қалалық қоғамдық-саяси газет

Достанбаевтың дара жолы

0 2  173

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: ««Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады», – деген еді.

Ал ұлы Абай «Адал еңбекпен мал ізде- мек – арлы адамның ісі» деген екен. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Сондықтан, Президентіміз айтқандай, әділетті Қазақстан және адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс.
Бүгінде адалдық айқын үлгісін көрсетіп жүрген азаматтар арамызда аз емес. Солардың бірі – Тельман Достанбаев. Ол 1932 жылы 20 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында қызметші отбасында дүниеге келген.
1952 жылы Жамбыл қаласында орта мектепті бітіргеннен кейін Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Жданов атындағы Ленинград әскери-инженерлік училищесінің курсанты болып жіберілді. Қарулы Күштер қатары қысқарғаннан кейін демобилизацияланып, 1955 жылы Алматы қаласына Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. 1960 жылы университетті «тарихшы», «тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірді. 1960 жылдың қыркүйегінде Жамбыл қаласындағы кооперативтік училищеде тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.
1962 жылдан қалалық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, Жамбыл қаласының азаматтық қорғаныс штабының бастығы, 1963-1966 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитетінің мұрағат бөлімінің аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. 1966 жылдың қыркүйегінен 1967 жылдың тамызына дейін Қазақстан КП Жамбыл аудандық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, 1967 жылдың қыркүйегінен 1969 жылдың шілдесіне дейін Алматы қаласындағы Қазақстан КП ОК жанындағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, 1969 жылдың қыркүйегінен ЖЖМ бітіргеннен кейін Қазақстан КП Жамбыл облыстық комитетінде дәріскер болып жұмыс істеді. 1974-1976 жылдары Жамбыл қаласы Қазақстан КП Орталық аудандық комитетінің хатшысы, 1976 жылдың қыркүйек айынан бастап Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының «Қазақстан тарихы», «саясаттану» және «әлеуметтану» курстарының оқытушысы.
1982 жылы кандидаттық диссертация қорғап, 1983 жылы 13 маусымда «тарих ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесі берілді. КСРО Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінен 1988 жылғы 23 ақпанда доцент ғылыми атағы берілді. 2005 жылғы 28 маусымда М.Х.Дулати атындағы «Тараз мемлекеттік университетінің құрметті профессоры» атағы берілді.
1993 жылдан бастап зейнеткерлікке шығып, Тараз қаласында жұмыс істеуді жалғастырды. Өзінің 40 жылдық ғылыми-педагогикалық қызметі барысында үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде Қазақстан тарихы, саясаттану және әлеуметтану бойынша 100-ден астам ғылыми мақалалар мен брошюралар жариялады.
Көпжылдық білім беру жүйесіндегі жемісті жұмыс, білікті кадрларды даярлаудағы елеулі үлес және қаланың, облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін Жамбыл облыстық мәслихатының грамотасымен, ТарМУ ректорының Алғыс хаттарымен, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Бесінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының 2012 жылғы 30 қарашадағы шешімімен «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Бақытжан БЕКБОЛАТ,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.