Қалалық қоғамдық-саяси газет

Днепр шайқасының даңқты ері

0 523

Тыныштық, бейбіт өмір – адамзаттың ең үлкен байлығы болса керек. Оны адам баласы әшейінде байқап, бағалай бермейді. 1941 жылдың маусымында басталып, төрт жылға жуық уақытқа созылған Ұлы Отан соғысы кең жатқан Кеңестер Одағына оңай соққан жоқ. Оның ішінде намысы найзағайдай жарқылдаған қазақ халқына жеңіл тимеді. Біздің елдің жігіттері Отан қорғау дегенде басын бәйгеге тігуге де бар еді. Солардың көпшілігі майданнан оралмаса, біразы елге жаралы қайтты. Арасында батыр болып, ерлігіне сай марапатталып оралғандары да болды. Сондай қаһарман ұлдың бірі – Сәду Шәкіров.

Шәкіровтің ерлігі ел есінен кетпейді. Бар болғаны 21 жасында тарихта батырлығымен қалып, «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленді. Әрине, еш азамат батыр болайын, алтын жұлдыз алайын деп соғыспайды ғой. Ал Сәду 1942 жылдың ақпанынан бастап, Ұлы Отан соғысының қанды майданына қатысты. 106-шы Забайкалье атқыштар дивизиясының 188-ші Аргунск атқыштар полкінің бірінші батальонындағы бірінші ротаның қызыл әскері Сәду Шәкіров майданда болған алғашқы күндерден бастап көптеген қиян-кескі шайқастарға қатысып, тапқырлығымен, икемділігімен, ерлігімен өзінің майдандас жолдастарының сүйіспеншілігіне, командирлерінің сеніміне бөленді. Сұрапыл қан майданда хас дұшпандарына қашанда мейірімсіз, Отанның өр намысын өз өмірінен қымбат санаған Сәду азаматтықтың биік шыңына көтеріліп келе жатты.

Қаһарлы жаудың бетін сан мәрте қайтарып, жау бекінісінің артқа қарай жөңкіле қашуына мәжбүр етті. Соғыстың әрбір сәтіндегі Кеңес жауынгерлерінің іс-әрекеті ерлікпен пара-пар еді. Шегіне қашқан жауды өкшелей қуып, талай тосқауылды талқандап жылжыған атқыштар дивизиясы Днепр өзеніне 1943 жылы қазан айында жетті. Арғы жағаға жақсы бекініс жасап алған жау басқыншылары күш жинап алуды көздеп, қарсы шабуылға қатты дайындалып жатқан кез еді. Он бес күнге созылған Днепр шайқасы 15 қазан күні шешуші қимылға көшті. Кеңес әскерлері түн жамылып, қайықтарға қару-жарағын тиеп, өзеннен өте бастады. Солардың арасында қатардағы жауынгер Сәду Шәкіров те бар еді. Су бетіне күндізгідей жарық түсіріп тұрған қуатты ракеталар жау жағынан толассыз атқылап тұрды. Су бетіне түсіп жатқан оқ бейне нөсерлеп құйған жауынды көзге елестетер еді. Сәдудің қолында полктың саяси жетекшісі Григорьевич тапсырған қызыл ту, екінші қолында қару-жарағы жыландай жылжып ағып бара жатқан бөренені ыңғайына алып, жау бекінген жағаға қарай бар күш-жігерімен жүзіп келе жатты. Арғы бетке бірінші болып шыққан Сәду қос гранатаны бірінен соң бірін лақтырып, траншеяны дәл түсіріп, жаудың алғашқы бекінісін алды. Қызыл туды желбірете автоматтан оқ жаудырып, алға қарай ұмтыла берді. Өлім мен өмір арпалысқан шайқаста Днепр жағалауын жаудан азат етті. Командир тапсырмасымен суға жүзудегі шеберлігінің арқасында жалпақ Днепрден үш қайтара өтіп, пулеметшілер мен байланысшыларды жедел жеткізуді ұйымдастырды. Түнгі шабуылды абыроймен жүзеге асырған дивизия жауынгерлері 1943 жылдың 16 қазаны күні таңертең Леованың оңтүстік-батыс жағындағы 138,6 биіктікті басып алуға шабуыл жасады. Саду тағы да ерен ерлік көрсетіп, бірнеше жауды жайратып, биіктікке алдымен жетті. Жетті де, оның төбесіне алқызыл ту қадады.

СССР Жоғарғы Советі Президумының 1943 жылғы 30 қазандағы Жарлығымен Ұлы Отан соғысы майданында неміс-фашист басқыншыларына қарсы жүргізген ұрыстарда жауынгерлік тапсырманы бұлжытпай және ерлікпен орындағаны үшін қатардағы жауынгер Сәду Шәкіровке «Совет Одағының Батыры» атағы берілді.
Міне, өн бойы ерліктен жаралған Сәдудің батырлығы мен батылдығы осындай. Оның батырлығы қазақ даласына, Әулиеатаның әр қиырына аңыз болып тарап жатты. Саду батырдың ерлігі – батырлықтың нағыз үлгісі. Оның батырлық істері жас ұрпаққа қашанда үлгі.

С.Шәкіров ел басына күн туғанда Отанын қорғап, ерлік жасады. Ол – өз алдына бір бөлек жетістігі. Елге оралған соң, өзі жақындатқан бейбіт аясында да еліміздің экономикасы, саяси-мәдени өмірі жандануы жолында аянбай тер төкті. Ол партия саласында бірнеше жауапты жұмыстар атқарды. Шу ауданы, «Дружба» кеңшарында партия комитетінің хатшысы болып ұзақ жылдар еңбек еткені ерекше табысты кезеңдер ретінде үнемі айтылып жүр. Ол уақытта барлық істің үлгілі ұйытқысы – коммунистер. Ал бұл кісі коммунистер ұйымын басқара жүріп те, талай табыстарға, жетістіктерге жетті.

Отбасында да үлгілі әке, адал жар болды. Отанына қалай адал болса, шаңырағына да сондай шуағын төкті. Жұбайы Үмітжанын аялап, еркелетті. Үмітжан екеуі 6 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Өзіңіз ойлаңызшы, майданда қыршын жастар опат болып жатты. Жиырма жасқа да толмай талай боздақтың өмірі қиылғанын Сәду өз көзімен көрді. Майданнан аман оралып, батыр болып оралып, бейбіт күнде қызметке араласты. Бұл мыңдаған жасқа бұйырмаған бақыт еді. Сүйген жары Үмітжанды тапты. Екеуі сонда бір жүрек болып табысқанда өсіп-өнуді, өркендеуді армандаған болар. Он перзент сүйді екеуі.

Сәдудің перзенттеріне деген сүйіспеншілігі өте жоғары болған. Керемет мейірімді әке болған. Ол енді қан майданды көріп, от пен оқ, өлім мен өмір арасынан оралып, бейбіт күннің қадірін білгендігінен болар. Елу жасқа толғанында ол Шу ауданы, Новотроицк селосында (қазіргі Төле би ауылы) өзінің 50 жас тойын жасайды. Сол тойға тұрмыстағы үлкен қызы Алмашайды арнайы шақыру хат жазып шақырған екен. Сол жазуды келістіре кетсек:
«Құрметті Жағыпар, Алмашай!

Уақыт өте тез өтеді екен. Сол уақыт мені елу жасқа алып келді. Жасы үлкендерге іні, кішілерге аға болдым. Дыбыс та жылдам, бірақ оның жылдамдығы мен жетер нүктесінде өлшем бар. Дыбыс жаңғырық береді, оны қайтадан естуге болады. Ал уақыт шексіз, қайта оралмайды. Елу де екінші рет қайта келмейді. Сондықтан бірге келген оны қадірлес достар мен жолдастардың, бірге өскен құрбылар мен туысқандардың басын қосып, дастарқан үстінде атай отырып, өткен күнге шолу, болашаққа бағдар жасау керек сияқты. Сондықтан сол тойға қадірлі қонақ болуларыңызды сұранамын», – деп жазыпты.

Көрдіңіз бе, бұл жерде батыр өз күйеубаласын қалай сыйлап тұр! Қызын есейген адам санатына қосып, қалай бағалап тұр. Сәду туған бауырларымен, қарындасы Күләшаймен де тату болды. Күләшаймен арасы 15 жас. Сондықтан қарындасын еркелетіп, үнемі қабағына қарап отырды. Сәду өлең жазды. Әрине, топ жарған жүлделі жырлар болмаса да, өз жүрегінің лүпілі, әдемі сезімі бар.
Батырдың биыл 100 жылдығы. Сәду батырдың ерлігі, бейбіт күндегі еңбегі ешқашан ұмытылмайтыны анық.

Есет ДОСАЛЫ,
облыстық «Aq jol» газетінің мәдениет және спорт бөлімінің меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.