Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Діни сауатсыздық тура жолдан тайдырады

0 127

Тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ қоғамына бұрын түр-түсін көріп- білмеген талай жат ағым қаптап еніп кетті. «Жәннатқа барудың жолын көрсетемін» деген желеумен қаншама жанның миын улап, жат идеологияның құрбанына айналдырды. Оның соңы қандай оқиғалармен аяқталғанын бәріміз білеміз. Сондай қатерлі ағымның бірі – такфиризм.

Такфиризм – дәстүрлі исламның асыл құндылықтарына қайшы келетін, қоғамның ынтымағы мен бірлігін бұзуға бағытталған радикалды идеология. Бұл ағым – діни экстремизмге бастайтын ең қатерлі соқпақтың бірі. Такфиршілердің басты ерекшелігі – өз сенімін ұстанбайтын мұсылманды «кәпір» деп жариялап, оған қарсы әрекетті «жиһад» деп бұрмалап түсіндіруінде. Олар ата-бабамыздан жеткен асыл дәстүрді мойындамай, мәзһаб ұстанушыларды адасқан деп айыптайды. Құран сүрелерін қабір басында оқу, марқұмға құран бағыштау, Пайғамбар мәулітін атап өту секілді ізгі амалдарды «дінге енгізілген жаңалық» деп теріске шығарады. Мұндай көзқарас – іштей алауыздық тудырып, халықтың рухани бірлігін шайқалтудың ең төте жолы.
Такфиризмнің ең қауіпті тұсы – адамның ең жақын туыстарының арасына сына қағып, оларды бір-біріне жат қылып, жауластыруында. Бұл идеологияға ергендер тіпті ата-анасын да «дінсіз» деп атаудан тайынбайды. Соның салдарынан отбасының берекесі кетіп, ұрпақ ұлттық тамырынан ажырап қалады.
Бұл – діни сауатсыздықтың, рухани адасудың анық көрінісі. Онымен күресу тек дін мамандарының ғана емес, тұтас қоғам мен мемлекеттің ортақ міндеті. Өйткені жат ағымдар – елдің ертеңі болатын жастардың санасын улап, оларды өз ұлтына, дәстүріне, Отанына қарсы қояды. Расында,  Бүгінгі таңда ақпараттық  технологиялар қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл, әсіресе, халықтың ең белсенді және жаңа тенденцияларды қабылдайтын бөлігі – жастарға қатысты екені анық. Олардың көпшілігі үшін ғаламтор түрлі мәселелердің, соның ішінде діни таным туралы ақпараттың негізгі қайнар көзі. Десек те, мұндай қолжетімділіктіңпайдасымен қатар, діни дүниетанымдық көзқарасты қалыптастыруға келгенде өте қауіпті екенін білгеніміз жөн.
Өкінішке орай еліміздің жастары рухани сұрақтарға жауап алу мақсатында, ислам негіздерін үйрену кезінде немесе моральдық нормаларды түсіну үшін интернетке көбірек жүгінуде. Бір қарағанда бұл мақтауға тұрарлық іс. Дегенмен, әлеуметтік желіде көптеген қарама-қайшы пен қауіпті ақпараттар бары анық. Көбінесе шынайы ислам ілімінің атын жамылып, дәстүрлі діни құндылықтарға да, Қазақстанның ұлттық мүддесіне де қайшы келетін радикалды, экстремистік идеяларды жастарға астыртын насихаттайды. Бұл ресурстардың көпшілігі кәсіби түрде әзірленгені ерекше алаңдатады: олар діни терминологияларды пайдаланып, қасиетті мәтіндерге сілтемелер береді және ақпараттарды жастардың көңілін аулайтын мәліметтер ұсынады. Бұл шынайылық иллюзиясын тудырады және діннен хабары жоқ оқырманды жаңылыстырады.
Жасыратыны жоқ, халықаралық террористік және экстремистік ұйымдар интернет пен әлеуметтік желілерді үгіт-насихат және өз қатарына тарту үшін белсенді пайдаланады. Әсіресе рухани дағдарысты бастан өткерген, әлеуметтік мәселелерге тап болған немесе моральды қолдау іздеген жасөспірімдер мен жастар осы ұйымдардың құрығына оңай түседі. Радикалды идеологтар оларға күрделі сұрақтарға қарапайым жауаптар ұсынады, мұндай методика жастарға ұнайтыны анық. Елімізде жас азаматтардың экстремистік пиғылдың ықпалына түсіп, шетелге қарулы қақтығыстарға қатысуы немесе ел аумағында заңсыз әрекеттер жасау жағдайлары болғаны баршамызға мәлім. Бұл қайғылы оқиғалар жастарды радикалды ақпарат алаңымен жалғыз қалдырудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді.
Жастардың зиянды діни идеологияларға бейім болуының басты себептерінің бірі – діни-рухани сауаттылықтың төмендігі. Көптеген жастар дәстүрлі ислам мен деструктивті ағымдарды ажырата бермейді. Олар алған ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдауды білмейді. Қазақстанда мемлекет Ислам дінінде Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенімін діни сананың тарихи қалыптасқан нысандары ретінде ресми түрде мойындайды. Алайда радикалды уағыздаушылар діни догмаларды бұрмалап, жергілікті дәстүрді, мәдениет пен заңды теріске шығарып, жастарды қоғам мен мемлекетке қарсы қоядытын жағдайларды кездестіреміз.
Біріншіден, діни сауаттылықты арттыру керек. Мектептер мен университеттерде дінтану, дінаралық диалог мәдениеті және сыни тұрғыдан ойлау бағдарламаларын енгізу керек. Бұл жастардың деструктивті идеяларға қарсы күшті иммунитетін қалыптастыруға көмектеседі. Екіншіден, мамандар, теологтар, имамдар шынайы ақпаратпен бөлісетін ресми және қолжетімді интернет-ресурстарды дамыту қажет. Бұл ресурстар мазмұнды ғана емес, сонымен қатар презентацияда заманауи болуы керек: көрнекі тартымды, интерактивті, жастар аудиториянсының қабылдауына бейімделген. Үшіншіден, Қазақстанның дін қайраткерлері мен рухани жетекшілері интернетте белсендірек болуы керек. Жастар дәстүрлі исламның ескірген нәрсе емес, мемлекетті, заңдарды, қоғамды құрметтейтін өміршең, дана, адамгершілікке негізделген сенім екенін түсінуі керек. Сондай-ақ, біз отбасының маңызды рөлін ұмытпауымыз керек. Ата-аналар балаларының қандай сайттарға кіретініне, интернетте кіммен сөйлесетініне, олардың қандай көзқарастары қалыптасып жатқанына қызығушылық танытуы керек. Балалармен сенімді диалог құру, руханилыққа, сыйластыққа, мейірімділікке, отансүйгіштікке негізделген құндылықтарды қалыптастыру маңызды.
Интернет желісі пайдалы және қауіпті болуы мүмкін қуатты құрал екені мәлім. Әсіресе дін мәселесінде. Қазақстан жастары деструктивті идеялардың ықпалынан қорғалуы керек, ал ол үшін қажетті жағдай жасау – бүкіл қоғамның міндеті деп санаймын. Тек білім арқылы ғана радикалды көзқарастардың таралуына тосқауыл қойып, фанатизм мен дұшпандық емес, сенімі бейбітшіліктің, ізгілік пен отансүйгіштік бастауы болатын ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет.

Мадияр УАҚАСОВ,
теолог

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.