Қалалық қоғамдық-саяси газет

Діни радикализмнің жастар санасына әсері

0 336

Қазақтың көрнекті қайраткері Ғабиден Мұстафин: «Ұрпағыңды өмірге әкелген екенсің, оны баули да біл!» – деген қанатты сөз айтқан. Әрбір елдің, халықтың болашағы жастар екендігінде дау жоқ қой. Олай болса, біздің жастарымыздың ахуалы қандай, олар немен шұғылдануда, теріс ағымдардың қармағына ілініп, адасып жүрген жастарымызға қалай жол сілтейміз? Міне, бұл сұрақ көзі қарақты әрбір азаматты мазалауы тиіс.

Ғасырымызда адамзат қоғамының даму көрсеткіштерінің бірі саналатын ақпараттық технологиялардың дамуы қарқынды орын алуда.
«Өнер білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден
Көзіңді ашып-жұмғанша
Жылдам хабар алғызды», – деген Ыбырай Алтынсарыұлының өлең жолдарын бейне бір осы заманға айтылғандай десек болады. Соған байланысты интернет пен әлеуметтік желілер бүгінде өміріміздің бір бөлшегіне айналып кетті. Барлық ағайын, доспен сол желілер арқылы байланысып, ақпараттарды да сол желілер арқылы білетін халге жетіп қалдық. Тіпті онсыз өмір сүре алмастай күнделікті әрекеттеріміздің бір бөлшегіне айналды. Осы желілердің көптеген игіліктерімен қатар зардаптарын да тарта бастағандаймыз. Оның басты зардаптарының қатарына уақыттың шектен тыс зая кетуі, жас балалар мен жас өспірімдердің тәрбиесі мен ойынының әлеуметтік желіге ауысуы, жастардың ақпарат пен мәлімет көзі ретінде орынды-орынсыз пайдалануы десек артық айтқандық болмайды.
Ал сол әлеуметтік желілерді қазір өте ауқымды пайдаланатындардың жастар екендігін назарға алсақ, мәселенің өзектілігі арта түсері сөзсіз. Өйткені радикализм, теріс ағымдардың торына түскендердің көпшілігіне осы әлеуметтік желілер себепші болуда. Мұндай заманда сауаптың да, күнәнің де еселенуі осы желілерге байланысты болып отыр. Сауаптың да, күнәнің де деуіміздің себебі – әлеуметтік желілер арқылы қаншама жақсылықтар да жасалуында. Құран Кәрімде: «Кімде-кім жақсы бір іске дәнекер болса, соның сауабынан үлес алады. Ал кімде-кім бір жаман іске себепкер болса, оған да жамандықтан үлес бар. Алланың барлық нәрсеге құдіреті жетеді», – («Ниса» сүресі, 85) делінеді. Міне, бұл қағиданы қазір әлеуметтік желіге қатысты қолдануға болады деп ойлаймыз.
Қадірлі ағайын!
Қазіргі әлемдегі проблемалар бұрынғы кезеңдердегі мәселелерден ауқымдырақ, әрі күрделірек болып табылады. Олай болатын себебі – қазіргі заманда әлемдік деңгейде жаһандану үрдісі бар қарқынымен жүріп жатыр. Кейбір елдер дараланып өмір сүру формасын ұстанғанымен, әлемдік үрдістерден ешкім де шет қалмақ емес. Осы орайда жаһанданған әлемдегі діни үрдістер де бұрынғыдан өзгерек. Ал осы ағысқа бәрінен бұрын жастарымыз ұрынып жатыр.
Құрметті жамағат!
Қазір жаһандануды өздеріне мүмкін-шілік санайтын, жаһанданудың барлық тетіктерін пайдаланып, өздеріне жақтас жинаумен айналысатын, тіпті белгілі бір саяси мүдде үшін діни көзқарастарды жамылған ағымдар қарқын алды. Соның ішінде салыстырмалы түрде қарқынды таралып отырған ағымдар бар. Мысалы, исламдық бағытта Уахабилік-сәләфилік иделология болса, Христиандық бағытта протестанттық ағымдар болып саналады. Зерттеу нәтижелеріне қарайтын болсақ, рaдикaлды идеологияны қaбылдaуғa, діни-сaяси экстремизмді тaрaтуғa әсер ететін экзогенді және эндогенді факторлар бар. Діни идеялaрдың тaрaлуындaғы экзогенді фaкторлaр ретінде мына жағдайларды негізге алуға болады:
Біріншіден, діни-сaяси экстремизм мен терроризм және жат ағым идеялaрының әлеуметтік желілер, кітaптaр, журнaлдaр, aудио-бейнежазбалар aрқылы тaрaлуы қарқынды жүріп жатыр. Интернеттің барлық мүмкіншіліктерін игерген жат ағым өкілдері өздерінің пікірлерін әрбір мүмкін жағдайда тықпалауды жақсы игерген. Тіпті өзгенің интернет адресін ашу барысында, автоматты түрде басқа мәліметтер ашылатындай етіп немесе қандайда бір іздеу жүргізгенде алдымен өздерінің сілтемелері ашылатындай етіп орналастыруға машықтанған.
Екіншіден, әлемдік держaвaлaрдың өздерінің геосaяси мүдделері үшін әлемдегі басымдықтарын ұстап тұруға немесе ұлғайтуға бағытталған шаралары. Қазіргі кездегі діни-саяси экстремизм мен терроризмнің астарында жатқан мәселенің бірі осы екендігіне ешкім күмән келтірмейді.
Үшіншіден, әлемдік деңгейде табиғи ресурстaр үшін күрестің өсуі, шешілмеген әлеуметтік-экономикaлық мәселелер, экономикaлық дaғдaрыс сaлдaрынaн туындaғaн жұмыссыздық, мемлекетaрaлық қaйшылықтaр, т.б. бұл үрдісті жеделдетіп отыр. Осының дәлелі ретінде осы күндерде елімізде болған оқиғаны айтуға болады. Еліміздегі қымбатшылықты негізге алған халықтың наразылығын өз мүдделеріне пайдаланған астыртын топтар адамгершілік пен ұлттық, саяси, өркениеттік құндылықтардан жұрдай күйде еліміздің көптеген қаласында ылаң салып, қаншама сақшыларымыз бен сарбаздарымыздың және бейбіт азаматтардың өлімі мен қыруар материалдық шығынға батырды. Бұл жайт біз айтып отырған шынайы адамгершілік пен діни-рухани жетілудің қажеттілігін айғақтайды.
Жат ағымдардың пікірлерінің таралуындағы эндогенді факторлардың да маңызы жоғары. Бұл факторлардың ең басында еліміздегі «дінге бетбұрыс» үрдісінің қарқынды болуы. Әсіресе жастардың үлесі басым. Жaстaр aқпaрaттaрды интернеттен aлaды. Aл Қaзaқстaндa тұрғындaрдың жaртысынaн көбі ғaлaмтор aрқылы «өз бетімен білім aлумен» aйнaлысaды. Екіншіден, нарықтық замандағы ішкі қайшылық, өмірге көзқарастың өзгеруі, адамдар арасындағы әртүрлі өмір салты да жастарды жаңа ізденіске итермелейді. Қазіргі адамдардың басым көпшілігі тез арада көп жалақы немесе қысқа мерзімде әл-ауқатын жақсартудың ізденісі үстінде. Ал материалдық тұрғыдан қол ұшын беруге бейім тұратын ағымдар осы кездерде жастардың қасынан табылып, оларды тез баурап алады. Үшіншіден, бұл жaғдaйғa сонымен қaтaр адамның психикалық күйі де әсер етері анық. Дін – сенім. Ал әрбір адам сенімсіз өмір сүре алмайды. Ал жүрекке орныққан сенім адамның өмірінде көбінесе айқындаушы, бағыттаушы қызмет атқарады. Басында дұрыс сенімге ниеттеніп, теріс көзқарастарды бойына сіңірген адам ол сенімдерінен оңайлықпен арыла алмайды, оның үстіне жамағат психологиясы оларды жеке тұлға ретінде ойлануына мүмкіндік бермейді. Ал ағымның ішіне түскен адам сол ағымның ағысынан шыға алмай, өзінің қалауынша емес, ағым жетекшілерінің нұсқауынша өмір сүруге дағдыланады.
Қазіргі адамдардың қажеттіліктерін іздеу ауқымы кеңейген. Әлемдегі құбылыстар мен оқиғалар қас қағым сәтте таралып, әлемнің қай түкпірінен болсын байланысқа шығу, «достасу» қарқыны күшейген. Адамдар өздерінің өмірлерін әрдайым басқалардың өмірімен салыстыруға бейім. Осындай жағдайда «жақсыны» іздеу үрдісі белең алуда. Ал азаматтар көп жағдайда жақсыға ұмтылу барысында жаһандық саясаттың құрбанына айналғандығын тым кеш түсінеді.
Қадірлі жақсылар!
Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген қанатты сөз бар. Бұл жастардың, жасөспірімдердің, тіпті жаңа туған сәбилердің шамадан тыс желіге құмар болуын бақылауға алған абзал. Олай болмағанда, кейін өкінер сәттер көп болмақ.

Лес АСЛАН,
Тараз қалалық «Әулие ата» мешітінің наиб имамы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.