Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Діни экстремизмнен келер қауіп көп

0 131

Діни экстремизмнің себептерінің бірі – діннің мақсаты мен мәні туралы толық және сенімді білімнің болмауы. Жалпы, дін туралы айтқанда адамдардың Жаратушы мен адам арасындағы қатынас немесе ерекше тылсым күштің барлығын мойындауы туралы ой келеді. Соңғы кезеңдерде дін туралы әңгіме, өкінішке қарай, көбінесе діни экстремизм мен терроризм төңірегінде айтылатын болды.

Экстремизм – адамның басқа түсініктерді, сенімдерді, дәстүрлер мен құндылықтарды қабылдамауға түрткі болатын сенімдер мен шектен тыс радикалды (белгілі бір көзқарасты бұлтартпай ұстану, тек соны ғана жақтау) көзқарас жолын ұстануы. Мұндай көзқарас белгілі бір діни идеологияға және белгілі бір доктринаны түсіндіру туралы өте радикалды және фундаменталистік көзқарастарды ұстанумен ерекшеленетін діни ағымдарға жататын адамдарға тән. Белгілі бір діни идеология мен қызметке негізделген, қоғамға енуге ұмтылған немесе қолданыстағы діни дәстүрлерді түбегейлі өзгерту, тіпті жою мақсатында олармен бітімсіз қарсыласуға яғни зорлық-зомбылық көрсетуге, билікті күшпен басып алуға, мемлекеттік жүйені күштеп өзгертуге дайын тұру.
Діни экстремизмнің негізі – демагогиямен ұштастырылған қатыгездік пен агрессивтіліктің шектен тыс көрінісі. Бұл діни бірлестік ішіндегі шиеленістің күрт өсуіне ықпал етеді. Қазіргі кезеңде діни экстремизм жалған діни идеология ретінде пайда болып, қоғам мен жеке адамдардың өмірін және бүкіл әлемді қайта құруға тырысады.
Осы мәселені зерттеуші ғалымдар діни экстремизмнің интеллектуалды, саяси, психологиялық, діни, әлеуметтік және саяси себептері барлығын дәлелдеген.
Діни білімнің мүлде болмауы жай өзімшілдік пен азғындыққа апарса, ал шала діни сауаттылық көбінесе экстремизмге соқтырады. Себебі адам өзінде терең діни білімі бар екеніне сенімді болады, ал оның түсінігі өте үстірт және жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай жалған білім ақиқатқа жеткізбейді, туындаған мәселелер бойынша дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде адам көбінесе діннің негізгі мәніне емес, керісінше сыртқы әдет-ғұрып, құлшылық сияқты міндеттерге назар аударады. Өзінің нақты позициясы болмағандықтан ол діни ақиқат ретінде басқа адамның пікірін қабылдайды, берілген мәліметтерді сыни тұрғыда анықтай алмайды, фактілерді қарапайым болжамдардан бөле алмайды. Діннің мақсаттары мен ішкі ілімдік жүйесін дұрыс түсінбеу діни білімнің таяздығына және деструктивті сипаттағы ашуланшақтық, агрессивтілік, ғайбат айту, тәкаппарлық, күдік келтіру, жеккөрушілік белгілердің пайда болуына ықпал етеді.
Діни экстремизм насихатының ерекше белгісі төзімсіздік пен қаталдық деп атаған жөн. Бұл кезде адамды көз жұмып тек өзінің наным-сенімін ұстануға мәжбүр етеді және басқа адамдардың мүдделері мен нақты жағдайларды ескеруге жол бермейді. Мұндай қатынас сұхбат құруға және даулы мәселелер бойынша көзқарастарды объективті түрде салыстыруға жол бермейді. Діннің мәні мен мақсаттарын бұрмаланған моральмен (тәкаппарлық, агрессивтілік, өзін-өзі ұстай алмау) ұштастыра отырып, біртұтас және терең түсініктің болмауы туындаған мәселелерді шешуде теңдестірілген және бейтарап тәсілден бас тартуға әкеп соғады. Бұл жердегі діни фанатизм өзара түсіністікке елеулі кедергі келтіреді, өйткені екі жақ та қалыпты позициялар ұстанған жағдайда ғана келісімге келуге болады. Бірақ екінші жақтың қарсылығына тап болған экстремист оған шынайы діни қағидаларды түсінбеу, сенім негіздерінен ауытқу және тіпті күнәкарлық бойынша айып тағады.
Жалпы, лаңкестік, терроризм – саяси-әлеуметтік себептерге байланысты жеке адамға, көпшілікке немесе мемлекетке қысым жасау, үрей туғызу мақсатында қасақана жасалатын қылмыстық іс-әрекет.
«Діни терроризм» тіркесі саясаткерлердің сөйлеген сөздерінде, бұқаралық ақпарат құралдарында және ғылыми зерттеулерде жиі кездеседі. Халықаралық терроризмнің толқындық даму тұжырымдамасының авторы, терролог Дэйвид Рапопорттың айтуынша, оның қазіргі төртінші толқынының негізгі қозғаушы күші – діннің күші. Бұл толқынның көтерілуінің ең айқын көрінісі 2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-тағы террористік актілер болды. Оны «Аль-Каиданың» басшылары «Манхэттенге жорық» деп атап, арабтардың халифат құру идеясымен байланыстырды. Өз кезегінде президент кіші Джордж Буш осы оқиғалардан кейінгі сұхбаттарында террористердің әрекеттерін «зұлымдықтың жаңа түрі», ал өздерін «зұлымдық жасаушылар» деп бірнеше рет атай отырып, антитеррорлық дискурсқа теологиялық элемент енгізді. 2002 жылы бұл көзқарас халықаралық саясатқа қатысты болды. АҚШ-тың айтуы бойынша, терроризмге демеушілік көрсеткен немесе жаппай қырып-жою қаруын жасаушы «зұлымдық осінде» Иран, Ирак, Солтүстік Корея мемлекеттері тұр деп есептеді.
Осы айтылған оқиғалардың бар себебі кейбір адамдардың діндегі жиһад, шахид, халифат ұғымдарын өздерінің мүддесіне сай түсіндіріп, қоғамда іріткі салып, мемлекеттік жүйеге қарсы іс әрекеттер ұйымдастырып, әртүрлі ұлт пен дін өкілдерінің арасында қақтығыстар тудыруда.
Халықаралық терроризм – қазіргі өркениетке ең қауіпті қатерлердің бірі. Бұл құбылысты жоюдың жолдарын халықаралық қауымдастық әлі де анықтап жатыр. Терроризмнің таралу ауқымы ерекше сипат алды, әлемдегі ешбір ел өз аумағында террористік актілердің жасалмауына толық кепілдік бере алмай отыр. Осыған байланысты бұл мәселені ғаламдық сипатқа ие деп қарастырып, соған сәйкес онымен күресу жолдарын ұйымдастыру қажет.

Аспандияр ДЕМЕСІН,
Тараз қаласы полиция басқармасы
экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастығы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.